Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Баршаға мәлім, әлемге әйгілі Титаник кемесі теңіздегі мұзтауға соғылып, бірнеше сағаттан кейін су түбіне кетеді.
Сондағы жан сақтап қалған жолаушылардың естеліктерінде: «Бұл кеме ешуақытта батпайды!», «Қайдағы жоқты айтпаңдар, мұндай ғаламат кеме әсте теңіздің түбін көрмейді!» деп кеменің соғылғанына, кеменің суға батып бара жатқанына қарамастан, ешкімге сенбей, өз орындарынан қозғалмаған адамдардың болғанын айтады.
Ол-ол ма, алыс сапар алдында тұрған Титаник кемесіне отбасымен мінген Сильвия Колдуэллге экипаждың бір мүшесі: «Бұл кемені Тәңірдің өзі де суға батыра алмайды!» деген көрінеді.
Қазіргі ғылым өз беделіне тым сенімді, тіпті «кемесі суға батып бара жатқанын да» байқамайтын адамдарды «Титаник синдромына» шалдыққандар дейтін болды. Бұл синдромның жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға да қатысы бар.
Шынтуайтына келгенде, барлық мәселе адамнан бастау алып, адаммен аяқталады емес пе?! «Сіздер қандай болсаңыздар, солай басқарыласыздар» демеп пе еді пайғамбар.
Осман мемлекеті ыдыраудың алдында тұрғанда, ІІ-ші Абдұлхамит патша туралы жас белсенділермен пікір таластырған ханзада Сабахаттин: «Абдұлхамит хан да – өзінің замандастары мен қоғамның өнімі. Қоғамды өзгертпей, патшаны тақтан құлатқандарыңмен орнына дәл сондай патша келеді» деген екен.
Патша былай тұрсын, бір мекеменің басшысы ауысқанда да осыған көз жеткізетініміз рас. Ал жалпы алғанда, бүгінгі шығыс әлемінің осал тұсы да осы болса керек.
Адамның түбіне жететін – «не де болса бұл кеме батпайды» деген синдром. Әйтпесе, талай империялар, атлантидалар тарих қойнауына кетті емес пе?! Ойлап қараңызшы, арғы-бергі кезеңде өмір сүрген перғауындар мен патшалардан, алыптар мен алпауыттардан не қалды? Солардың барлығы бір күнде музейдің экспонаттарына айналды ғой.
Таңымыздың атып, күніміздің батқанына шүкіршілік етеміз. Дегенмен, ертеңгі күні де дәл бүгінгідей керемет күй кешіп, бейбіт, жайбарақат өмір сүре беретінімізге кім кепіл?
Жалғыз жаратқаннан ғана қайыр тілейтініміз міне, осыдан ғой.
Мәлік Отарбаев
"Бір қайыры бар дүние" кітабынан