Чеголтаевтан ұят болмасын!

Oinet.kz 23-09-2019 1116

Screenshot_7.jpg

1986 жылдың мамырының аяғында карантин бітіп, әскери ант беріп болған күннің ертеңіне өз әскери взвод, рота, батальондарымызға бөліндік.

Үш жас жауынгер 3-артилериялық батерияға түстік.

Бізден бұрын отыз солдат бар екен. Енді отыз үш жауынгер болдық. Он үші бір жарым жыл әскерде болғандар екен. Сержантымыз осетин Тотров. Оның да соңғы жарты жылы қалған. Жан-жақты білімді және әділ жігіт.

Жалпы жиырмашақты ұлттан құралған екенбіз.

Әскерде күнделікті фамилиямызды қайталай береді. Сондықтан аттары емес көбіне фамилиялары есте қалады.Барғаннан маған көмектесіп, кей нәрселерді үйреткен Чеголтаев болды. Өзі қырғыз. Бізден бір жыл бұрын әскерге келген. Жақсы жігіт. Сәл жуас көрінеді. Бірақ өз орнын біледі. Әңгімені де біраз айтады.

Қол боста ауылды т.б әңгіме етеміз. Бірде Чеголтаев ауылында бір мінезді ақсақалдың "қазақтар маңқа болады"-дегенін айтып қалатыны аузынан шығып кетті.

Менің ашуланғандықтан ба, даусымды көтеріп:

-Қазақстанның жер көлемін білесің бе?

-Жоқ.

-2 миллион жеті жүз мың квадрат километрден көп. Ал қырғыздікі 200 мың квадрат километрге де жетпейді. Демек қазақтың жері қырғыздікінен 13-14 есе көп.

-А...

-Оның үстіне пайдалы қазбадан біз Ресейден кейін екінші орындамыз. Қырғызстан одақтың ондығына кірер-кірмесі белгісіз.

-Е...

-Сонда қырғыздан жүздеген есе бай жерді ұрпақтарына мұра қып қалдырған қазақтың "маңқа" болуы мүмкін бе?

-Жоқ.

-Ұлы отан соғысын алайық. Қазақ тоқсан алты "Совет одағының батырымен" алтыншы орында тұр. Қырғыз ол жағынан жиырмалыққа да кірмейді.

-Рас па?

-Рас. Мұның бәрі "Ленин бөлмесіндегі" кітапта тұр. Қазір-ақ көрсең болады.

-Жақсы.

-Сонымен ауылыңдағы қиқар шал қателескен. Дәлелсіз сөйлеуге болмайды ғой.

-Ия. Ол шал өзімшіл біреу еді. Өтірік айтқан. Өзімде қазақтың маңқа баласы түгілі жуасын көргем жоқ.

Сен көңіліңе алма. Мен көп әңгіменің бірін айтпай-ақ қоюым керек еді. Ғафу өтінем-деді.


Өткен жылы көршім Бішкекке "Дордай" базарына барыпты.

Сонда бір қырғыз:

-Бабаларымыз кейде "қазақ маңқа халық"-дейтін. Сол рас сияқты.

-Аузыңа қарап сөйле!

-Менің аузым емес, ойым да дұрыс. Өзің ойлап көр. Қазақстанда бүкіл Менделеев таблицасы бар. Бізде азғана.

Сіздердің байлықтарың бізден жүздеген мүмкін мыңдаған есе көп. Бірақ соның бәрі талан-таражға салынып жатыр.

Ондай байлықтың бір бөлігі болса, біздің халық Эмираттан да артық тұрар еді.

-Оның жөн-депті көршім.

-Сендер байлықтың бәрін жемқорларға талатқандарың аздай, болашақ ұрпақтарыңды да косьякқа кіргізіп жатсыңдар. Дымы жоқ Қырғызстанның сыртқа қарызы екі миллард, бай Қазақстанның шет елдерге қарызы 170 миллард доллардан көп. Қазақ маңқа болмаса осыған жол береді ме?

Көршім ұялғаннан аузымнан сөз түспей қойды"-деген болатын.


"Батыр" демекші осыдан он бес жылдай бұрын қазақтың мақтаулы қайраткерлерінің бірінің кабинетінде болдым. Артында қабырғада дулығалы бір батырдың портретін іліп қойыпты.

Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жүздей батырды естуім бар. Соның бірі болар, ол кезде суретке түсіру жоқтығын ескеріп. "Қайсы батыр"-екенін сұрадым. Ол мен естімеген біреудің атын айтты.

Мен ол батырдан хабарсыздығымды білдірдім.

Ол болса, " әр рудың ақын-жазушылары өзіне жақын рулардың батырларын санамалай берген. Бізде ондай адам болмаған. Мен атамды енді қолға алып жатырмын. Портретін жасаттық. Газеттерге мақала беріп жатырмыз. Жарнамасы аздау. Бірақ көбейтеміз. Мүмкін менің бабамдай қазақта батыр болмаған шығар?"

Сол кезде қайраткердің алты жасар ұлымен әйелі келді.

Мен баланың жасын сұрап, денесінің ірілігіне риза болып ем. Ағамыз желпініп алды. "Батырдың тұқымы оңай ма? Өзімде мықтымын. Біз мықты батырдың текті тұқымынанбыз."


Сол кезде мені алып кетуге тиіс танысым машинасымен келгендігін телефон арқылы айтты. Асығыс шығып кетуге тура келді.

Кейін ол ағамызды кезіктірген жоқпын. Бірақ газетке, теледидарға шығып желпіп отырады. Екі сөзінің бірі елбасыға разылық. Фейсфукте биліктің құйтырқылықтарын жазғандарды "сабырлыққа" шақырып әлек.

"Батырдың тұқымының" тағы бір қылығы өзінен шенділерге жағымпаздана жөнелетінін сол әлеуметтік желілерден көріп жүрміз.


9-маусымда елімізде сайлау боп өтті. Ол күні түнгі он бір жарымға дейін сайлауда бақылаушы болғам. Үйге келген соң да көпке дейін ұйықтай алмадым. Көп облыстағы "Қосановты қолдау" уатсап топтарына кіріп алғам. Өз учаскеміздегі

сайлау қорытындылары жазылған протоколды уатсапқа салып жатырмыз.

Көбіне Қосанов айқын басымдылықпен жеңгені білене бастады.

Маңғыстаудағы кей сайлау учаскелерінде Әміржан тоқсан пайызбен ұтқан. Біраздан соң қуанышымыз су сепкендей басылды.

Сөйткен Қосановымыз сайлау нәтижесі шықпай тұрып, Тоқаевты құттықтады. Бұл таза сатқындық.

Содан ұйқы жоқ. Мамырда ұстазым Жасарал ағаның өзі "Қосановты қолдағаным үшін" ренжіген. Оларға "бұл шанс" тұрғысында дәлелдемек болғам.


Сөйтіп, 10-маусымның таңертеңі. Бір-екі сағат қана ұйықтағандықтан басым айналып тұр. Төрт жылдан бері миыма қан жетпейтін диагнозбен, дәрілердің көмегімен жүргем. Аз ұйықтасам айнала беретін әдеті.

Бүгін түскі он екіде Алматының ескі алаңында митинг екені есіме түсті.

Дереу киініп жатырмын.

Бір ойым қылмаң етті. "Алдеке, барған соң басың бұдан қаттырақ айналса, мас адамдай тәлтіректеп жүрерің сөзсіз. Ондайды біреулер смартфонға видеоға түсіріп ап, "митингіге шыққандардың сыйқы осы"-деп масқара қылуы да мүмкін ғой.

"Жоқ. Баруым керек. Ең болмаса қара көбейтіп шетінде жүрермін"-деп туфлиімді кие бастадым

Тәлтіректеп бара жатқанда ойыма "Қазақтарым, жүз мыңдап митингіге шықса екен. Чеголтаевтан ұят болмасын!"-деген ой қылаң берді.

Алданзар Жайлыұлы

Сурет интернет желісінен алынды

​Кореяда жұмыс істейтін қазақтар айына 2 млн теңгеге дейін табыс табады
Титаник синдромы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу