Адам өмір бойы тәрбиеленеді
Адамзат алдында тұрған ұлы мұрат,міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу.
Тәрбие - өмірдің өзі сияқты күрделі де көп қырлы. Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие жұмысына байланысты болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды міндеттейді. Осыған байланысты оқу орындарының алдына қоятын ең басты мәселенің бірі- өркениетті, прогресшіл бағыттағы азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ана тілін жоғалтпаған, өзге тілдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын терең білімді бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Адам өмір бойы тәрбиеленеді. Оқу орындарында тәрбие оқытумен бірге жүргізіледі. Оқыту үрдісінде білімгер оқу әрекетімен шұғылданып, теориялық ойлауға икемделеді, білімді өзі меңгеруге мүмкіндік алады. Оның оқуға деген ынтасы қашан да ұстаз еңбегі арқылы жүзеге асады. Бала тәрбиесінде ұстаз бен ата-ананың орны бөлек. Ұстаз бен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана тәлім-тәрбиелік жарасымдылық үйлесім табады. Қай халық болмасын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. «Отан отбасынан басталады» демекші, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге бірге атсалыссақ алар асуымыздың биік болары сөзсіз.
Тәрбие беруде белгілі дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Тәрбие-халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы.
Сапалы білім беруді ұлттық тәлім-тәрбие ісімен ұштастыра жүргізуді-бүгінгі отандық педагогиканың алтын діңгегіне, оқу орындары жұмысының тірегіне айналдыру баршамыздың міндетіміз. Өскелең ұрпақты отаншыл азамат етіп тәрбиелеп, өз күш жігері мен білім-біліктілігін өзінің жеке өмірі мен қоғам игілігіне пайдалануға баулу егемен еліміздің кемел келешегі үшін тиімді болмақ.
Меруерт Базарбайқызы,
Түркістан медицина колледжінің кітапханашысы
Мұрағаттан, 2016 ж