Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Бір отбасының он екінші, кенже перзентімін. Балалығым өткен қара шаңырақ Солтүстік Қазақстан облысындағы ерке Есілдің жағасындағы, айналасын жеті көл қоршаған, шөбі шүйгін, бидайы бітік, топырағы құнарлы, аққайыңдары жайқалған Тауағаш ауылында. «Аққайыңдар әлемінің аппақ қызымын» деп жиі айтуымның себебі осыдан. Солтүстік Қазақстан облысы десе көпшіліктің көкейінде «орыстанып кеткен» деген пікір тұратыны жасырын емес. Алайда айтыңыздаршы, орыстанып кеткен өлкеден Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов секілді қазақтың қаймақтары шығар ма еді?!
Әкем Тұрғынбек Шаяхметұлы қарапайым ғана мамандық иесі болғанымен, бойындағы асыл қасиетімен, бекзаттығымен ел-жұртқа сыйлы, қадірлі азаматтардың бірі еді. Ақындыққа әуестігі болған. 72-ші жылдары әкеміз қатты сырқаттанып қалады. Сонда науқастығын ешкімге білдірмей, жарына, балаларына айтар өсиетін ақ қағазға жазып жүре беріпті. Құдай қолдап, жаман дерттен құлантаза айығып шыққан ол бір күні анамды көл жағасына ертіп келіп: «Дарикош, менің сендерге қиын күндері жазған өсиетім бар еді. Көрер жарығым әлі де бар екен, дерттен құтылдым. Сондықтан мұның енді қажеті болмас. Ауыр естеліктердің алдағы өмірімізге қара дағын түсіргенін қаламаймын» деп өлеңмен жазылған өсиетін өзенге лақтырып жіберіпті. Дегенмен менің он екі жасымда тағдыр бәрібір ауыр дертке шалдыққан әкемізден ерте айырды.
Сүт кенжесі болғасын мені ерекше жақсы көрді. Көңілім жабығып тұрса қалтасынан дереу кәмпитін шығарып, айналаны жадыратып жіберетін. Мыңдаған малы болмаса да, рухы бай болған әкеміз газет-журналды жинап жүретін. Балаларының газет оқып отырғанын көрсе қуанып қалатын. Әкемнің томаға тұйық мінезі болды. Көбінше оны ашуландырмауға тырысатынбыз. Дастархан басында түгел ас ішіп отырғанда темір тәрелке мен қасықтың дыбысы естілмейтін.Бүгінде көзі тірі, бала-шағасының қызығын көріп жүрген анам Дариға Сембайқызы бізді әкеміздің жоқтығын білдірмей өсірді. Мектепті үздік бітірген оның жоғары мамандық иесі болуға мүмкіндігі болды. Еңбекте озат, сөзі өтімді анам қарапайым сауыншыдан депутаттыққа дейін қол жеткізді. Одан да биік белестерді бағындырар еді. Алайда ол әкемнің алдына түсіп, өзін биік көрсетуді артық санағанын кейіннен түсіндім ғой. Қазір мен үшін қымбат қара шаңырағымда анамызды алақанына салып, қойдан да жуас Нұрлан деген ағам бас-көз болып отыр.
Мен үшін қара шаңырақ қандай қымбат болса, білім берген интернат та сондай қымбат. Себебі балалық шағымның көбі интернатта өтті. Озат, алғыр, сұрақты көп қоятын мазасыз оқушы болдым. Сондай-ақ өте намысшыл едім. Біреу менен сабақты жақсы оқып келсе «ол менен неге озып кетуі керек?» деген ой туындайтын. Мұғалім бірде үйге шығарма жазып келуді тапсырды. Түні бойы көз майымды тауысып тапсырманы орындап келдім. Сабақ үстінде сыныптасым шығармасын оқып жатқан. Сөз ішінде «аққайыңның бойындағы қатпарлары әжемнің әжімдеріндей» деген теңеу оқып қалды. Мына керемет теңеуді естіген соң ол неге менің ойыма оралмаған деп шыр-пыр болып, түнімен еңбектенген шығармамды жыртып-жыртып тастадым. Мектепті алтын медальға бітіруден де осы мінезімнің кесірінен айырылып қалдым.
Кітап оқудан алдыма жан салмадым. Әсіресе, оқыған шығармадағы кейіпкерлерді алып, өзімше оқиға құрайтынмын. Махаббат хикаяларын ойдан шығарып, майын тамызып айтқанда құрбыларымның көзінен жас деген пора-пора болып ағатын. Осы кітапқұмарлығым адам болып қалыптасуыма, өміріме, өнеріме пайдасын көп тигізді.
Мұрағаттан, 2016 ж