Есей Жеңісұлы. Нағып бос отырсыз?

Oinet.kz 17-07-2019 1306

Screenshot_12.jpg

Селфилетейін бе – екінің бірі солай етеді. Оның үстіне, өңкиген түрімді, қазанбасымды, «парасатқа толы» көздерімді, бозбала шақтағы безеулердің «бомбасынан» бұжырланған бетімді күн сайын жұрт талқысына салып, басылған лайктерге мәз болып, жын қаққандай өзімнен-өзім күліп, бұл дәуреннің қызығын да көргенмін. Оның үстіне, осы фейсбукте қараптан-қарап отырып тісін қайрайтындар бар. Мысалы, өз басым парақшама бірдеңе жазсам, міндетті түрде жанына суретімді салып қоямын.  Жұрт әуелі суретке көз тоқтатады, сосын жазғаныңды оқиды ғой. Әбден тексерілген тәсіл. Сондай жазбаның астына жақында бір жігіт пікір қалдырыпты. «Сонда мына өспірім қызға қырындаған есектің суреті осы ма?» деп... Әй, өзіме де обал жоқ... Біреудің «Алматыда 4 жасар қызды зорламақ болған педофил іздестіріліп жатыр» деген сілтемесін бөлісе салғанмын ғой. Сол педофил өзім сияқты болыппын да шығыппын! Кімді кінәларымды білмей алақ-жұлақ етіп отырдым да, пікір қалдырған жігітке жеке чатта тап бердім. Ол тіпті де сасқан жоқ. Қайта бетімнің отын шығарды. Жігіт екен нағыз! Мені жекпе-жекке шақырды. Әуелде «келсең келмен» біраз жерге барысып қалыппын, оны кеш ұқтым да, жекпе-жек орны әбден белгіленген кезде «артқа бердім». «Манадан бері қайтер екен деп сынап едім, сіздей қадірлі азаматқа қол жұмсап ақымақ қой дейсіз бе, қайта басқа бұзақылардан қорғап жүрмеймін бе?» дедім мүләйімсіп. Шынымды айтсам, қорықтым. Ертең айдаладағы бір педофил үшін тұмсығым бұзылып қалса, обалым кімге? 

Қой, селфиі құрсын... Оның үстіне, фб-дағы бес мың досым қазір «аса парасатты» келбетіме көз қиығын да салмайтын болды. Жаңа суреттерімнің астында мөлиіп 5-6 лайк қана тұрады. Соңғы кездері лайкты бассаң, қабағын шытып немесе қарқ-қарқ күліп тұратын смайликтер де шығатын болыпты ғой. Солар басылып кете ме деп қорқамын...

Ақылды сөздер жазсам ба – тағы да дауға қаламын-ау... Лайк жинау деген осы күні азапқа айналды. Бұрын өзім сияқты тышқан артын көрсетсе күлетін үш мың досым бар еді. Не жазсаң да, не салсаң да топырлатып лайк басып, төрт құбылам түгел, «айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарып» отыра беретін едім. Сол достарым да осы күні көрбай-жербай жазудан тартынып, ақылды әңгімелер айта бастапты. Жеке чатқа күніне «мәссаған, мына нәрсе мынадай екен ғой» деп таңдай қаққан ондаған хат келіп түседі. Сондағы елігіп жүргендері – елге белгілі, сөзін жұрт сыйлайтын адамдың пікірі. Олардың да білмейтіні бит астында ма деймін, кез келген мәселеге, оқиғаға біздің кәлламызға мүлде кіріп-шықпайтын, тіпті «солай болуы мүмкін екен-ау» деп ойламайтын көзқарас білдіреді. Өзіңнің дөй далада дүрмек қуып жүрген далақбай екеніңді бірден мойындайсың да... біраз уақыт үндемей отырасың. Бірақ «лайксүйгіш» аран тағы ашылады. Достарымнан қалам ба, мен де бірді-екілі әншіге, журналистке достық жібердім. Олар да кісі танып әуре болып жатпайды екен, көп ұзатпай-ақ қабылдады. Әншілер дегенің қып-қызыл жарнамашы екен. Жатқан-тұрғанын, кіммен көріскенін, кіммен сүйіскенін, тіпті кімнен сөз естігенін де суретпен айғақтап, үнемі желіге салады да отырады екен. «Әнің жаман» дегендермен дереу дауласа кетеді. Ал журналистер... әй, бір қиын халық қой. Оларға ештеңе жақпайды, ештеңе ұнамайды. Біразын сырттай танимын ғой, өздерінің үйі де, күйі де жоқ. Соған қарамай, керемет сөздер айтады-ей! «Менмін» деп кеуде қаққандардың талайының тақиясын теріс кигізіп жібереді. Олардың орнында мен болсам, үйдегі ескі қара «маздамды», күзетшілік жұмысымды ойлап, «артық айтсам айырылып қаламын-ау» деп уайым жеп бітер едім... 

Ақылды сөздерді мен де жазып көрдім. Ұрлап-бөрлеп. Фб-дағы өзім сияқты досымның 2013 жылдың қаңтарындағы «Бақыт әркімнің есігін міндетті түрде бір рет қағады, бірақ сіз оны көрші кабакта отырып, естімей қалуыңыз мүмкін» деген жазбасын қатты ұнаттым да, өзімнің парақшама салып кеп жібердім. Лайк топырлады-ай! Қағанағым қарқ, сағанағым сарқ, аспанға шырт түкіріп мен отырмын. «Нағыз» достарым топырлатып лайк басқанымен қоймай, «тамаша», «керемет», «ғажап» деген лебіздерін төгіп жатыр, төгіп жатыр. Бір кезде журналист досымның бірі: «Сіз Твенді оқып тұрасыз ба?» – деп жазып кеп жіберсін... Ойпыр-ай, ол кім еді тағы? Твен? Тібен? Тыбан? Естісем бұйырмасын... Көрші ауылда бар ма еді? Қатар сыныпта оқыды ма әлде? Бірақ аты қазақшаға келмейді. Қайдан шығарып отыр, а? «Оқимын ғой, сүйіп оқимын» деп жаздым тек тұрмай. Одан әрі екеуміздің жұрттың көз алдындағы диалогымыз былай өрбіді:

Том Сойері керемет, а?

Керемет қой, керемет!

Бірақ Гекки Фин болмаса, Сойер болмас еді...

Болмас еді, болмас еді!

«Ханзада мен қайыршысындағы» қай образ сізге ұнайды?

Ұнайды ғой, ұнайды!

Сонымен, журналист менен баз кешіп, қайта пікір жазбады. «Нағыз» достарым да үнсіздік жариялады. Сояры кім, Пині кім – ұққаным жоқ. Образ деген немене? Қайыршысы несі?..

Сөйтсем, манағы ақылды сөз Марк Твен деген жазушынікі екен ғой... Өзі Америкада да тұра ма, өліп қалған ба, бірдеңе... Оны да әдебиет апайдың бізбен оқыған сіңлісінен әрең деп сұрап алдым ғой. Бірақ айтады екен ерің! Содан бері ақылды сөзді ұрлап жазудан да қорқатын болдым.

Бірақ Фб деген бәле болды. Әйтеуір ерекшеленгің, танылғың, таң қалдырғың келеді де тұрады. Мәссаған, әншілер қалай шыдайды екен-ей танымалдылыққа?! «Поклонниктері» әлеуметтік желіде де қырғын ғой! Біреу жамандап жатса, әлгілер шибөрінің үйіріндей жабыла кетеді. Түте-түтесін шығармай тоқтамайды, әйтеуір, әншіні ақтап алады. Менің сөзімді біреулер солай сөйлеп жатса, жүрегім жарылып кетер-ау... 

Бәрібір жазғым келеді. Суретімді салғым келеді. Ата-бабаларымыз қалай шыдады екен? Фб-да, инста да – ештеңе көрген жоқ қой олар. Көзіңе елестетші, бабаң батыр болса!.. «Жауға шауып бара жатырмын, қазір жекпе-жекке шығамын!» деп бес қаруын асынған бір суретін салса! Астындағы аты ойнақтап, ауыздағын қарш-қарш шайнап тұрса! Кәйіп қой, иә! Сосын он бес минут өткен соң «Жауымды жер жастандырдым, міне!» деп қолына қан-қан басты ұстап, жымиып күліп тұрса! Мәссаған, бірден 2 миллион просмотр жинар еді... А-ай, қайран бабалар-ай, сендердің заманыңда тусам-шы, жұртқа ерте танылып, бірден мың лайк жинап, рақаттанып отырар едім ғой!..

Не сандырақтап кеттім өзі? Бабамның заманында қайдағы Фб, қайдағы ғаламтор? Әй, осы мен де...

Тағы да Фб-ны парақтап отырмын. Астанадағы қыз бен жігіт ескерткіші бірер күннен бері сөз болып жатыр еді, сол не болды екен? Он бір жылдан бері Арқаның суығы мен ыстығында қол ұстасып, беймарал тұрған ғашықтарға бүгін бір азамат көйлек кигізіп қойыпты-ей! Нағыз ер екен! Лайкты аямай басу керек қой! Мәссаған, шынында да құлын мүшесін айқындап, қазақтың астанасының төріне жалаңаш әйел қойып қойғандары несі? Иман қайда, иман?

Тұра тұр! Мына жерге Серікбол деген жігіт жазыпты: «Бұрын қыпшақ бабаларымыз жасаған келіншектас, қызтас дегендер болған. Соларда да қыздың мүшесі айқындалып көрсетілген», – депті де, теріс қарап отырған балбалтастың суретін салыпты. Бөксесі айқындалып, нағыз қыз екені білініп тұр. Демек, қыздың тұлғасын көрсетіп мүсіндеу ежелгі бабаларымызда да болған! Оларға ешкім көйлек кигізген жоқ қой. Сан ғасыр солай, өз келбетімен келе жатыр. Лайкты аямай басайын! Лайық, өте лайық!

Не деп кеттім өзі? Он бес минут бұрын Астанадағы жалаңаш мүсінге көйлек кигізілгеніне тәнті болып едім, енді сүйегі қурап қалған бабаларымды жақтап отырысым мынау. Жігіт деген бір сөзді болмай ма екен? 

Бірақ екеуі де ұнап тұр ғой. Екеуінің айтқаны да көңілге қонады. Құрсын, лайктарым тұра берсінші...

Бәріне осыны ойлап тапқан адам кінәлі. Мысалы, қазір мен жұмыста отырмын. Күзетшілік деген рақат қой, есіктен енген бірді-екілі адамға бас изеп амандасып қоясың, шығып бара жатқандардың кілтін алып қаласың. Басқа уақытта екі қолың удай бос. Фб-ға кірмегенде не істейсің? Өткен айда несиеге дисплейі үлкен смартфон алып алғаным тамаша болды, ұрып тұр-ау, ұрып тұр! Ұрлана қарап, әлемнің жаңалығына қарық болып отырасың. Бірақ уақытыңды алады-ей! Бұрын телефон жоқ кезде томпиып тұра беруші едік. Фб ел мен елді, ағайын мен ағайынды табыстырып та, шабыстырып та болды. Әйелім де кіріп алатын болды, осы күні менен сақ адам жоқ...

Біреу достық жіберіп жатыр, кім болды екен? Мәссаған, мынау үлкен балам ғой! Ол қайдан тауып алған мені, а?!

Қой, құрсын, парақшамдағы біраз нәрсені өшіріп тастайын! Бала емес, бәле мынау. «Әке, анайы видеоларды бөлісіп жүр екенсің ғой» десе, бетімнен отым шығар-ақ. Достыққа сосын ғана қабылдайын...

Мұрағаттан, 2016 ж

Жұтынсам да жұмаққа, күнәм тартар тамұққа
Күнсұлу Шаяхметова, актриса: «Анам әкемнің алдына түсуді артық санапты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу