Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Көрнекі фото
Бауыр етің балаңның тәй-тәй басқанын көріп, былдырлаған тіліне құлақ құрышыңды қандырып, өсіп-жетілгеніне куә болғаннан артық бақыт бар ма? Перзентке дұрыс тәрбие беріп, оқытып-шоқыту әр ата-ананың парызы. Сондай-ақ әке-шешенің перзент үшін де алар орны бөлек. Мұсылман елдерінде, оның ішінде қазақ халқында ұл-қыздың әке-шешенің емес ата-әженің қолында тәрбиеленуі қалыпты жағдай. «Мен әженің тәрбиесін көрген адаммын» деген сөзді де жиі естіп жатамыз. Бірі отбасылық жағдайына байланысты ұлын әжесіне «сыйға тартса», енді бірде « перзентіңді маған бер» деп қолқа салатын ата-әжелер де кездеседі. «Құрсағыңдағы баланы жерге де қиярсың, бауырыңа қисай" деп ағайын-туыстың қойнына кетіп жатқан балалар да бар. Бізде қарт кісілер өсіп жетілдірген бала инабатты, кеңпейіл, мейірімді, жанашыр болады деген түсінік қалыптасқан. Әрине оған дауымыз жоқ. Себебі оған талай куә болып та жүрміз. Алайда қазақтың осы үрдісі кейде кеңдік емес кемшілік пе деген ойға қаласың. Ендеше, ата-ананың емес шал-кемпір иеленген ұл-қыздың бойындағы қасиеттерін талқылап көрелік.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазағымыз. Ия, көпті көрген қариялар жаннан да тәтті немерелеріне жаман тәрбие бере қоймас. Бала бағудан «қызыл дипломы» бар олар баланы ертегі, аңызбен сусындатып, үлкенді сыйлауды үйретеді. Той-домалаққа ертіп жүріп көпшіл етеді. Айналып-толғанып бар мейірімін аямайды. Дегенмен мұндай перзенттердің жүрегі әке-шешеге жібімей тұратынын жоққа шығаруға болмас. Баланың бүйрегі осыдан кейін ес білгеннен тоғыз ай құрсағында көтерген анасына емес, бауырына басқан әжесіне тартып тұратыны түсінікті де. Айында, жылында бір көретін ата-ананы баланың мойындауы әсте қиынға соғады. Әсіресе қыз бойжетіп, ұл ержеткенде шешесін ана, әкесін әке деп атап кетуі екіталай. Перзент пен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас қиындай түседі. Туған анасы балапаным деп бауырына басуға енесі немесе анасынан қымсынса, «іштен шыққан жыланы» оны жатсынып тұратындай. Өз баласы өзегінен теуіп тұрса байғұс ананың жүрегі сыздамаса қайтсін? Осыдан келіп бала мен ата-ананың арасы суи беретіні анық. Бұл жерде бір мәселені айта кеткен жөн. Егер баланың тәрбиесін өз қолына алған әже баланың санасына жастайынан «сенің әке-шешең өте жақсы, оларды сыйла» деп сіңіріп тұрса баланың анаға, әкеге деген махаббаты ашылады. Бала кімнің қолында өссе де аман болғанын қалаймыз Әрине, баланы шал-кемпірден айыруға болмас. Десек тенемереге деген махаббат та өз шегімен болғаны жөн шығар.
Аршат Ораз, блогер:
«Әкеммен сырласа алмаймын»
Жалпы баланы үйде ата-әжесі тәрбиелегені жақсы ғой. Одан бала жаман болмайды. Бірақ, түбегейлі шал мен кемпірдің баласы қылып жіберуге болмайды. Кейін бала іштей біліп тұрса да өзінің биологиялық әке-шешесіне жақындай алмай тұрады. Суықтық қалыптасып қалады, соны қалай жылытарын білмейді, өз әке-шешесіне жақындауға басқа бауырларынан ұялады. Психологиялық тұрғыда ауыр нәрсе. Сондықтан бала өз әке-шешесін біліп, ата-әжесінен де алыстамай өскен дұрыс деген пікірдемін. Мен де әженің қолында өскен ұлмын. Қазір туған әкеммен әкелі-балалы секілді сөйлесіп, сырласа алмаймын. Ағалы-інілі секілдіміз. Бір-бірімізді жақсы көріп тұрсақ та сыртқа шығара алмаймыз. Баланың әженің, туыстың қолында өскенінің кемшілігі осы деп ойлаймын.
Жібек Ерланқызы, Түркістан қаласының тұрғыны:
«Анаңды мойындау қиын екен»
Баланы анасынан емшек еметін кезінде бөліп алу қай жағынан қарасаңыз да дұрыс емес. Алайда ата-аналардың қайсысы болмасын баласын әдейілеп немесе жақсы көрмегеннен өзгенің қолына тапсырмайды. Кейде өмір солай жасатқызады. Мұндай жағдай өз басымнан да өткен. Анамның маған аяғы ауыр кезде әкем дүние салған. Мені босанғаннан кейін нағашы апамның қолына тапсырды. Сол кісінің тәрбиесінде өстім. Анам ауылға жиі-жиі келіп тұратын. Сонда да арамызда салқындық бар. Айтайын дегенім немеренің апа-атаның аялы алақанын сезініп өскені жақсы. Одан бала инабатты болып өспесе теріс жолға түспейді. Бірақ әженің мейірімін сезінген адамға туған анасын мойындау қиынға соғады екен. Табиғаттың заңын бұзбай барлық қыз бен ұл жақсы болсын, жаман болсын әке-шешесінен ажырамаса екен деймін.