Әжемнің өсиеттері

Oinet.kz 31-05-2019 2487

11.jpg

             Көшеден немерелерін ертіп жүрген ақ жаулықты әжелерді көрсем нағашы әжем есіме түседі. Алла берген жасын жасаған әулетіміздің қариясы осыдан бір жыл бұрын өмірден озып еді. Жақында ауылға жол тарттым. Әжеміздің пеш тамдағы астына әрдайым бес қабат көрпесі төселіп тұратын орны үңірейіп қалыпты. Ылғи жанынан тастамайтын таяғы мен дәрілер тұратын қорабы да көрінбейді ол маңнан. Бала кезімізде әжеміз өте қатал, ұрса береді деп құшағына жолай бермеуші едік. Бірде жаз шыға сала анам мені ауылға демалуға әкеліп тастады. Қонақ болған алғашқы күні ауылда әжеміздің қолында өсіп жатқан сіңілім екеуміз есік алдындағы арыққа бардық. Арықтың жағасында су жаңа әтір сабын тұр екен. Біреу жуынайын деп тастап кетсе керек. Өзімізше қолымызды жуайық дегенбіз. Сіңілім сабынды қолына ала бергені сол еді, сабын ағысы әжептәуір арыққа гүм етіп, аға жөнелді. Екеуміздің көзіміз шарамыздан шыға жаздады. Арықты бойлап сабынды ұстауға тырысып едік, бірақ жеткізбеді. Бір-бірімізге қарап, сасқалақтап тұрғанда әжеміз келіп қалды. Жәймен арықтың жағасына отырды да сабынды іздей бастады. Маржан маған қарап біткен жеріміз осы дей бергені сол еді, әжеміздің «сабын қайда?» деген зәрлі даусы шықты. Біздің бүлдіргенімізді көзімізден байқаған ол дереу сіңіліме ұрысып, майлы жерінен бір-екі рет сабап алды. Артынша үйге кіріп кетті де тағы да қолданылмаған сабынды алып шықты. Ойын баласы емеспіз бе, әжеміздің ұрысқаны ойымыздан тарс шығып, кешқұрым көше балаларымен ойнап, үйге сүйретіліп келдік. Жеңгеміз «қолдарыңды жуып кіріңдер, тамақ ішеміз» деп үй жақты нұсқады. Жерге әрлі-берлі аунаған допты әбден ұстаған біздердің қолымыз расында да кірден арылмай қалыпты. Сіңілім жүгіріп барып әлгі сабынды алып келді. Ойымызда ештеңе жоқ, ананы-мынаны өзімізше әңгімелеп арықтың басында жуынып тұрғанда құрғыр сабын қолымнан сусып шығып, ағып кетсе бола ма?!. Маржан «апам тағы да менен көретін болды-ау» деп ойлап, жүгіріп, «әже, Мадина сабынды суға ағызып қойды» деп айтып салды. Онсызда бойымды қорқыныш билеп тұрған менің Маржанның «сатқындығынан» кейін көзімнен мөлтілдеп жас шығып кетті. Сол сәтте анамды сағынып, үйіме қайтқым келіп кетті-ау. Ал содан мен үйге әжем ұрсады деп біраз уақыт кірмей қойдым. «Сені шақырып жатыр» деп сіңілім бір келеді, «үйге кір» деп артымнан  ағам бір айғайлады, олардың сөзіне құлақ аспағасын жеңгем «саған ешкім тиіспейді тамағыңді іше қой» деп ол жұбатуға тырысты. Сонда да кіре қоймадым. Болмағасын бір кезде әжемнің өзі есіктен шығып келе жатыр екен. Оны көргенде не жыларымды, не күлерімді білмей, бір орында сіресіп тұрып қалдым. «Артыңнан сонша адамды жібертіп, мына тұрысың не, дала болса қараңғы болып барады. Сабынға бола сонша өкпелегенің не? Үлкейгеніңде әлі талай сабын әкеліп берерсің. Қырсықтығың анаңнан аумайды-ау, болды енді шәй ішейік» дегенде барып, көз жасым тыйылды ғой. Қонақ болғасын сазайымды тартқызбады-ау деймін. 

           Ия, қарт анамыздың балаларға мейірімі түсіп, айланып, толғана бермейтін. Тіпті еркелету дегенді білмейтін. Кейін білдік қой, сөйтсек ол кісінің жас балаға көзі, яғни назары тез түседі екен. Сүйіп, құшақтап, еркелетсем көзім өтіп кетер деп біздерге  мейірімін түсіре бермеген екен ғой. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, оның кезінде ұрсып сөйлеген сөздері қазір ойлап қарасам тұнып тұрған өсиет, ақыл екен ғой. Оны қыс мезгілінде ауыл жақ суық болады деп қаладағы бала-шағасы кезектеп үйге әкеліп алатын. Бір қыста кезек біздің де үйге келді. Әжеміз үйге келе жатыр дегеннен үй ішін, айналаны мұнтаздай тап-таза етіп қоямыз. Себебі ол тазалықты сүйетін. Бір бұрыштан шаңды байқай қалса қолыңа матаны ұстатып, дереу сүртізетінін біздер жақсы білеміз. Әдетте үй жинап жүрсем әжем бәрін көзбен бақылап отыратын. Ісімнен шалалық кетпесін деп мен де барымды салып, бұрыш-бұрышты түк қоймай тазалап шығамын. Сондайда әжем «Ой, бәрекелді, жарайсың. Міне, енді үйдің сәні кіріп қалды» деген сөзін естісем  кәдімгідей марқайып қалатынмын. Өйткені ол мұндай сөздерін әркімге және жиі айта бермейді.  

        Әжемнің ғажаптығы сол қолынан бәрі келетін. Жүн жуу, кептіру, сабау, кейін ұршық иіріп, жіп алудың қандай болатынын көзбен көріп өстік. Шұлығымыз тесіліп қалса болды дереу жамап беретін. Қазір ғой, шұлықтың өңшесі тесілсе болды, қоқыс жәшігіне лақтыра саламыз. Ол кісі тамақтануға да ерекше көңіл бөлетін. Ас ішіп отырғанда тамақты түркілей бастасаң «асты қорлама. Жейтін болсаң дұрыстап  қасығыңды толтырып же, жемесең түркілеп, шұқылай берме. Астың да киесі болады.  Тамақты көңіліне алып, шын жүрегімен жемеген адам ауру болады»,- деп айтып отыратын. Расында да  қазір ғалымдар асқазан ауруының басты себебі асты дұрыс көңіл-күймен жемеудің әсерінен екенін дәлелдеген жоқ па?

     Ұрпағы көзі кеткенше сыйлап өткен әжемізге бас имеген адам болған жоқ. Бүкіл ауыл, туған-туыс, тамыр-таныстың бәрі Асылай әже десе ішкен астарын жерге қоятын. Бұл оның бойына сіңірген асыл қасиеттерінің, жұртқа жасаған жақсылығының қарымтасы деп білемін. Кейінгі қарияларымыз да осындай жақсылығы жұрттың аузынан түспейтін, данагөй, ақылшы бола алар ма екен?

Мадина Есқұлова,  

Жамбыл облысы 

Азамат Сандыбай, журналист, дизайнер: «Студенттік өмір дербес шешім қабылдауға үйретті»
Мүмкіндігі шектеулі көпбалалы әке баспаналы болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу