Азамат Сандыбай, журналист, дизайнер: «Студенттік өмір дербес шешім қабылдауға үйретті»

Oinet.kz 01-05-2019 1475

Screenshot_2.jpg

         Менің ұмытылмас студенттік жылдарым 2003-2007 жылдар аралығында Дарын институтында өткен.  Ондағы  филология факультетінде білім алдым. Мектепті бітірген соң мамандық таңдау, оқу орнын таңдау,  құжат тапсыру жалпы  оқуға түсу талапкер үшін қызықты әрі қиын шаруа. Бәрақ менде оқуға түсерде айтарлықтай кедергілер кездескен жоқ.  Дегенмен, Алматы секілді алып мегаполисте ешқандай туыс, таныссыз өмір сүру алғашқы жылдары қиындық туғызғаны рас. Студент атанып, аудиторияны алғаш аттағанда ерекше сезімде болдым. Сабағымыз қалай болар екен, оны алып кете аламын ба, ұстаздарымен тіл табысып кете аламын ба деген қорқыныш барлық студенттің бойында болатын шығар. Осындай үрейдің жетегінше жүргеніммен  мен үшін қиын сабақ немесе қиын ұстаз болған жоқ. Себебі, оқуға түскен соң бүкіл институт студенттерге бір апта таңертеңнен кешке дейін еліміздегі алдыңғы қатарлы психоаналитиктер мен психологтар тренинг өткізді. Оның мақсаты - студенттер бір-бірімен танысып, білісу. Соның көп септігі тиді. Оқу бітіргенше бір үйдің баласындай болып жоғары курс пен төменгі курс студенттері өте жақсы қарым-қатынаста болдық.  

          Бірінші курста студенттер әдетте оқудан болсын, әлеуметтік жағынан болсын қиналатыны рас. Себебі бәрі үлкен өмірге аяқ басады, әке-шеше, туған ауылынан жыраққа кетіп, өз бетінше өмір сүруге дағдыланады. Ал мен  "балмұздақтың" қиындау өмірін онша сезінген жоқпын. Себебі, бірінші курстан бастап республикалық басылымда журналист болып еңбек еттім және пәтер жалдап тұрдым. Яғни, алғашқы жылдардан-ақ мен өз бетімше өмір сүруді үйрендім. Студенттік жылдар маған  сапалы білім беріп қана қоймай, сондай-ақ ата-анаға масыл болмай, өз шығындарымды өзім жауып, дербес шешім қабылдауға үйретті. 

         Біздің студенттік кезімізде шет ел, қазақ классиктерінің бірнеше шығармасын, кітаптардың тізімін беріп, осыны семестр біткенше сабақпен қосымша үйден оқуға тапсырма беретін. Кішкентайымнан кітапқұмар бала болып өскендіктен, ұстаздарымның бұл тәсілі маған екі есе ұнады. Студенттік кез - үлкен қалада үлкен өмірге қадам басқан әрбір жас талапкер үшін мәңгі есте қалатын жылдар. Қаржы тапшылығы, пәтер жалдау, автобусқа жолақы таппай талай жаяу жүрген кездер осы студенттік кезде өтті. Бір қызығы, қанша қиналсақ та, ертеңге деген сенім, үміт басым болатын. Және еш уақытта "мен қиналып кеттім" деп ата-анама ретсіз қоңырау шалып, шағымданған емеспін. Сол кезеңдегі менің ұстанымым Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: "Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Біреу қылды дегенді, Шығарамын сөзімнен" деген өлең жолдары болатын. Яғни, әрбір жас кәмелетке толған соң өз өмірінің көлеңке тұсына да, жайдары жақсы кезеңдеріне де өзі ғана себепкер екенін түсінсе деймін.

         Группаластарым алғашқы жылдары отыздан астам қыз-жігіт болғанымызбен, оқу бітіріп, диплом алар кезде 12 студент қана қалдық. Әрқайсысы өмірдің ағымымен әр салаға кетті. Ал ұстаздарыммен әлі күнге жақсы қарым-қатынастамын. Кейбірі басқа оқу орындарында еңбек етеді. Тіпті, кейіннен менің бауырларыма да сабақ берген ұстаздарым болды. Менің тұлға болып қалыптасуыма, білім көкжиегімді кеңейтуге тікелей атсалысқан Анна Құдиярова, Майра Жүнісова, Бекзада ханым, Ұлан Қадірбекұлы сынды профессор-ұстаздарға алғыстан өзге айтарым жоқ.

          Мейлі оқу орнының қабырғасында болсын, өмірде болсын әрдайым маған қатысты барлық жағдайды өзім ғана шешуім керек деген түсінік бірінші курстағы апталық тренингтен соң пайда болды. Егер бір сабақтан сынақты тапсыра алмай қалсам, тапсырып біткенше тыным таппай, жұмысты қойып, апайдың ізінен қалмайтынмын (себебі, ұстаздарым үшке тапсырсам сынақ кітапшама қоймайтын "сәл дайындалсаң беске мүмкіндігің бар, шала дайындалып, асығыстық танытпа әлі уақытың бар" деп.) Екінші курстан соң қосымша мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Сабақ, мектеп, газет және түнімен басқа газеттерге қаламақыға мақала жазамын. Осының бәрі менің үлкен өмірде тұлға болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізді. Кейде сол кезеңдерге көз жүгіртсем - мені қоршаған орта білімді, шығармашыл, мәдениетті адамдардың ортасы болыпты. Кейде үлгермей жатсам дауыс көтермей, намысыма тимей, мұндай асығыстықтың, салғырттықтың кейінгі өмірімде әдетке айналып кетуі мүмкін екендігін түсіндіріп, барлық іске мұқият болуымды талап ететін. Сол үшін де ол кісілердің алдында әлі күнге өзімді қарызбын деп есептеймін. Қоңырау шалғанда да өзімді сонау жылдардағы "тәжірибесіз" студент сезініп кетемін.

Мұрағаттан, 2015 ж

Сабынды драмаға айналған сериалдар
Әжемнің өсиеттері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу