Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Қазақ арналары сериалдарды сәнге айналдырғалы да ондаған жыл өтті. Қазіргі көрерменді «Байлар да жылайды», «Тропика қызы», «Тропика қызының құпиясы», «Қарапайым Мария», «Жабайы Роза» сияқты ащы ішектей созылған сериалдармен алдай алмайсыз. Олар сол 90 жылдардың талғамына татитын дүниелер болды. «Байлар да жылайды» сериалындағы оқиғаның бәрі үй ішінде өтетін. Бас кейіпкерлер төрт қабырғада отырып-ақ қызық пен шыжық жасай беретін. Қазір олай емес. Бүгінгі сериалдар сол елдің даму көрсеткішіне де, әдемілігіне де, ең бастысы, адамдарының ақыл-ойына да таразы екенін көріп жүрміз.
Дегенмен соңғы 25 жылда таза сериалмен ғұмыр өткізіп келе жатқан жандар бар. Олар осы күні Венесуэла, Бразилия, Мексикадан бастап, түріктердің, үнділердің, орыстардың, ақыр аяғы, филиппиндердің өмір салтын да жақсы біледі. Анандидің балалық шағын сомдаған Авика Гордың осы сериалмен бірге бойжеткенін, қазіргі келіншек Анандилердің «артқы жағында» кімдер тұрғанын да жан-жақты зерттеп қойған.
Соңғы жылдары қазақ сериалдары да еңсе көтеріп келеді. Аз уақыт ішінде «Сырғалым» сериалында тамаша ойнаған Жұлдызай Маханованы көпшілік танып білді. Жәния Джуринская да ең алдымен сериал арқылы танылды. «Алдар көседе» жұрт кезген даңқты кейіпкердің рөлін сәтті сомдап, кейін «Қара шаңырақта» ақылды тентек болған Дәурен Серғазин де, оның «ағасы» Әділ Ахметов те театр сахнасынан бөлек, сериалдарда жақсы жағынан көрініп жүр. «Тракторшының махаббатында» ойнаған Берік Айтжанов та бір сәт жұрт үйренген образынан алыстап, кәдімгі жүрегі нәзік бозбала бола алатынын да дәлелдеді.
Дегенмен көңілде бір түйткіл қалып тұр. Кәсіпқой актерлердің сериалға түскені жөн бе? Бұл машық олардың шеберлігіне нұқсан келтірмей ме? Жалпы сериалдарды өнер деп қабылдау керек пе? Біз осы сұрақтарды бірқатар актерлерге көлденең тартып көріп едік, онша ашылып жауап бере қоймады.
Айзат Қадырәлиева, театртанушы:
– Сериалдың форматы бөлек, оған түсетін актерлер бөлек болу керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, театр актерлерінің көбісі сериалдарда жүр. Айтары аз, оқиғасы таяз, берері жоқ бос дүиниелермен босқа алысып, өздерін шынайылықтан алыстатып жүр. Асығыс-үсігіс, аяғын басында, басын ортасына түсіріп, мипалау жасай салатын жерде өнердің бірізділігі жүрмейді. Олар орындаушының дайын, дайын емес екеніне қарамай, жапа-тармағай түсіре береді. Еңбастысы,бүгінгіжоспарыорындалсаболғаны. Соныңкесірінен театр сахнасынадабірсарындылыққа, таптаурындылыққа ұрынып жатыр.
Айдос Жұқанұлы, актер, журналист:
– Біріншіден, жас актерлер өздерін танытқысы келеді. Кейбірінің танылғысы келетіні соншалықты, тегін түсуге де дайын. Ал екіншіден, ортанқол әртістер өзін тек театр сахнасында ғана емес, экранда да көрсеткісі келеді. Сөйтіп, шеберліктерін шыңдағысы келеді. Үшіншіден, мәжбүрлікпен түсетіндер де баршылық. Олар танымал, егде жастағылар. Оларға сценарий маңызды емес. Әйтеуір төлесе болды. Тек театрдың айлығымен отбасын асырап, кредитті жабу мүмкін емес қой. Телесериалдардың беделін түсіретіндер – бірінші айтып кеткендерім. Өйткені продюсерге ақша көп сұрайтын кәсіпқой актерден гөрі, тегін жұмыс істеп беретін жастар артық.Өзіме келсем, менікі хобби шығар. Жай, әншейін қызық үшін. Қазір режиссер Рашид Сүлейменовтың «Аяулы арман» атты 64 бөлімді сериалына түсіп жүрмін. Рөлім – із кесуші. Неге екенін білмеймін, осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерімде маған не із кесуші, не бандының рөлін береді. Режиссерлерге солай көрінетін шығармын. «Жаужүрек мың бала» фильмінде жоңғар мыңбасының оң қолымын. Эпизод қана. Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») фильмінде тергеушімін. «Сырғалым» телехикаясында – із кесуші. Міне, тағы бір сериалда із кесуші болып жүрмін.
Толқын Сұлтанова, театртанушы-журналист:
– Ең бірінші түсіру тобының кәсіби деңгейі жоғары болса, кәсіби актер шеберлігін де шыңдайды әрі ролін де сомдайды. Өйткені, ол оның мамандығы. Киноға, сериалға түсуге ешкімді мәжбүрлемейді. Ал топтакәсіби актер ойнап жүрсе, айналасына көп көмегі тиеді. Көркемдік деңгейі көтеріледі.
Шетелдерде сериал актерлерін өзінше бір саланың мамандары деуге болатын шығар. Мысалы, АҚШ-тың «2,5 адам» телехикасының басты жұлдызы Хью Лори осы күні бақуатты адамдардың рейтингінде алдыңғы саптан түспей келеді. Оның осы туындыдағы әріптесі Эштон Катчердің бір жылдық табысы 24 миллион долларға жетіпті. Алысқа бармай-ақ, «Бригада» арқылы танылған ресейлік Сергей Безруковты алайық. Бұл азамат кейін түрлі сериалдарда да, фильмдерде де ойнады. Есенин образын халқына қайта танытты, тамаша жаңғыртты. Сол Безруков қазір Қазақстанға ара-тұра өзі ойнайтын театр тобымен де келіп қайтады. Демек, үш кеменің басын бірдей тоқайластыра алатын таланттар да бар болғаны ғой. Телехикаяға түскені үшін Безруковтың беделі кеміп жатқан жоқ. Қайта көрермені ынтық.
Марқұм Владислав Галкин де сериалдардағы образымен ел есінде қалды. Оның «Диверсанттардағы» образы қайталанбас бейне екені анық. «Маргарита мен майталманның» (М.Булгаков) теленұсқасында да Галкиннің тамаша қолтаңбасы жатыр.
Қазір бізде де әр телеарна өз сериалын түсіруге маманданып келеді. Мұндайда кәсіпқой актерлердің бой көрсетуінен шошудың қажеті бола қоймас. Мысалы, «Қара шаңырақта» Саят Мерекеұлының әке бейнесі өте салмақты. «Ағайындылардағы» Айдос Бектемірдің рөлі де сондай. Осы сериалда өмірден өз орнын үнемі іздеумен жүретін Бауыржан Қаптағаевтың образы да актердің беделін кемітіп тұрған жоқ.
Демек, бұл тақырып әлі де талай пікірталасқа негіз болады.
Есей Жеңісұлы