Олигарх және кедеймен сұхбат

Oinet.kz 30-05-2019 1203

            Қазіргі мына заманда, бөлінсе де ағымға, дін мұсылман аманда, бір бас редактор тілшісін шақырып, «ең кедей адамды табыңдар, сол кембағалдың өмірін отандық олигархтармен салыстырып, оқырманға әңгімелеп беріңдер» деп пәрмен беріпті. Әлгі тілші ары ойлап, бері ойлап, өзінің жан досынан артық кедейді таба алмапты. Досы тілші тамырының сөзін қимай, өз жағдайы жайлы газетке сұхбат беруге келісіпті.

          Әлгі тілші досымен сұхбаттасардан  бұрын Қазақстандағы ең бай адамдардың өмірі туралы сауалнама жүргізіп жүрген бір азаматпен жолығып, отандық олигархтардың өмірі жайлы әңгімелеп беруді өтініпті. Сұхбатты алдымен осы азаматпен жасаймыз.

90edb1520bed63af2f32b8eec6808608.jpg

         -Байлардың балалары қайда оқиды?

-Миллионерлердің балалары негізінен шетте оқиды. Сауалнамалардың нәтижесі көрсеткендей олигархтар балаларын негізінен АҚШ (32 пайызы) пен Британияда (32) оқытқанды жөн санайды. Сол миллионерлердің төрттен бірі ғана  (24 пайыз) балаларын Қазақстанның орта мектептерінде оқытуды орынды деп біледі екен, Ал төрттен үш бөлігі балаларының орта мектептің өзін шетте оқығаны дұрыс деп есептейді екен.

-Олигархтардың балалары кімге еліктейді, кімді пір тұтады?

-Бағлан балалар негізінен ата-аналары мен Стив Джобсқа (17 пайыз) еліктейді. Бір қуаныштысы – отандық кумирлер де пайда бола бастапты: сауалнамаға қатысқандардың 9 пайызы «Казкоммерцбанктің» негізін салған  отандасымыз Нұржан Сұбханбердинге еліктейді екен. 

-Байлар бос уақтын қалай өткізеді?

         -Олигархтардың 13 пайызы бос уақтын отбасында өткізгенді, ал 42 пайызы – спортқа арнағанды жөн санайды. Байлардың 6 пайызы – бос уақтын достарына, кітап оқуға, түрлі саяхаттарға арнайды.

         -Қандай сусындарды жақсы көреді?

         -Еліміздің ең бай адамдардың 24 пайызы – суды, 8 пайызы – қымызды, тағы 8 пайызы – шәйді дұрыс көреді. Бірақ олигархтардың ең жақсы көретін ішімдігі – шарап (28 пайыз).

         -Олигархтар қандай киім киеді?

         -Сауалнамаға қатысқандардың 50 пайызының сүйікті бренді жоқ. 40 пайызы итальяндық брендтерді (Brioni, Canali, Berluti, Gucci, Brunello Cucinelli, Loro Piano) ұнатады. Өз басым бұл қандай брендтер екенін білмеймін. Оқырманымыз қашанда бізден озық деген оймен жариялап отырмыз. 

         -Еліміздің ең бай тұрғындары қандай көлік мінеді?

         -Бірінші орында – Мерседес (47 пайыз), 11 пайызы – Toyota  маркаларын,  11 пайызы – BMW көліктерін ұнатады.

         -Олигархтар қандай тамақтарды ұнатады?

         -Еліміздің ең бай тұрғындарының жартысына жуығы (43 пайызы) – қазақы асқананы, қазақы тамақтарды ұнатады. Тағы 10 пайызы – Азия елдері мен итальяндық асхананы дұрыс көреді. «Алдараспан» театрының басшысы Тука бауырымыздың «пицца Мацарелли» дейтіні бекер емес.  

-Олигархтарымыз мектепте қалай оқыған?

-Еліміздің ең бай тұрғындарының жартысына жуығы (47 пайызы) мектепті үздік бітірген. Болашақ олигархтардың – 8 пайызы мұнайшы болуды, ал 13 пайызы – инженер болуды армандаған. Бір айта кететін жайт – болашақ олирахтар гуманитарлық саланы өз болашағы ретінде қарастырмаған екен.

-Қай ел Қазақстан үшін үлгі бола алады? 

-Олигархтарымыздың 32 пайызы «Қазақстан Сингапурдың жолын қайталаса екен» дейді. Ал 12 пайызы – Қазақстан үшін ең дұрыс жол, дұрыс үлгі – АҚШ деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 8 пайызы Оңтүстік Корея мен Норвегияның даму жолы Қазақстан үшін тиімді деп санайды. Олигархтардың бірқатары Қытай, Түркия, Швейцария, Канада, Израиль, Финландия және Малайзияның жолы Қазақстанға өнеге боларлық деген ой білдірген.  

-Міне, досым, еліміздің олигархтарының тіршілігімен таныс болдың. Енді сол сауалдарға өзің жауап берсең. Менің пікірімше, біздің билік те, ұлт жанашыры атағынан үміттеніп жүрген зиялыларымыз да, мемлекеттік статистика да қазақ қоғамын жақсы білмейді. Әрбір лауазымды қызметкер жоғарыдағы басшылар көруді және естуді қалаған мәліметтерді беріп отырады. Жуырда Қазақстандағы орташа жалақы – 132500 теңге, яғни 713 АҚШ доллары деген мәлімет жарияланды. Бұл көрсеткіш Ресейдің өзінде 629 доллар, яғни бізден 82 доллар аз екен. Мен бұл сандардың қайдан алынғанын білмеймін, менің таныстарымның ішінде мұндай жалақы алатын адамдар жоқ. Әлде менің таныстарымның бәрі – шетінен сіңірі шыққан кедейлер ме?  ...Сонымен, досым, балаларың қайда оқиды?

-Менің балаларым Қазақстанда оқиды. Ұлым – ОҚМУ-да. Ал кішкенелері – орта мектепте. Басты мәселе – стипендиясыз қалып қоймаса екен деп алаңдап отырамыз. Егер сессияны дұрыс тапсыра алмаса, оқуға барып қайтуы, түс кезінде бір-екі бәліш жеуі де қиын болады. Әрине, жұрттың бәрі бірдей баласын шетте оқыта алмайды менімше, бұл қажет те емес. Сондықтан балаларға өз елімізде дұрыс білім беру мәселесін шешуіміз керек. Осы Қазақстанда оқып, қазақ топырағында тәрбиеленіп, үлкен жетістікке жетіп жатқандар көп. Мен үшін баланы шетте оқыту – арман да, мәртебеде емес. Түртері, талабы мен жігері болса, осы жерде оқып-ақ елдің бір кәдесіне жарайтын болады.

-Балаларың кімге еліктейді?

-Өз жұмысын абыроймен атқарып жүрген ағаларын, яғни інілерімді өнеге етіп, мақтап отырамын. Бәлендей бір үлкен тұлғаны немесе шетелдік компанияның басшысын пір тұтып жүрген жоқ. Көріп, біліп жүрген ағаларының үлгі-өнегесі жеткілікті деп ойлаймын.

-Бос уақытыңды қалай өткізесің?

-Бізде қайдағы бос уақыт. Таңның атысы, күннің батысы – жұмыс істейміз. Өзіміздің шағын құрылыс бригадамыз бар. Қазы-қарта жемесек те, тапқанымыз қара нан мен қант пен шайға жетіп жатады. Бұғанда Аллаға шексіз шүкір.

-Қандай сусынды жақсы көресің?

-Ілгеріде той-томалақта 200-300 грамм арақ ішіп тұратынбыз. Қазір ішпеймін. Неге? Қазір – намаздамын. Қазақ үшін сусынның сұлтаны – қымыз бен қымыран ғой. Бірақ оны да анда-санда – тойлар мен құдалықтарда ішеміз.  Жиі ішіп тұруға қалта көтермейді. Балалар оқуын аяқтап, қызметке тұрып, жөнді жалақы ала бастаса – біздер де қалаған сусынымызды іше алатын болармыз.

-Қандай фирмалардың киімін киесің?

-Негізінен Қытайда немесе Өзбекстанда тігілген киімдерді киеміз. Әзірге – қалтаның көтеретіні сол. Киіміміз жыртық болмаса болды. Таңдап киер уақтымыз әлі келген жоқ.

-Қандай көлік мінесіз?

-Көлігім әзірге жоқ. Алла бұйыртса, әйелім екеуміз өз мамандығымыз бойынша жұмысқа кіріп, ресми түрде жалақы ала бастасақ, несиеге бір көлік аламыз деген ойымыз бар. Бұл – болашақтың жоспары, ал қазір қоғамдық көлікпен жүріп-тұруға теңге-тебен болып тұрса – соның өзіне шүкіршілік етеміз.

-Қандай тамақтарды ұнатасың?

-Қызық екенсің, өзіміздің етке, соның ішінде жылқының етіне не жетсін! Біз Өзбекстаннан көшіп келгенімізге енді бір жыл болды. Өткен жылы үй тұрғыздық, тапқан-таянғанымызды үйді жөндеу мен балалардың оқуына жұмсадық. Соғым сою былай тұрсын, бір жілік ет алудың өзі бізге қымбаттық етті. Бес-алты қой, бір сиырға қолымыз жетсе, ағарған да, ет те өзімізден шығатын болады. Иншалла, бәрі де ретке түсіп кетеді. Ең бастысы – елге келдік, үйірімізге қосылдық, айналамыздың барлығы – қазақтар, басымыз аман, бауырымыз бүтін, ал қиыншылықтар – уақтыша, өтіп кетеді. Тек аянбай еңбек етуіміз керек. Ақша топтасақ, өз мамандығымыз бойынша жұмысқа орналасудың жолын қарастырамыз. Бұл жағы таныс-біліссіз, теңге-тебенсіз қиындау болып тұр.

-Мектепте қалай оқыдыңыз?

-Мен мектепте үздік оқыдым. Өз күшіммен институтқа түстім. Институтты аяқтаған соң, сол жерде оқытушы болдым, кейін – Өзбекстан Ғылым Академиясының бір институтында қызмет істедім. Өкінішке орай, барлық кезде білім байлыққа немесе билікке жол аша бермейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары байлық бөліске түскен кезде билікке жақын немесе сол байлықты үлестіруші билікпен байланысы бар, сондай-ақ қолында қоры бар адамдар меншік иелеріне айналды. Ал біз сияқты былайғы жұрт үлессіз қалды. Посткеңестік елдердің бір ерекшелігі – «шешесі жібек кимеген, әкесі топқа кірмегендердің» балаларының үлкен билікке немесе үлкен байлыққа жетуі өте сирек кездесетін жағдай. Бір анекдот есімнен шықпайды: «Генералдың баласы генерал бола алады ма? Иә, генерал бола алады. Ал  маршал бала алады ма? Жоқ. Маршалдың өз баласы бар» дейді...

-Қай ел Қазақстанға үлгі бола алады?

-Қазақ үшін Ұлы Даладан артық үлгі бар ма?! Қазақ үшін қара қылды қақ жарған әділетті бабаларымыздан артық өнеге бар ма?! Осынша кең-байтақ жерді сақтап, біздерге мұра етіп қалдырған бабаларымыздың лайықты ұрпағы бола білуіміз керек. Бірақ ол замандарда қазақтың тілі аман, діні – бір, санасы тұтас, ал мүддесі – ортақ болатын. Хандарымыз бен сұлтандарымыз, болыстарымыз бен билеріміз барымен бөлісті, жоғына – сабыр етті. Мен Назарбаевты қолдаймын, әттең, азаматтығым болмаған соң, сайлауға қатысып, дауыс бере алмадым. Өзбекстанда тұрғанымызда, балаларымыз жоғары білім ала алмайтын еді, орта біліммен қалып, өмір бойы қара жұмысқа жегіліп, ең бастысы – тілі мен қазақы ділінен айырылған болар еді. Меніңше, қазақ үшін бұдан артық қасірет жоқ шығар. Кейде балалары мен немерелеріне орысша сөйлеп жатқан қазақтарды көріп, қатты қиналамын. Ұрпақты тілінен айыруға, жас ұрпаққа мұндай үлкен зұлымдық жасауға болмайды. Осы елдің иесі де, киесі де – қазақ. Ал сол қазақтың діңгегі мен өзегі – ана тілі.

Қос сұхбатты жүргізген Үсен Асқаров.

Әншілер салық төлеуі керек пе?
9 мыңнан астам баланы шетелдіктер асырап алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу