Телефонмен сөйлесудің 10 әдебі

Oinet.kz 26-03-2019 1279

Ораза айында мұсылман баласы үшін күнделікті өмірде қажетті жағдайларға қатысты дүниелерді жария еткенді жөн көріп, «»Жұлдызбен сырласу» журналында жарық көрген Аягөз мешітінің наиб имамы Сайфуллин Думанның «Телефонмен сөйлесудің 10 әдебі» атты мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ислам барлық нәрсені қамтыған, әр уақытқа жарамды, ғылым мен өркениетке шақыратын дін. Ғылым мен техника дамыған сайын адамзат Исламның құндылықтарын ұғына түсері ақиқат. Қазіргі кездің ғылыми жетістіктерінің бірі ретінде күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефонымызды айтсақ болады. Біздердің қаншама уақытымызды үнемдеп, алыс жерлерден хабар алғызып, басқа да көптеген маңызды мәселелеріміз осы ұялы телефон арқылы өз шешімін тауып жатады. Дінімізде әр нәрсенің өзіндік әдебі бар екендігі белгілі. Сол үшін де Ислам ғалымдары Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистеріне сүйене отырып, ұялы телефонға қатысты бірқатар әдептерді көрсеткен. Ұялы телефон күнделікті өмірде кеңінен қолданысқа ие болғандықтан, мұсылман қауымы осы әдептермен танысқандығын жөн көріп отырмыз. 

Screenshot_8.jpg

БІРІНШІ: Мезгілсіз уақытта қоңырау шалмау

Құранда мынадай аят келеді: «Әй, мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер әрі ер жетпеген балаларың, осы үш мезгілде рұқсап сұрап кірсін: таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін сендер үшін осы үшеуі ұялатын мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де, оларға да айып емес». Бұл ретте қоңырау шалу зиярат жасаумен салыстырылады. Тым кеш, не ерте, сол сияқты түскі демалыс уақыттарында зәру жағдай болмаса зиярат жасалмайтындығы сияқты, өте шұғыл мәселе болмаса бұл уақыттарда қоңырау шалмаған жақсырақ. Өйткені, олай істеу басқаларды мазалауы мүмкін. 

ЕКІНШІ: Телефонды көтермеген жағдайда қайта-қайта қоңыратпаулау

Қоңырау шалушы адам қоңырауына жауап берілмеген жағдайда қайта-қайта телефон соғуы жөн көрілмейді. Себебі, ол адам намаз, жиналыс сияқты маңызды шаруа есебінен телефонына жауап бере алмауы мүмкін. Бұл тұста ең жақсысы үш мәртеден артық қоңырау шалмау. Өйткені, әз Пайғамдарымыздың (с.а.с) хадисінде үш мәрте сұралатындығы айтылған. Аллаһ елшісі (с.а.с) «Қайсыбірің кіруге үш рет рұқсат сұрағандарыңда рұқсат берілмесе, ол адам кері қайтсын», - деп айтқан. Ендеше, қоңырау шалғанда жауап берілмесе үш мәртеден артық шалмаған дұрыс. 

ҮШІНШІ: Әңгімені сәлеммен бастау

Телефон құлағын көтергенде сәлемдеспестен әңгімені бастап кету әдептілікке жатпайды. «Сәлем – сөздің атасы» деп айтылғанындай, қоңырау шалынғанынан кейін бірден сәлем беріледі. Бұған қатысты Қалида бин аль-Хабл (р.а)-ден мынадай хадис жеткен: «Бірде мен Пайғамбарға (с.а.с) сәлем берместен әрі рұқсат сұрамай кірдім, сонда ол (с.а.с) маған : Орал да: «Сендерге сәлем болсын, кіруге рұқсат па?», де», - деді». Үйге кіруші адам бірінші болып үй иесіне сәлем беретіндігі сияқты, қоңырау шалушы адам да бірінші болып сәлем береді. 

ТӨРТІНШІ: Қоңырау шалушы өзін таныстыру керек

Қоңырау шалушы адам сәлем бергеннен кейін өз есімін атап таныстыруы әдептіліктен. Жаби (р.а) атты сахабадан мынадай хадис жеткен. «Бірде мен Аллаһ елшісіне (с.а.с) келдім де, есігін қақтым. Ол: «Бұл кім?» деп сұрады. Мен болсам: «Менмін», - деп жауап бердім. Сонда ол (с.а.с): «Менмін, менмін», - деп менің жауабымды жақтырмаған адамның кейпімен қайталағкан сияқты болды». 

БЕСІНШІ: Зәру жағдай болмаса әңгімені тым ұзартпау

Мұсылман адам бос уақытын бағалап, оны жақсы амалдарға сарп етуге тырысқаны жөн. ал, енді телефонның құлағын ұстап алып, бос әңгімелер айтып, соның салдарынан алтыннан қымбат бос уақытын зая кетіру – мұсылман адамға жараспайтын іс. Уақыт адамның негізгі капиталы болғандықтан, оны адам тек жақсы іске жұмсауы керек. Хадисте де уақытты бос өткізген адамдар жайында былай делінеді: «Көп адамдар бағалай алмайтын екі нығмет бар. Ол – денсаулық пен бос уақыт». Сол үшін телефонды уақыт өткізудің құралы деп тану дұрыс емес. Әсіресе, жалпыға ортақ етіліп, көшеде орнатылған телефондарда бос сөз айтып, басқаларды тостырып қоюдан мүлде сақ болу қажет. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Мұсылман деп оның тілінен және қолынан басқа мұсылмандар зиян көрмеген адамды айтамыз», - деп айтқан. 

АЛТЫНШЫ: Қоңырау шалушы сөзді бірінші болып аяқтау

Бұл тұс та зиярат жасаушыға ұқсатылады. «Кел демек бар, кет демек жоқ» дегендей, телефон шалынған адам бірінші болып тұтқаны қоюға ыңғайсыздануы мүмкін. Сол үшін де қоңырау шалушы телефон шалудағы мәселесін айтып бітсе, бірінші болып сөзді өзі аяқтап, тұтқаны қойған жөн. онда да телефонның тұтқасын бірден тастай салмай, сөз басында сәлемдесумен бастағандығы сияқты, сөз соңында да амандық тілеп барып тұтқаны қою қажет. Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисінде: «Егер біреулерің жиынға келсеңдер, сәлемдессін. Егер қайтатын болса да сәлемдессін. Біріншісінің соңғысынан «сәлемнің) ешбір артықшылығы жоқ»,- деп айтылған. 

ЖЕТІНШІ: Телефон соғылғанда жауапсыз тастап қоймау

Телефонға қоңырау шалатын болса, еш себепсіз жауап  бермей тастап қою дұрыс болмайды. Өйткені, қоңырау шалушы жәрдемге, көмекке мұқтаж, не маңызды хабарды жеткізу сияқты басқа да шұғыл мәселемен хабарласқан болуы әбден мүмкін. Жоғарыда қоңырау шалуды үйге кіруге рұқсат сұраумен салыстырғанымыздай, телефонға қоңырау шалынғанда жауапсыз қалдыру, үйіне әлде бір жақыны келіп, есік қаққанда үй ішінде отырып, үндемеген адамның жағдайына тең. 

СЕГІЗІНШІ: Қоңырау дауысына жаман мағынадағы әуендерді қоймау

Қоңырау дауысына жаман мағынаға ие әуендер, әйел адамның сыңсыған дауысы, адамды еліктіретін әуендерді қоймауы қажет. Мұсылман адам үшін қоңырау шалынып жатқандығын білдіретін қарапайым белгі болса жетерлік. Сонымен қатар Құран аяттарын да қоймаған жөн. Өйткені, ондай жағдайда көбіне қоңырау шалғанда Құран оқылып, қоңырау тоқтатылғанда көбіне аят бел ортасынан үзіліп қалып жатады. Кейде дәретхана сынды лас жерлерде әлдебіреу қоңырау шалып, Құран аяты оқылып жатса, тағы дұрыс болмайды. Бұл Аллаһ Тағаланың ькітабына деген құрметсіздік болып табылады. 

ТОҒЫЗЫНШЫ: Әйел адам ер адаммен сөйлескенде дауысын бірқатыпты ұстау

Кей әйелдер ер адаммен сөйлескенде дауысын құбылтып, өзгертіп, әсемдеп жатады. Әсіресе, бизнес саласында бұны «имидж» деп танитындар бар. Психолог ғалымдар ер адам әйел адаммен сөйлескенде сөздің мағынасынан бұрын ырғағын бірінші қабылдайтынын айтады. Бұның арты жаман ойға алып келетіндігі шындық. Шариғатымызда әйел адамның бұндай дауыс құбылтып сөйлеуі дұрыс деп танылмайды. Құранда Аллаһ Тағала: «Әй, Пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлде біреу сияқты емессіңдер. Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлде кім үміттенеді. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер». Бұл аяттар Пайғамбарымыздың (с.а.с) жұбайларына айтылғанымен, аяттағы үкімдер барша мұсылман әйелдеріне қатысты болмақ. Сол үшін телефонмен сөйлескенде мұсылман әйел күнделікті табиғи дауысымен сөйлегені дұрыс. 

ОНЫНШЫ: Мешітке кірерде ұялы телефонды сөндіру

Мешітке құлшылық ниетімен келген басқа мұсылмандардың құлшылығында, намаздарында, зікірлерінде ықылас танытуға кедергі келтірмес үшін мешітке кірерде ұялы телефонды толықтай сөндіріп қою қажет. Толықтай деп отырғанымыз кей адамдар мешітке кіргенде ұялы телефонның дауысын ғана сөндіріп қойып, намаз уақытында оның ызыңы (вибрация) естіліп тұрады. Бұл да басқа мұсылмандарға кедергі жасайтын,ы сөзсіз. Сол сияқты сабақ уақытында немесе «ұялы телефоныңызды сөндіріп қойыңыз» деп жазылған кей жерлерде ұялы телефонды сөндіру әдептілік деп танылады.            

Анджелина Джоли киноға түспейтін болды
Шрек өмірден алынған кейіпкер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу