Алдар Көсенің кезекті хикаясы

Oinet.kz 18-03-2019 1479

Screenshot_12.jpg

Қазақ кинематографиясының тарихындағы ең сүйікті кейіпкерлердің бірі – Алдар Көсе екені даусыз. Басты рольді атақты Шәкен Айманов  сомдап, өзі режиссерлік еткен тұңғыш фильм сонау 1964 жылы түсірілді. Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қасымхан Шанин секілді майталман әртістер түскен  бұл туынды қазақ киносының алтын қорынан орын алды.

Алдар Көсеге арнап Кеңес дәуірінде мультфильм де түсірілді. Соңғы кездері режиссерлар тарапынан Алдардың персонажына деген қызығушылық қайта жандара бастады. Айталық, былтыр Шымкентте «Алдар Көсенің хикаялары» атты фильм түсіріле бастап, биыл отандық кинотеатрларда көрсетілді. Сюжет бойынша басты кейіпкер бақсымен кездесіп, оны да қулығымен жеңеді. Алданып, ұтылып қалғанына ашуланған бақсы әзілқойды қазіргі заманға аударып жібереді.  Басты рольді белгілі актер Бақытжан Әлпеисов сәтті сомдады. Шымкенттік «BEST» студиясы түсірген  туынды көрермендердің көңілінен шықты. Алдар Көсе тақырыбына арналып осыдан біраз бұрын 3D форматында анимациялық фильм де түсірілген болатын. 

Енді, міне жуырда Алдар көсенің орындауында және бір жаңа жоба тұсауын кесті. Қазір «Еларна» телеарнасында «Алдар көсе» телехикаясының көрсетілімі жүріп жатыр. Бірден айтайық, алдыңғы жобаларға қарағанда осы телетуындыға әжептеуір дайындық жасалыпты. Әр сериясы шамамен жарты сағатқа созылатын бұл сериалдың ерекшеліктері аз емес. «Бұл сериалдың жаңашылдығы сол, Алдар Көсе бір сериясында ХІХ ға¬сырдағы байлардың аузын аштырып жатса, келесісінде Астана, Алматы қалаларындағы қарапайым тұрғын бейнесінде бүгінгі күннің кейіпкерлерімен қалжыңдасады. Сөйтіп ол бір дәуір мен екінші дәуірдің ортасында жүреді», дейді фильмнің авторлары. 

Басты рөлді Дәурен Серғазин атты жас актер сомдайды, сонымен қатар фильмге Бибігүл Төлегенова, Болат Әбділманов, Алмагүл Әлішева секілді танымал өнерпаздар түскен. Жобаның музыкалық продюсерлігіне белгілі әнші  Батырхан Шүкенов тартылыпты. 

Мұрағаттан, 23.12.2011 ж

Тәуелсіздік мерекесін әлем елдері қалай атап өтіп жүр?
Созақта Асқар Сүлейменовке ескерткіш қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу