Созақта Асқар Сүлейменовке ескерткіш қойылды
Өміртай!
Аманбысың. Бет, көзіңнен айналайын сол. Ел-жұрт, ағайын-туған, дос-жаран, қары мен бөрі тегіс түгел деп сенуге де, нануға да міндеттімін.
Көкірек басқа шығар – көз бен көңіл бір.
«Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой» -- деген расқа, растың анығына жүрер болса, Қисыққұйрықтарды, Қаражандарды, Сарытөбел, Сарықасқаларды түйсідік – баба аталарың қаласа әлі мінесің.
Былтыр, қаңтар алды қара күзде барғанда жолыға алмадым, демалыста жүр деді. Шымкентте деді. О тұстан да іздестірдік... таппадым.
Жазмыш шығар.
Айтпағым – қай жылғы қара шал баз кешкен тұстағы шаруаны мен кешіктіріп алдым. Мені қинары да сол.
Қайтпайды десең сені де сол, ой-ұғым қинамаққа керек.
Ақталмаймын – қайтарам.
Үлкен-кіші ағайынға сәлем айт.
Әсіресе, Дулат, Әуезхан, Разық тақылетті жат тұрттың тұяқтарына.
Қалекең мен келінге, мол сәлем еншіле.
Сәлеммен Ас, Алматы, март, 1976 жыл.
Адрес: Алматы-70, Чапай көшесі 54, 34 пәтер. Жұмыс телефоны: 33-79-84, үйдікі: 44-52-64.
Бұл қарымды қаламгер, дарынды драматург, зерек сыншы Асқар Сүлейменовтің шежірелі Шолаққорған ауылында(Шолаққорған—Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының орталығы) тұратын бала кезден бірге өскен досы Өміртай Исаұлына арнап жазған хаттарының бірі ғана. Есейген шақта да екеуі жұптарын жазбай бірге жүрді. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін біреуі арман қала Алматыда тұрақтап қалып, біреуі алтын бесіке ауылға қайтқанымен бірін-бірі іздеп жиі хат жазысқан екен. «Өркениетке өтіп кеттік» деп өрекпіп жүрген қазіргідей алмағайып заманда түсіне білген жандарға өткен тарихтан сыр шертетін мұндай хатттар қыруар қазына.
Асқар Сүлейменов «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қаламының жүйріктігімен, өзіндік жазу өрнегімен танылды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. «Бесін», «Адасқақ», «Кек» дейтін кітаптары бас бармақпен бағаланып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Жазған хаты мен шығармасының астына «Ас» деп қол қоюға дағдыланған ол «Ас» кинофильмінің, сондай-ақ «Құлагер», Арғымақ пен шабандоз» фильмдерінің сценарийін жазды. «Жетінші палата», «Штата қысқарту», «Төрт тақта жайнамаз» деген драмалық туындыларды дүниеге әкелді.
Ал досы Өміртай Исаұлының да өмірі өнегеге толы. Талай шаруашылықтың тасын өрге домалатқан іскер басшы болған оның шежірешілігі мен әдебиетшілігі жайлы ел аузында әдемі әсерге бөлейтін әңгіме көп. Сырлы Созақта кіндік қаны тамған тағы бір талантты жазушы Тәкен Әлімқұлов пен Өміртай Исаұлының арасында да өзгелер қызыға, қызғана қарайтын біте қайнасқан байланыс болыпты. Өмекең сол бір кезеңдерде Тәкен Әлімқұловтың 60 жылдық мерейтойын «Жартытөбе» кеңшарын басқарып тұрғанда дүркіретіп өткізіп берген азамат екендігін елден естідік.
«Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы қалай дәл айтылған десеңізші. Өміртай Исаұлының өмірдегі, әдебиет әлеміндегі достарымен қаншалықты аралас-құралас, сыйлас-сырлас болып ғұмыр кешкенін көзімен көріп өскен ұлағаты ұл Карл талантты жандарға жанашырлық жасауды, былайша айтқанда әке салған сүрлеуді жалғастыруды ұйғарғаны қуанышты-ақ жайт. Аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, халық сенімін арқалаған Карл бұған дейін өз қаржысына Аққолтық елді мекеніне медициналық пункт салып беріп, сол округке жедел-жәрдем көлігін тарту еткен еді. Жақында Шолақорғандағы Асқар Сүлейменов атындағы орта мектептің алдынан кәсіпкер Карл Исаевтың жеке қаражатына бой көтерген талантты жазушының еңселі ескерткіші салтанатты түрде ашылды. «Аудан, облыс, тіпті республика көлемінде дара дарын иесі Асқар Сүлейменовке әлі ескерткіш қойылған емес. Достыққа адал Асекең мен әкем қалыптастырған ажырамас қарым-қатынасты бүгінде олардан өсіп-өнген ұл-қыздары жалғастырып жүрміз. Жас ұрпақтың Сүлейменов салған сүрлеумен сөз өнерінің биік шыңын бағындыруларына бағыт-бағдар беріп тұрсын деп осы тірлікті жүзеге асырдым» дейді Карл Өміртайұлы ағынан жарылып. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы да.
Ескерткіштің ашылу салтанатына аудан басшылығы, Асқар Сүлейменовтің жары, белгілі журналист Әлия Бөпежанова, кенже қызы Әсма, ауылда тұрып академик атанған тарихшы, әдебиетші Дулат Тұрантегі, сыныптастар, жергілікті тұрғындар көп қатысты. Осындай ескерткіш шалғайдағы Шолаққорғаннан бұрын жазушының таланты танылған, табанның ізі қалған Алматының төрінде тұрса әбден жарасар еді-ау деген ойды да көпшіліктің ортасынан құлағымыз шалып қалды.
Жалпы биылғы жыл Асқар Сүлейменовтің аруағы бір аунап түсетін айрықша жыл болғаны анық. Кезінде «Қазатомөнеркәсіп» тізгінін Мұхтар Жәкішов ұстап тұрған тұста сол жылдардағы аудан әкімі Созақбай Әбдіқұловтың ұйытқы болуымен тозығы жеткен, ескірген Асқар Сүлейменов атындағы орта мектеп ғимаратының орнына жаңадан білім ошағын салу қызу қолға алынған болатын. Бірақ саясаттың салқын желі Жәкішов пен Әбдіқұловты қызметтерімен қош айтыстырғаннан кейін орта жолдан тоқтап қалған тірлік биыл қайта жалғасын тапты. Жаңа оқу жылы басталған 1 қыркүйекте ауданда уран өндіретін «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының демеушілігімен салынған, заман талабына сай сән-салтанаты келіскен су жаңа мектеп халық игілігіне ұсынылған еді. Енді міне, Асқар Сүлейменов атындағы орта мектептің алдында көрнекті қаламгердің көрсең көз сүйсінетін ескерткіші бой көтерді.
29 желтоқсан-талантты жазушы Асқар Сүлейменовтің туған күні. Ердің жасы елуден енді асқан шағында пәни дүниедегі талқаны таусылған ол ғұмыр кесесі тым ертерек толмағанда 73 жасын арқа-жарқа атап өтіп жатар ма, едік. Туған күніне бұлайша тарту жасатқан пай-пай жалған дүние-ай десеңізші.
Мұрағаттан, 23.12.2011 ж