Өлімге құштарлықтың құпиясы неде?

Oinet.kz 02-03-2019 1801

Screenshot_16.jpg

Былтырдан бері Сайрам ауданын кәмелет жасына толмағандар арасындағы  бұрын-соңды болмаған суицид жайттары дүрліктіріп келеді. 2010-жылы 15 жас жеткіншек өзіне-өзі қол жұмсап, өмірімен қоштасты. Биыл  қайғылы оқиғалар азаюдың орнына өрши түскен. Бір ғана қаңтар айында 6 мектеп оқушысы ажалға ұмтылған. Қаншама ана қара жамылып, жүздеген жүректерге жара түсірді.  Әсіресе  өзін өлімге итермелегендердің арасында тіпті бастауыш сынып оқушылары да болғаны қатты алаңдатады. Суицидке барғандардың арасында 2-3 сынып оқушылары да кездесті.  

Бұғанасы  қатпаған, әлі оңы мен солын танымаған жас жеткіншектердің өмірін қиюына қандай себеп  итермеледі? Жантүршігерлік оқиғалар тізбегінің себебін  психолог мамандар мен медиктер, жергілікті атқарушы орган өкілдері, мұғалімдер мен ата-аналар түсіндіріп беруге қауқарсыз. Тек белгілісі, қазіргі таңда суицид саны жөнінен  халқының саны 300 мыңға жуықтайтын Сайрам ауданы бір жарым миллион тұрғыны бар Алматыны артқа тастады. Кәмелетке толмаған оқушылардың біразы  асылып өлсе, енді біреулер сірке суын ішуге барған. Әлбетте, мұны жай ғана кездейсоқтық деуге келмейді.  Биыл суицид фактілері Мақтарал, Ордабасы аудандары, Шымкент пен Түркістан қалаларында орын алғанымен, тіркелген қайғылы оқиғалар Сайрамдағыдан бірнеше есе аз. Бір ауданның шеңберінде өзіне-өзі қол жұмсау  фактілерінің мұншалықты жиілеп кетуінің сыры неде? Әлеуметтік жағдайдың төмендігі ме, әлде отбасы мен сыныптастармен  арада болған кикілжіңдер ме? Бәлкім қылмыстық топ немесе қандай да діни сектаның жасырын әрекеттері болар? Әрқилы пікірлер, түрлі жорамалдар айтылып жатқанымен,  мамандар негізгі себепті айта алмай отыр. Жалпы, психологтарды  тығырыққа тіреген жайттар аз емес. Айталық, суицидке барған балалардың көпшілігінің тұрмыстық жағдайы жақсы, мектептегі сабақ үлгерімі жоғары болып шықты.  Ата-анасы мен қатарластарының арасындағы қарым-қатынастары да қалыпты. Қандай да қылмыстық топтың немесе сектаның да ізі байқалмайды.  

Жантүршігерлік жағдайларға байланысты ауданда арнайы комиссия құрылып, елдің үрейін  туғызған жайттардың анық-қанығын зерттеуге ден қойылды. Әйткенмен, қайғылы оқиғалардың барлығы дерлік үй ауласында орын алғандықтан, нақтылы себептерді анықтау мүмкін болмады. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Бақтыбек  Танакөзовтің пікірінше, жас жеткіншектерді өлімге итермелеген себеп бірнешеу болуы мүмкін.  

- Бұл жағдайдың бірнеше себебі болуы мүмкін, - дейді Б.Танакөзов. - .  Ашаршылық жылдарында, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде жұрттың барлығы тірі қалуы үшін, ұрпақтың аман болуы  үшін арпалысқан еді. Ал тоқшылық орнаған қазіргі заманда жастар мен  жасөспірімдердің өмірге бейімсіз сияқты. Болмашы бір қиындыққа да төзе алмай, өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін. Тағы бір болжам– психикалық ауру деген әңгіме айтылып жатыр. Ажалдан аман қалғандардың бірі көзіне ақ киім киген ақсақалды қария көрініп, өлімге итермелегенін айтады. Бұл жағдайға байланысты денсаулық сақтау саласының мамандары мен психологтар бағасын беруі керек. Қазір ондай тұжырымды ешкім айта алмай отыр. Балалардың осылайша суицидке баруының бір себебі  ауыспалы экономика мен дағдарыстың қиындығында жатуы да ықтимал. 90-шы жылдарда елде жаппай жұмыссыздық белең алып, жұрттың барлығы күнкөрістің қамымен көше, базар кезіп еді. Мұның барлығы жүйкенің тозуына әкеліп соғады. Бәлкім, сол кезеңде болған  үлкен стресстің салдары ендігі ұрпақтың психологиясына кесірін тигізуі мүмкін. Бірақ бұның да тек  болжам екенін ескерткім келеді. 

Облыстық балалар құқығын қорғау департаменті мамандарының пікірінше, қоғамда суицид мәселесінің қызу талқылануы балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуіне әсер еткен факторлардың бірі болуы мүмкін. Бұл  проблема қызу талқыланып, мектептерге тексеру комиссиялары жиілеген тұста  суицид көрсеткіштерінің өсіп отырғаны байқалды. Мұны мектеп оқушыларының балалылығымен, романтикалық сезімдерге берілгенімен байланыстырып жатқандар бар. Жасөспірімдердің арасында «өзіне-өзім  қол жұмсасам ел-жұрттың назарын аударамын, таныла түсемін» деген балалық психологияның орныға бастағанын да жоққа шығарма алмаймыз.  

- Ең қауіптісі - осыдан біраз бұрын жасөспірімдер арасында «рахаттанып өлу» ұғым кең тарай бастады. Тіпті интернетте оның тәсілін көрсетіп, жан-жақты жарнамалаған роликтер орналастырылды. Жоғарғы қабаттан секіріп, қалықтап ұшып келе жатқан жасөспірімнің бейнесі арқылы  өлімнің қандай рахат екені насихатталды.  Мұндай «жарнама» балалардың санасына қатты әсер етеді, олар еліктей бастайды. Әйтеуір, осындай өте қауіпті де сұмдық интернет роликтерге  әрең тосқауыл қойдық. Жалпы, менің пікірімше, жеткіншектер суицид тақырыбына байланысты ештеңе көріп, естімегені абзал. Бұл тақырыптағы кез-келген ақпаратты шектеген жөн. Есесіне балалардың өмірге деген құштарлығын арттыруға, өмір сүрудің кереметін жан-жақты түсіндіруге барынша күш салуымыз қажет. Қазіргі негізгі  жұмысымыз осы бағытта жүріп жатыр. Тәрбие сағаттары өткізіліп, түрлі  іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алдық, - дейді бізбен ой бөліскен  балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Рахима Зулбикарова. 

Сайрамдағы оқиғаларға қатысты базбір мамандар мына жайтқа да назар аударады: өзіне қол жұмсағандардың басым бөлігі - өзбек ұлтының өкілдері. Бұл тұрғыда өзағамдардың  жақын туыстардың арасында қыз алыса беретін дәстүрін ескеру қажет. Кейбір сарапшылардың  пікірінше, мұндай некеден тараған ұрпақтың ішінде психологиялық ауытқулардың мүмкіндігі арта түседі. Дегенмен, ресми түрде бұл жорамал айтылып жатқан жоқ.  

  Біраздан бері Сайрам ауданынындағы мектептердегі жұмыс қатаң бақылауға алынды. Бірқатар оқу орындарының басшылары балалардың психикасын бақылайтын диагностикалық карталардың түзiлмегені, оқушылар арасында тест пен  сауалнама жүргізілмегені үшін  сөгіс алды. Қазір  психолог мамандардың жұмысы күшейтілді. Дегенмен, «балаларды суицидтен аман сақтауға психологтар қауқарсыз» деген де пікір ұстанатындар бар. Ақсукентте тұратын емші Үрмет Алмаханбетұлы  мектепте қабылданып жатқан шаралардың толық нәтиже беретініне күдікпен қарайды.  

- Психологтардыкі жай әңгіме ғана, - дейді ол. -  Өзіне қол жұмсау - құпия әрі киелі ауру. Ол құпияның жауабын тек Құраннан іздеу керек. ауруға шалдыққандар бір жылға жуық уақыт қалыпты өмір сүріп  жүре береді. Сабағына барады, тамағын ішеді. Сырттай ештеңе байқалмағанымен, баланың ойы, психологиясы мүлдем басқа жақта болады. Оны өзге отбасы мүшелері аңғармай да қалады. Аурудың киесі болады. Айталық, бір адам асылып өлсе, сол көшеде мұндай қайғылы оқиғаның  қайталануы әбден мүмкін. Мәселен, Қаратауда бір көшенің 5 тұрғыны асылып өлген. Алды 8 жасар бала, үлкені 30 жасар азамат ажал құшты. 

Статистикалық мәліметке жүгінсек, жыл сайын елімізде 8 мың адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл көрсеткіш әсіресе қаржы дағдарыс басталған соң өсе түскен. Несие алып, қарызынан құтыла алмағандардың  арасында тығырыққа тіреліп, ақыры ауыр әрекетке барып жатқандар жоқ емес. Жалпы, өзін-өзі өлтіру қазақтың дүниетанымына жат болса да, өкінішке қарай,  дүниежүзінде суицидке бейім елдердің көшін   Қазақстан бастап тұр. Бұл жөнінен біз тіпті депрессияға ұшырап, жан күйзелісінен өзін-өзі өлтіруге баратын жапондарды да артқа тастаппыз.  Елімізде 100 мың адамның  орта есеппен 30-ы өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұдан жоғары көрсеткіш тек Литва, Белоруссия мен Ресейде ғана тіркелген. Бір қызығы, әлемде суицид фактілері ең аз тіркелген елдердің қатарында Грузия, Әзірбайжан мен Армения бар екен. Посткеңестік кеңістіктегі елдерде жер мен көктей айырмашылықтың себебі неде?  Соңғы онжылдықта әлем бойынша әсіресе жасөспірімдердің суицидке баруы 3 есе артқаны дәлелденіп отыр.  Демек, бұл тұрғыда мектеп мұғалімдері, психологтар мен ата-аналардың жауапкершілігін анағұрлым арттырып, өскелең ұрпақты аман қалдыруға бағытталған кешенді бағдарлама қабылдау қажет. Бастысы, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру керек.  Себебі атам қазақ өзіне-өзі қол жұмсауды рухани дерт, ауыр күнә, кешірілмейтін қылмыс деп білген. Ұлттық қауіпсіздік мәселесін қамтитын бұл мәселе әдеттегі науқаншылдықпен шектелмесе деп тілейміз. 

Дерек: 100 мың адамға шаққандағы әлемдегі  суицидтің көрсеткіші : 

Литва  Литва 42

Белоруссия  Белоруссия 37

Image  Россия 36

Казахстан  Казахстан30

Венгрия  Венгрия28.5

Image  Латвия26

Украина  Украина25

Япония  Жапония24

Мұрағаттан: 24.11.2011

Төле би Қазыбек биден кіші ме?
Жігер Ауыпбаев: «Келіншегім жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу