Жабылған кредиттер бойынша комиссияларды өндіріп алуға болады
Заңгер Ерболат Аймағанбетов жабылған несиелердің комиссияларын өндіріп алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Азаматтық кодексінің 386-бабы, 4-ші бөліміне қарасақ, келісімшарт уақыты біткеніменен сол келісімшарттағы заңсыз әрекеттер болса, жауапкершілік тоқтатылмайды. Ал арыздану уақыты келісімшарттың аяқталуымен басталады делінген. Бұл туралы кодекстің 380-бабы, 2-бөлімінде айтылған. Бұл дегеніміз, келісімшарт бойынша кредит жабылса да, азаматтық заңнамаға сәйкес, үш жылдың ішінде жауапкершілік сақталады, яғни, қай жаққа шығын келді, сол сотқа шағым түсіре алады. Азаматтық кодекстің 178-бабы, 1-бөлімінде арыздану уақыты үш жыл деп белгіленген», - деді Е.Аймағанбетов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының азаматтары немесе олардың заңды өкілдері кодекстің аталған нормаларына сүйеніп, аудандық соттарға арыз-талап түсіре алады. Осы уақытқа дейін біраз адамдар сот арқылы жабылған несиелердің комиссияларын қайтарып алды. Мәселен, аудандық соттар кредит пен займдарға қызмет көрсеткені үшін банктердің алған комиссиялары бойынша халыққа 9 миллиард теңгені қайтарып берді. Айта кетейік, бүгін елордада өткен брифингте заңгерлер соттардың түсініксіз әрекетіне арызданды. Заңгер Ільяс Ахметовтің айтуынша, ақпан айында ғана Есіл аудандық сотының бір судьясы жабылған несие бойынша арыз-талапты қанағаттандырса, сәуірдің басында тура сол судья осы іспеттес істі кері қайтарды. «Судьялардың өздері де бірқатар түсініспеушіліктің бар екенін мойындап, Жоғарғы сотқа сілтеп отыр. Сол жақтан түсініктемені күтіп отырмыз дейді. Айтпақшы, ертең, 10 сәуір күні Жоғарғы сотта банктердің кассациялық арыз-шағымдары қаралады. Енді, соттар осы істердің нәтижесіне қарай жұмыс жүргізетін шығар», - деді І.Ахметов елордада өткен баспасөз мәслихатында.