Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Аялдамада автобус күтіп отырғанмын. Жаныма үш-төрт жасар қызын жетектеген қазақтың жас келіншегі жайғасты. Тілі былдырлаған сүйкімді қыз ойнап отырып қолындағы сусынын киіміне, одан қалғанын жерге төгіп алды. Бүлдіріп алғанын байқамай қалған бүлдіршін анасына мөлиіп қарады. Баланың қылығына ашуланған анасы айналасындағы адамдарды елемей бар дауысымен айғайлай жөнелді. Бәрінің назарын өзіне аудартқан келіншек жылап қалған қызға «сұмырай, салақ» деген секілді сөздерді жаудырып жатыр. Дауыстап жылаған қызды жұбатудың орнына шапалақпен екі рет періп қалды.
Байғұс қыз бұдан кейін ентігін мүлдем баса алмай қалды. Мына сұмдықты көріп мен шыдап тұра алмадым. Анасына «қыз баласын сонша ұрғаның қай қылығың? Көшенің ортасында сәбидің абыройын түсірдің ғой. Бала болған соң бүлдірмей жүруші ме еді? Қоғамдық орындарда баланы бұлай сабағаның жарамас» деп едім, әлгі келіншек өзіме қарай атылып: «Сіздің жұмысыңыз болмасмын. Қызым болған соң, қалай тәрбиелесем де өзім білемін» деді. Оның мына жауабына ызам келсе де үндемедім.
Ол өзінің осы іс-әрекетінің арқасында айналасындағыларға тәрбиесінің қандай екенін ұғындырды. Артық айтсам кешіріңіздер, бірақ «жетесізге қанша айтсаң да ұқпайды» деген сөз бар ғой. Баланы көшеде ұру нағыз мәдениетсіздікке жатады. Оның үстіне қыз баласына қазақ халқы ешқашан қол көтермеген. Жас баланы үйде тәрбиеге алу керек. Әрине, балаға мүлдем қол көтеруге болмайды дегім келмейді. Ер баланы әкесі шектен шыққанда бір-екі рет аздап ауыртпай сабап тұрғаны дұрыс. Алайда көпшіліктің көзінше баланы ұру оның сана-сезіміне, психологиясына кері әсер етеді. Жұрттың көзінше әке-шешесінен таяқ жеген баланың қандай күйде болатынын сезініп көріңізші.
Өкінішке орай көпшілік ата-ана баласының емес алдымен өздерінің тәртібіне мән берсе деймін.