Роза Рымбаеваның тұңғышы үлкен сахнаға жол тартты

Oinet.kz 09-10-2009 1234

Screenshot_23.jpg

2007 продюсер Лялиза Калгулованың бастамасымен құрылған «Slang» тобы ә дегеннен-ақ жұрттың өзіне деген назарын аудара қойды деп айту қиын. Алайда, біраздан бері жастардан құралған шығармашылық ұжымға деген қызығушылық еселей арта түсті. Себебін түсіндіре кетелік.

 Алғашқы жылдары топтың құрамында Айжанмен бірге Айбар, Нұрғали, Әрсен есімді жігіттер өнер көрсетті. Қазір жаңадан құрылған топпен ешкімді де таңқалдыру мүмкін емес екенін ескерсек, «Slang» тобы өзі секілді топтардың арасынан анау айтқандай көріне алмауының себебін айтпаса да түсінікті.  Алайда, кейіннен келе ұжымда айтарлықтай өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, топтың құрамы  өзгеріп, жоғарыда аталған жігіттердің орнын  Әлішер Насыров пен Әли Оқапов алмастырды. Ел-жұрттың назары бірінші кезекте Әл Оқаповқа неге аударылғанын тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Ол -  қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың тұңғышы.

 Әли Оқапов 1991 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген.

Кішкентайынан музыкаға әуес Әлидің әуен жазатын сазгерлік қасиеті ерте байқалды. Әли Оқапов қазір К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің «фортепиано» факультетінің 12-сыныбында оқиды.  Сонымен қатар,  бос уақытында  сурет салғанды ұнатады. Әлідің тағы бір қыры – ол би өнерін жетік меңгерген. «Slang» тобының хореографиялық ізденістері көбіне Әлидің идеялары болып табылады.

- Топқа келер алдын анаңмен ақылдастың ба?

Әрине, ақылдастым. Себебі бұл өмірімдегі алғашқы және үлкен қадамдарымның бірі. Ал, анам әр уақытта менің идеяларымды жақсы қолдайды, бұл жолы да қарсы болмады.

- Анаңның айтатын  кеңестеріне жиі жүгінесің бе?

- Әлбетте. Өнер болған соң түрлі жағдайлар, көптеген сұрақтар туындайды. Сол кезде анамның ақылына құлақ асамын. Ол кісінің үнемі айтып отыратын кеңесі. «қай жерде, қай салада болсаң да қолыңнан келетін іспен айналыс және ең бірінші бол!»

- Білуімізше, сен бұған дейін тағы бір топта өнер көрсеткен екенсің?

Әли: Иә, өнерге жақын достарымызбен ансамбль құрғанымыз бар. 1 жылдай өнер көрсеттік, бірақ, бұл жобаның ғұмыры ұзаққа созылған жоқ.

- «Slang» тобы - нағыз жастарға арналған топ.  Ән айту стилі де, мәнері де қазіргі көп кездесіп жүрген жобаларға ұқсайды. Бұған анаңның көзқарасы қалай болды?

- Мен бала кезімнен музыкаға әуес болдым. Ал бұл топтың стилі бір қарағанда  жеңіл болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Басқа жанрлармен де салыстыруға келмейді. Себебі, кез-келген жанрдың өзіндік ерекшеліктері бар.

- Өзіңнен кейінгі інің Мәди немен айналысып жүр?

- Мәди де музыка жолын таңдады. Қазір менімен бір  мектепте, бір факультетте, яғни,  фортепиано класында оқиды. Биыл 4-сыныпқа көшті. Болашақта ол да үлкен сахнаға шығуды армандайды. Бірақ, оны уақыт көрсетер.

- Өнер жолының өзіндік қиындықтары бар, осы ойланып көрдің бе?

-  Мен бала күнімнен өнерлі ортада өстім. Сондықтан, осы жолды таңдағанда   қиындығы мен қызығының қатар жүретінін жақсы білдім. Алғашқы қадамдарымды қалай басатынымды да алдын-ала жан-жақты жоспарлап алдым. Сондықтан да анамның бұл турасында маған жәрдем беріп, кеңес айтуының аса қажеті болмады.

- Анаңды қалайша қуанышқа бөлейсің?

-  Анамды қуандыру үшін  арнайы сыйлық жасаудың керегі де жоқ.  Мәди екеуміздің кез-келген жетістігіміз - ол үшін үлкен қуаныш. Осының өзі үлкен бақыт деп ойлаймын!

Көп компаниялар «тендер» дегенді «жеңдер» деп естиді
Анар Батырхан: Үндістандықтар мені өздерінің қызы ретінде қабылдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу