Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Сәбит Мұқановтар өмірде қандай адам болған?

Oinet.kz 24-03-2019 1142

Міне жасым сексенге келді. Әрине аз емес. Айтарым да көп. Бірақ сексен жылда көргенімді, басымнан кешкенімді баяндап беру үшін тағы бір сексен жыл керек... Сондықтан қазақтың атақты, аяулы жандарымен кездескенімді ғана жаздым.

image.png

МҰХТАР ӘУЕЗ

1958 жылы университетте оқып жүрген кезімізде Мұхтар Әуез бізге сабақ берді. Тиісті кезде емтихан тапсырамыз. Мен өңкей «бес» алып жүрдім.

Бір күні сабақ аяқталған соң, мен топ ағасымын, қасына жақындап: Журналға қол қойыңызшы, - дедім.

- Бәлі, - деді Мұхтар аға, - Сонда не, маған сенбей ме екен?

Бұрылып жүре берді. Артынан келе жатырмын. Жоғары қабатқа көтерілді. Мен де көтерілдім. Деканның кабинетіне кірді де: Әй – деді деканға – бұл не?

Декан бұлай болады деп күтпеген болуы керек, қалбалақтады қалды: Мұха, Мұха, кешегі жиналыста солай деп шешім қабылданды ғой...

Мұхаң бұрылып жүре берді. Менде үн жоқ, артынан еріп келемін. Соны сезді ме, білмеймін, маған бұрылып: Сағат үште үйге кел, Тургеневтің шығармалары бойынша курстық жұмыс жазасың, - деді.

Сабақтан шыға салып тіке тарттым. Сағат үш болғанша көшеде тұрдым. Есікті жазушының өзі ашты. Олай жаз, былай ізден, деп кеңестер берді. Кейін көп ғалымдар отырған бір жиналыста Қалтайды аспирантураға алып қалу керек, деді. Бәрі Мұхаңның сөзін қостады.

Бірақ, сол жылы оқу бітіргендерге дипломның орнына жұмысқа жолдама берілсін, деген Хрущевтің бұйрығы шығып ғылым жолына түсудің сәті түспеді.


СӘБИТ МҰҚАН

Қазақ Мемлекеттік университетінің стдентімін. Бұрынғы Орталық Комитет үйінің ғимаратында оқитынбыз. Сабақ таңертеңгі 8-де басталады. Үлгерсек тамақ ішеміз. 

Сағат 2-лерде сабақтан шығып келе жатсақ, гүлзарда жазушы Сәбит Мұқанұлы отыр екен. Мен бірге оқитын балаларға: «жүріңдер сәлем берейік», дедім. Олар жүрексінді ме бармай қалды. Мен барып сәлемдестім. Сәлемімді қабылдаған жазушы: «Қай баласың, туған жерің қай жақ?» деп сұрады.

Жауап беріп жатып жақында ауыл-шаруашылық жұмыстарына көмектесуге барып Солтүстік Қазақстаннан келдік, деп айтып қалдым. Содан Сәбит ағамыз біраз адамдарды сұрады. Мен студенттердің шатбының бастығы болған едім. Басшылардың бәрін білемін. Сұраған адамдары туралы «бәрі аман-есен» деп айтып бердім.

Содан соң Сәбит Мұқанұлы: «Осы біздің Мәкең, жеңгеңді айтамын, соңғы кезде қалтамды қарайтынды шығарды. Балаларға бірдеңе керек, дей ме әйтеуір. Қалтамды қарайыншы» деп қалтасына қолын салды. Содан «Сабағыңды жақсы» деп, Лениннің суреті бар қызыл он сомдық ақшаны қолыма ұстатты. Ол кезде он сом өте көп ақша.

Кетпей күтіп тұрған жігіттер «Біз бәрін көрдік, саған ақша берді, бізді ресторанға апарасың» деп жабысты. Содан «Алатау» ресторанына барып бір тойғанымыз бар. 


ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚҰЛЫ

Жүнісбек нағашым үлкен иықты, ірі кісі еді. Шешем Мәрияның анасы Күмісай Кенесары ханның жетінші ұрпағы еді. Бай болған соң ауылында ұста, шебер ұстайтын. Сол шебер Шәмшінің әкесі Қалдаяқ. Балдыз деп менің 15-16 жастағы шешемді «алмаңды ұстаймын» деп қуып жүреді екен. Шәмшінің әкесі кейін Қалдаяқ атанып кеткен Әнәпияның нағашылары, төре.

Шәмшіні алғаш рет  8-сыныпта оқып жүргенімде Арыстағы Омар деген кісінің үйінде алғаш рет  көрдім. Ол кісінің екі шешесі бар еді, оларды Қоскемпір дейтін. Мені, Шәмшіні «жиен» дейтін. Шәмшінің Қапланбекте оқып жүрген кезі.

Кейін Алматыда кездестік. Университетте оқып жүрген кезім. Шәмші Консерваториядан шығып қалған кезі екен. 

1964 қыздар педагогикалық институтында қызмет етіп жүрген кезім. Көшеде кездесіп қалдық. Үйге шақырдым. Анам Шәмшіні «айналайын» деп қарсы алды. Жұбайым жақсылап тұрып дайындаған дастархан басында Анам бәрін сұрап, түні бойы әңгімелесті.

Ертеңіне институтта Шәмшімен үлкен кездесу ұйымдастырдым. Шәмші келді дегенді естіген студенттер қуанып кетті. Бұл кездесуге кешкі, сыртқы бөлімде оқитын студенттер де қатысты. Кездесу өте жақсы өтті. 

Кейінде көп кездесіп жүрдік.


ҚАСЫМ ҚАЙСЕНҰЛЫ

Университетте оқып жүргенімде Ғабит Мүсірепұлы, Ғабиден Мұстафин сынды атақты ағаларымызбен көптеген кездесулер ұйымдастыратынмын. Бір күні атақты батыр партизан, жазушы Қасым Қайсенұлыны кездесуге шақырмақ ниетпен Жазушылар одағына телефон соқтым.

Ол кісі: Қазір уақыт жағы қат болып тұр. Пәлен күні хабарлас, уақытын өзім айтамын, - деді. Айтқан кезде тағы хабарластым, келді.

Сол кездесуде партизандар қатарында алғашқы рет жаумен шайқасуға барғанын әңгімелеп берді:

Ұшақтан қараңғы түнде парашютпен секірдік. Қалың тоғай. Бір ағашқа ілініп қалып әрең дегенде жерге түстім. Компасқа қарап жүріп келе жатырмын. Бір уақытта дауыстар естілді. Бардым. Өзім шаршап тұрмын.

Партизан командирі маған «жаңа ғана келдің, демал» деген жоқ.  Сол сәтте әлгі офицерді жек көріп кеткенім есімде. Бірден тапсырма берді. Пәлен жерде көлдің жағасында фашистер демалып жатыр. Сол жаққа барасың, деді. Барсам кішкентай ауыл. Байқамасын деп үстіме қалың етіп лай жағып алғанмын. Суға түсіп жақындап барып бәрін көрдім. Фашистер бейқам. Музыка ойнап жатыр.

Содан жағдайды толық білейін деп суда ұзақ жаттым. Қайтадан жүзіп келіп, фашистер мас, дедім,

Жаңағы мен жек көрген партизандар командирі «онда шабуылға шығамыз» деді. Бірінші рет жаумен осылай кездестім.

Қасым аға сол кездесуде басқа да көптеген естеліктер айтты. Өзін мақтағанды жек көреді екен.


МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЙҰЛЫ

1962-1963 жылдар. Түске дейін университетте оқимын. Түскен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында қатегер болып қызмет істеймін. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті, бәрі бір ғимаратта орналасқан еді.

Бір кезде Мұқағали келді. Кәдімгі ақын Мұқағали Мақатайұлы. Сол күнгі газетке кезекші екен. Бірақ түрі біртүрлі. Алматының ауа райы құбылмалы ғой. Кешеден бері жаңбырдың астында әбден жүрдім, дейді. Содан суық тиген, қызуы көтеріліп тұрғаны көрініп тұр. Газетті тоқтатуға болмайды, дереу барып газет қызметкерлерін шақырдым. Олар жабылып кеп берді. Газет уақытында баспаханаға өткізілді.

Үлкендердің бірі маған, «сен ағаңды үйіне жеткіз» деп, деп тапсырма берді. Ағаны қолтықтап, демеп үйіне алып бардым. Лашын апай қарсы алды:

- Қай баласың?

- Студентпін, биыл бітіремін, оңтүстіктен.

Ағаны үйіне кіргізіп қайттым.

Кейін ақынмен көшеде кездесіп қалдым. Әй, бала, сен маған суық тигенде, мені үйге жеткізіп салып едің ғой?

- Иә.

- Рахмет саған айналайын. Байқап жүр Алматының жаңбырын, суық 

тиіп қалмасын, деп күлді. Мен де күлдім.

Кейін көшеде кездесіп қалсақ, сол бір оқиға есіне түсетін болуы керек, берген сәлемімді жымия қабылдайтын.


ТҰРСЫНБЕК КӘКІШҰЛЫ

2000 жылы Алматыда тұратын баламның үйіне бардым. Бұрын өзім оқыған ұшқан ұямды көргім келді, Қазақ Мемлекеттік университетін. Телефон шалып филология кафедрасынымен хабарластым. Сынық дауысты бір әйел: «кім керек еді», деп сұрады. «Ғалым ағамыз Тұрсынбек Кәкішұлымен кездессем деп едім» дедім. Ол кісімен Мәскеуде болған бір конференцияда бірге түскен сурет бар еді, ойым соны беру.

Әлгі дауыс: «Ол кісі Арқа жаққа кетіп еді. Ертең-арғы күні келеді, хабарласыңыз», деді. Үйінің қайда екенін сұрап алдым.

Содан бірден үйіне бардым. Жақсы қарсы алды. Қонақ келді, деп үлкен дастархан жайды. Тамақ үстінде жақсы әңгімелер айтты. Мен де көрген-білгенімді айтып отырдым. Шешіле келе көп сұрақ қойды. Білгенімше жауап беруге тырыстым. Әңгіме соңында: – Сен кандидаттық диссертация қорғадың ба? – деп сұрады. Жоқ, – деп жауап бердім. Көп нәрседен хабарың бар екен, – деді. Сол жылы шыққан «Сәбең әлемі» атты кітабына қолтаңба жазып берді. Жылы қоштастық.

Қалтай РЫСБЕКҰЛЫ

Адамдар неге өз-өздерін жек көреді?
Асанбай Асқаров жайлы не білеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу