Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әріптесім екеуміз әйелдердің опасыздығы туралы тақырыпты қозғай отырып, мынадай қорытындыға келдік: біздің тәжірибе көрсеткендей көптеген әйелдер күйеулерінің көзіне шөпті өзін төмен санағандықтан салады екен.
Мұны қалай түсінуге болады?
Әйелдер – көңіл күйдің адамы, олар айналасындағылардың пікіріне тәуелді боп өмір сүреді. Олардың психикасы баланың психикасына жуықтау. Олар өздерін айналадағы жұрт не десе, солар не деп ойласа, солай қабылдайды екен.
Егер ата-анасы қызын бала күнінде мақтап өсірсе, шашынан сипап, ыстық құшағына алса, айналайын деп жылы лебізін арнаса, ол қыз бала өзін бағалап өседі екен. Өзін де, айналасын да жақсы көріп, лайықты деңгейде сыйлап өседі. Өзіне сай қарым-қатынас құрады. Оның тұла бойынан мейірім мен сүйіспеншілік менмұндалап тұрады. Осы махаббатын ол өз баласы аманаттайды. Оларға да өзін де, өзгені де жақсы көруді үйретеді.
Егер қызын үнемі ұрсып, тәктәкпен өсірсе, не істесе де сынап, мінеп тұрса, онда қыз үнемі «бәрі дұрыс емес» дегенді сіңіреді. Әр қателігі үшін өзін жүнжітіп жібереді. Ол айналадағы адамдарының аяғына жығылып, өзін жақсы жағынан көрсетуге барын салады. Ата-анасы үшін, күйеуі үшін, балалары үшін, қызметтестері үшін. Бірақ оны бәрібір ешкім сыйламайды. Өйткені, оның ішінде өзіне деген сүйіспеншілік жоқ. Құмырасы бос.
Осы жағдайды түзей алатын, бәрі қалыпты екендігін түсіндіретін, сезіндіретін жалғыз жан – жан жары, күйеуі.
Қарым-қатынастың алғашқы сатысында солай болады: еркек әйелге көптеген жылы сөздерін арнайды, қандай сұлусың дейді, мейірімдісің дейді, ешкімге ұқсамайсың, тартымдысың дейді. Мұны естіген әйел құлпырып шыға келеді. Өзін расымнеде лайықтымын деп сезінеді. Қуанышы қойнына сыймайды. Ол еріне ашылады. Өйткенін, оның жанында өзін сыйқыршыдай, хор қызындай сезінеді.
Көп адам өзін жақсы сезіндіретін қарым-қатынасты таңдайтыны рас қой? Өйткені, сен туралы бір адам жақсы ойласа, онда жақсы болуға құлшынысың артып, күн сайын игіліктерге ұмтыла бересің...
Бірақ еркектер үйленген соң енжар тартады. Жылы сөздерді айтпайтын болады. Әрине, еркектің үлкен қателігі осы болса керек. Қарым-қатынас әйелді қайтадан сенімсіздікке жетелейді. «Мынау маған жараса ма?», «Мен сұлумын ба?», «Толысып кеткен жоқпын ба?», «Сен мені әлі сүйесің бе?», «Саған ұнамайтын боп қалдым ба?» деген сияқты сұрақтар туындай береді. Әйел күйеуі оған тағы да сен сұлусың, ерекшесің, ешкімге ұқсамайсыңды айтады деп күтеді. Себебі, әйел әрдайым құлпырып жүргісі келеді. Бірақ, көбінесе естігісі келгеннің орнына ол «Жоқ, бәрі дұрыс, ұнап тұрсың ғой» дегенді естиді. Ақырында, «ақымақ сұрақтарыңды қоя бермешіні» де естиді. Әйел содан кейін солып қалады. Оның сезімі сөне бастайды. Ол өзін керексіз сезінеді.
Кей жағдайда одан да бетер дүние болып тұрады. Күйеуі әйелін әдейілеп сөзбен қажайды, мұндай екеніңді білгенде алмас едім дегенді естіртеді. Егер мен болмасам, сен ешкімге керек болмас ең, жұрттың әйелін қарашы, құлпырып жүреді дейді. Бұл сөз әйелдің менін жоқ қылады. Еркек осылай айтуға болмайтынын түсінбейді. Әйелге өзінің нашарлығын сездіру арқылы, менен ешқайда кетпейді деп ойлайды. Шын мәнінде әйелдің қор екенін бетіне айтқан адам оны ұзақ ұстап қала алмайтынын білмейді. Мұндай сөзден кейін әйел сұлу, көркем болып қала алмайды. Ол жүдейді. Көз жанарындағы жақұт өшеді. Күйеуі оған деген ілтипатымен қоса бар сезімін сарқып алады. Бұл отбасы мен қарым-қатынастың күйреуіне бастайды.
Әйелдің сезімі
Өзіне деген сенімі өшіп, сезімі таусылған әйелдің өмірінде оны Ханшайым көретін ер адам пайда бола кетеді. Патшайымсың дейді. Неткен ғажапсың. Музасың. Сұлулықтың эталонысың. Мінезің неткен көркем дейді. Бұл адам оның күйеуі емес.
Әйел іштей ар-ұжданымен арпалысады. Ақылына ереді. Еркектен гөрі ақыл әйел де кемшін. Естілігінен де қайыр болмай қалады. Көптеген әйел еріне адалдығына қылау түсірмей, өз отбасына деген құрметін сақтап қалады. Бірақ кейбіреуі сынып кетеді. Сүрініп кетеді. Әлсіз болғандықтан емес. Олар сүйікті болғысы келеді. Жай ғана сүйікті адам болып өмір сүргісі келетіндіктен. Олар үшін бұл ауа секілді өте қажет.
Ондай әйелдер ақталмайды. Мұнда мен тек күйеуінен безінген әйелдердің ахуалын көрсеткім келді. Опасыздыққа итермелейтін жағдайлар тізбегін сипаттадым. Әйел көбіне басқаны сүйіп қалғандықтан емес, өзін сол адамның ілтипатымен қайтадан жақсы көруге тырысу үшін опасыздыққа барады.
Әйел – махаббаттың бір сипаты: олар махаббат үшін өмір сүреді, сезімге бөлену үшін, сезімін бөліп беру үшін. Әйел өзін сүйікті сезінген кезде, бағалы, қажетті, тартымды сезінген кезде сан алуан кереметтерді жасай алады. Ол бұрынғысынан да ғажап құлпырады. Жүрегі мейірім мен сүйіспеншілікке тұнады. Жүрегі ғаламның бәріне ашылады. Ол кез келген киімде сымбатты, кез келген бояумен сүйкімді көріне беретін болады. Оның жан дүниесі ішіндегі мөлдір махаббатпен бөліскісі кеп тұрады.
Тұйық шеңберге түсіп қалғандай: сүйікті болам деп сезімге байланып, шырмалып, тәуелді боп қаламыз. Мың қателік жасап, күйеулерімізбен ұрысамыз, оларды кескен терексің деп кінәлаймыз, көңіл бөлсең қайтеді деп айыптаймыз, сүймей кеттің деп шала бүлінеміз. Өзімізді осылай жоғалта бастаймыз.
Не істесе болады?
Бұл тығырықтан шығатын жол қане? Жол бар. Әйел өзін жақсы көріп үйренуі керек. Өзін өзі бағалап. Айналадағы адамдардың пікіріне байланбауды меңгеруі тиіс. Өз ішінде сүйіспеншілік пен мейірім ошағын жақсын.
Оны қалай жасайды?
Ең алдымен, ет жақындарыңыз сізді қалай сыйлағанын қалайсыз? Соны ойланыңыз. Күйеуіңіз? Балаларыңыз? Ата-анаңыз? Олардан қандай сөз естігіңіз келеді? Олардың қалай сыйлағаны сізді қуантар еді?
Дұрыстап ойланыңыз. Өзіңіз үшін бөлек тізім жазып алғаныңыз пайдалы.
Мысалы, «Күйеуім мені сұлуым, жаным, көркемім, сүйкімдім деп атағанын қалаймын. Мен оның жалғызы, ең жақыны болғым келеді. Менің тамақ пісіргенімді, үй жинағанымды, шығармашылықпен айналысқанымды бағаласа екен. Тізім ұзақ болғаны жөн.
Осы тізімге қарап сол сөздерді өзіңізге өзіңіз айтып үйреніңіз. Өзіңізге керектіні өзіңіз беріп үйреніңіз. Басында өте қиын болады. Айнаға қарау күлкілі сияқтанады. «Сен менің сұлуымсың» деу бір түрлі аянышты көрінуі де ғажап емес. Бірақ сіз бәрібір айтыңыз, жаттығуды тоқтатпаңыз.
Өзгелерден қалаған нәрсенің бәрін өзіңізге өзіңіз жасаңыз. Бір қарасаңыз, айналадағылар да сол үдеріске араласқысы кеп тұрады. Олар сізге көмектесіп бастап, кейін сол нәрсені толықтай өзі атқарып кетуі де мүмкін. Көшедегі адамдар да сізден ақыл сұрап тұратын болады. Соңыңыздан қарап басын шайқайды. Аяқ астынан гүл сыйлап, ғажаптығыңызға тәнті бола бастайды.
Менің өмірімде мынадай жағдай болған. Бір күні аялдамада тұрдым. Көңіл күйім жоқ. Өмір мен ойлағандай болмай тұрған бір сәт. Біраз уақыт тұрдым да, жылап алдым. Аялдамадағы адамдар маған бұрылып қарады. Олардың да көңілі құлазып кетті. Кейбірі тіпті жақын келгісі келіп, басымнан сипағысы келгенін байқадым. Бірақ ұялды. Егделеу қарт кісі маған қарап басын шайқады да, аялдамадан кетіп қалды. Бірер минуттан соң ол маған бір тал ақ раушангүлін әкеп берді. «Бойжеткен, мынау сізге, сондай сүйкімді қыз екенсіз, өзіңіз жап-жассыз, бәрі жақсы болады, маған сеніңіз!» деді. Оның автобусы келді де, атам мініп кетіп қалды. Осы ақсақалдың қолымен, сөзімен мені бүкіл ғалам қостағанын сездім. Жымидым. Аялдамадағы адамдар көңілденіп сала берді.
Қымбатты әйел ханымдар: қандай жағдай болмасын, өзіңізді қалай ұстағыңыз келсе де, Ханшайымдай ойлап, әрекет қылыңыз. Ашуланғыңыз келсе, ашуланыңыз. Ханшайым осылай ашуланады деп қойыңыз ішіңізден. Жылағыңыз келсе, жылап алыңыз. Бүкіл әлем сізбен бірге жылап алсын. Ханшайым осылай жылайды деңіз. Сүйсеңіз, ғаламға жүрегіңізді шын ашып сүйіңіз. Ханшайымның махаббаты одан кем болмауы тиіс. Айналаңыздағылардың бәрі Ханшайым осылай ғана сүйеді десін. Өйткені, сіз әлемге жарық беретін әйелсіз ғой.
Ольга Валяева
Аударған Шынар Әбілдә