Қарапайым адамдарға бақытсыздық не үшін беріледі?
Егер адам өзін ергежейлі, не мүгедек сезінбейінше оны ешкім олай дей алмайды, бұлай деп қабылдамайды екен. Тек сол адам өзі осалдығын мойындай қалса, сонда тағдыры тәлкекке ұшырайды, тұйыққа тіреледі. Егер адам өзіне өзін дәлелдеуге мүмкіндік беріп, өмірін өзгертуге ниет қылса, өзгеріске қарай адымдаған қадамы кері кетпесе, онда тіпті періштелер де оның келешегін болжап бере алмайтынын тарих дәлелдеген.
Аристотель Онассис деген қарапайым телефон жөндейтін техниктің аяқ астынан атақты миллиардер боп кететінін кім білген? Жетім өскен Роман Абрамовичтің ұсынса қол жетпейтін ханзада болып, байлығы 12 миллиардтан асатынын кім болжады? Балалар үйінде тәлім алған Коко Шанельдің әлемді өзіне қаратқан әтірдің авторына айналарын ше? Қайыршы боп көшеде алақан жайып жүрген Эдит Пиафтың 20 ғасырдың ең атақты әншісі боларын көріп білген кім бар? Жүк көлігін жүргізіп жүрген қарапайым жігіт Элвис Преслидің бүкіл Американың кумирі атанып, әнші боп кетерін өзі де білмеді. Герберт Уэллсті бала күнінде қожайыны «топас, кір қожалақ, жалқау» атапты. Сол баланың әлемді мойындатқан жазушы боларын ол білмеді. Бұл тізімді үзбей жалғастыра беруге әбден болады.
«Ешкім сіздің арманыңызды аяқ асты ете алмайды. Арманды өлтіретін өзіңіз ғана» - дейді атақты психолог әрі жазушы Женевьев Бехренд. Ешқандай дерт, мүгедектік бұл заңдылықты жоққа шығара алмайды. Оны дәлелдеп әуре болмайық. Ешбір кесе көлденең шыққан қиындық пен қатыгездік оны тоқтата алмайды. Америкалық жазушы Марк Хансеннің кішігірім әңгімесі бар. Малкольм деген жігіт туралы. Бір күні жас жігіт қалыңдығын ертіп табиғат аясын серуендеуге шығыпты. Тауда жүргенде бұларға аю қарсы келіп қапты. Қалыңдығына ақырып тұрған аюды жас жігіт арқасынан жұдырықтапты. Аюдың назары қалыңдықтан жігітке ауады. Аю жігіттің бетін тістейді. Ары-бері лақтырып бар сүйегін сындырады. Шашын терісімен сыпырып әкетеді. Осыдан кейін де жігіт аман қалыпты. Көрер жарығы бар екен. Бірнеше жыл бойы неше түрлі емханаларда ем алып, мүгедек болып қалады. Оны көрген жұрт құбыжық көргендей тырапайлап қашады. Тіпті өзі құтқарған қалыңдығы да тастап кетіпті. Малкольм өмір сүргісі келмейді. Арбаға таңылған ол үйдің төбесінен секіріп өлмекке бел буады. Он қабатты үйдің үстіне шығып, енді дөңгелекті жіберейін деп тұрғанда артынан әкесі келіп қапты.
- Балам, бір сәтке тұра тұршы...
Әкесінің дауысын естіп, Малкольм тоқтапты.
- Малкольм, әр адамның жан дүниесінде ешкімге көрсетпейтін ескі тыртығы бар. Көпшілік сол тыртықты жауып, жасқап, бар екенін білдіргіміз келмейді. Өтірік күліп, опа-далап жағып, сәнді киініп түк болмағандай өмір сүреміз. Сен сол тыртығыңды іште емес, сыртыңда алып жүруіңмен ерекшеленесің. Сен оны ешкімнен тықпайсың. Оны бәрі көреді деп ұялма. Бұл сенің тағдырың. Бірақ мұндай тыртық жер бетіндегі адам біткеннің бәрінде бар. Сондықтан біз бәріміз бірдейміз. Әр адам белгілі бір шақта өмірдің өзі салатын тыртықтан қашып құтыла алмайды. Адамдардың жан дүниесінде сүйкімсіз ететін бір тыртығы сақтаулы. Тәнінде болмаса, жанында жарасы бар. Ойланшы...
Әкесінің сөзін тыңдаған Малькольм өлімнен бас тартады. Бір күні досы оған өмірге құштарлық сыйлайтын бірнеше кассетаны тыңдауға әкеп береді. Соның бірінен Пол Джефферсонның хикаясын тыңдайды. Джефферсон 42 жасында керең боп қапты. Соған қарамастан бүкіл әлемдегі ең талантты сауда агенті болып қала береді. Полдың: «Шалыс басу, қателік жасау, бақытсыздық – қарапайым адамдарға өзгелерден ерекшелену үшін жіберіледі» деген сөзі жадына жазылып қалады.
Малкольм: «Ол мен туралы айтып тұр ғой. Мен басқалар сияқты емеспін. Мен басқамын!» дейді.
Малкольм өз үрейін жеңіп, жұмыс берушілер мен клиенттердің өзінен шошымауы үшін барын салады. Ешқашан үмітін үзбейді. Малкольм сақтандыру агенті болуды армандайды. Бір рет «иәні» есту үшін ол жүз рет «жоқты» естіді. Оның құбыжық түрі адамдарды шошытпай, керісінше өзіне тартуы үшін көп тер төгілді. Ол визиткасына өз суретін жапсырып қоятын болды. Бірақ соны ұсынатын кезде: «Түрім жаман боп тұрғанмен, жан дүнием өте бай. Тек соны бағалауға өзіңізге мүмкіндік беріңіз» дейтін болды. Бір жылдан кейін Малкольм Ванкувердегі ең үздік сақтандыру агенті атағын жеңіп алды.
«Егер сіз бір нәрсеге мұқтаж болсаңыз, аурудың, кедейшіліктің құрбаны болсаңыз – онда бойыңыздағы күш-қуатты бағалай білмегеніңіз. Сіздің қалауыңызды алдыңыздан келтіру Ғалам үшін еш қиын емес. Ол әр адамға қалағанын жасай алады. Барлық қуат жүректен шығады. Сондықтан ол адамның ырқында» - дейді америкалық бизнесмен әрі жазушы Роберт Колье
Аталған тағдыр иелері бақытты болу мен бақытсыз болуды әр адам өзі таңдайтынын дәлелдеп берді. Сүреңсіз өмір сүресіз бе, ғажапқа есік ашасыз ба, оны өзіңіз ғана шешесіз.
Александр Казакевич
Аударған Шынар Әбілдә