Махаббаттың шеберлігі

Oinet.kz 11-11-2019 1044

махаббат шеберлігі.jpg

Екі жас қарым-қатынасқа түскенде, өзімшіл боп кетеді. Себебі, жан сұранысы солай. Бәрі тек өз тілегінің дегеніне ілеседі. Бүкіл ынтамыз тек өзімізге ауады, біз оған қаншалықты тәуелді болсақ, ол да маған соншалықты тәуелді болсын дейміз. Бізді керек қылған адамды ғана қажетсінеміз. Әйтпесе, жер басып жүргенімізді ештеңемен ақтай алмайтындай көреміз. Одан басқа өмір сүруге тұрарлық бірде бір себеп таппаспыз. Махаббат іздегендей қалып танытамыз, ал шын мәнінде «бізді керек қылатын жанды қажетсінеміз». Ырқымызға көндіріп, басы бүтін басқарып кететін адамды іздейміз. Отбасылық қарым-қатынас билік үшін тайталасқа ұласады. Себебі, бізді бала күннен өзгенің ілтипатына бөленуге бәсекелестіріп өсіреді. Біз махаббат деп жүрген дүние – біреу мені керек қылды, маған қамқорлық танытты дейтініміз – мүлде махаббат емес, бұл өзімшілдік. Мұндай қарым-қатынасты жақсы деуге бола ма? Өзімшілдік жақсылықтың қайнар көзі бола алмайды. Себебі, оның өн бойында сүйіспеншілік жоқ. Екі адам да ол мені сүйсе екен дейді. Олардың құмарлығынан да сүйіспеншіліктің иісі шықпайды. Алайда екеуі де төсек қатынасына тәуелді боп тұрады. Себебі, сезімге шөлдеген. Тоят тапқанда барып екеуара кінәласу басталады. Шектен шыққан үрей, шектен шыққан кінәрат, шектен шыққан драма.

Сол кезде махаббат пен төсек қатынасы жайында кеңестерге үңілеміз. Олар жайлы талай кітап жазылған. Бірақ бірде бірі сүюдің не екенін айтып бере алмас. Ол кітаптарда махаббат жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Сезімнің бәрі қанымызға сіңген, болмысымызда бар ғажап қой. Ештеңе үйреніп керек емес. Тек елес өмірде, бес күн жалғанда өзіміз ойлап тапқан сандыраққа алданбасақ болғаны. Біз махаббатты әр жақтан іздейміз. Бірақ айналамызда махаббаттан өзге дәнеңе жоқ қой! Махаббат барлық жерде! Тек өзіміздің көкірек көзіміз соқыр, сезімді көрмейміз. Біздің көңіл күйіміз махаббатқа бағытталмаған. Сүюге қорқамыз. Себебі, сүю қауіпсіз емес. Бетімізді қайтарады деп шошимыз. Басқа адамның кейпіне еніп алып, өмірді текке сарп етеміз. Бізді біреу сүйсе дейміз, алайда өзіміз өзімізді құрметтемейміз. Түйткілдің басы біреу бетімізді қайтарады дегенде емес. Мәселе, біз өзімізді өзіміз қабылдай алмаймыз. Өзімізді өзіміз лайықсыз көреміз – дәл осыған өлердей сенеміз.

Дон Мигель Руис "Мастерство любви"

Аударған Шынар Әбілдә

Ой тамшылары
Өзіңді кешірсең – кармаң тазарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу