Өтірік айтқанды доғарайықшы!

Oinet.kz 11-11-2019 1128

өтірік.jpg

Ер адамның әйелдің тәніне қатысты шын пікірі.

Әйел заты сұлу әрі сүйікті болғысы келеді. Бұл түсінікті. Бірақ махаббатты армандап жүрген әйелдердің көбі неге өтіріктен бастайтыны түсініксіз. Айналамда әйел атаулы жетіп-артылады. Жасы, кәрісі, егдесі, кексесі, сұлуы, сылқымы. Толып жатыр. Әрбірінің бір ерекшелігі бар. Көбісінен табиғи болмысын қабылдамайтынын байқаймын. Құдай берген сұлулықтан артық сұлу болғысы келеді. Сұлулықты басқаша түсінетін болса керек. Шашын сәндейді, бетін баттастырып бояйды, санын жалтыратады, осы қылығымен табиғат сыйлаған бар сұлулығын жұтатып тастайды. Қатты боянады, содан кейін түссіз елес сияқты жүреді. Стандартты бояу. Байқайсыз ба? Сән байқауларында кілең Барби сияқты біркелкі ұсқынсыз қыздар тура сондай кескін-келбеті жоқ Кендерді қысқа мерзімді неке ойынына баурап алып жатады. Ақырында өздері өздерін алдаған боп шығады. Өтіріксіз ханшайым бола алмасаң, ендеше Ғаламнан ақбоз атты ханзаданы күтіп не керек? Әуре болма. Өзіңді модель етіп көрсеткің келсе – дәл сондай нарысқа барып ұрынарың хақ. Көйлегің қысқарған сайын оның етегі өзінен басқаны көре алмайтын өзімшілге барып ілінеді. Түнгі клуб ет сататын базар сияқты – бер реттік саятшымен арзанға саудаласып келесің. Жасарып көрінгің келген сайын – инфантильды баланы асырап алуыңа тура келеді, дегеніңе көндіргің келсе – өзіңнен артық әккі қасқырға не жолы болмайтын миғұлаға жолығасың. Қайтадан жастық құшақтап жылауыңа тура келеді. Жігіт жоқ дейсің. Сен қулыққа баспасаң, ғаламның жауабы да мазақтан ада болар еді.

Өтірік – тым өткір сөз. Бұл сөздің астарында сұлу болмай қалу қорқынышы жасырынып тұр. Бір шындық білгілерің келе ме? Сұлу емес әйел жоқ. Мен кездестірмеппін. Тек соған сендіргісі келетіндер бар. Мен сұлу емеспін, сол себепті ернімді қалай бояғанымды, қасымды сүрмелегенімді, декольтені ашқанымды, санымды көрсеткенімді қарашы дейтіндер бар. Басқа көрсетер дымы қалмаған ғой. Сондықтан назарыңды экранға аудар дейді. Экранда жарқылдаған жарнама, экранның ар жағында шаң-тозаң мен салбыраған сымдар.

Әйелге деген құмарлық құмырам ешқашан бет-әлпетіне сүйсінуден бастап ішілмепті. Менің ынтығым сымбатына қарап оянбайды. Әсіресе, тыр жалаңаш тән онша әсер етпейді. Қызық емес, орынсыз қылық. Тартылыс күші әлдеқайда тереңнен басталады. Ішкі шуағымен тартады. Оның қайнар көзі әйелдің ішінен басталады. Еркек әйелдің болмысына ғашық болады. Бет-әлпеті мен мүсініне содан кейін ғана мән береді. Құмырсқа бел, аққу мойын, ұзын кірпікті жырлаған ақындар әйелдің тәніне шағылысқан іштегі шуақтың жарығын ғана сипаттаған. Ынтық жігіт ғашығының арықтығын да, толықтығын да жырға қосады. Жырлап тұрып бұрынғы сұлулық жөніндегі ұстанымы құрдымға кетіп бара жатқанын аңғарады. Бұл қыз менің талғамыма сай емес еді ғой дейді таң қалып.

Мен үшін ең сұлу әйел – жүкті әйел. Оған сыртқы әлемде не болып жатқаны бәрібір. Ішіндегі әлем ғана маңызды. Бар ынта-ықыласы іштегі шаранада болады. Оның бүкіл әлемі ішіне қаратылған. Өзін тыңдайды, ішін сипайды, аяғын аңдап басады. Ол Тәңірдің сыйын сезінеді, нәзіктігімен ерекшеленеді. Жүкті әйелді көрген ер-азаматтардың түрі өзгеріп кетеді. Олар сол сәтте қайратты, парасатты бола салады. Бұл анық байқалады. Әдемі көрініс.

Әйелдің бойында өзім ұнататын мүшесі – қарыны. Жұмсақ, сәл доғалдана біткен құпия төбешік, ол небір қазынаны тығып жатыр. Осы тұстан әйел басталады. Оның күші, тартылыс қуаты. Шамасы әйелдерге арналған практикалардың көбі іштен басталатыны осыдан болса керек: ішпен тыныстау, бөксе биі...

Есті әйел өзіне есті еркектің қуатын тартады. Біз, еркектер, сұлулықты тек көзбен өлшемейміз. Бұл тым жұтаң пікір болар еді. Біз әр қимылын сканерлейміз: басын қисайтуы, жүрісі, отырғандағы тізесін қимылдатуы, дауысы. Біз әсемдігін сезінеміз. Оны көшіріп алу, сатып алу, модельдерге үйретіп қою мүмкін емес. Модельдерде мәнер бар. Бірақ әсемдік жоқ. Әсемдік ерекше құбылыс. Ол әр әйелде бар. Алайда кейбір кезде қатты ғып қатырған іштің, қатаң ұстанымдың астарында жасырын қалуы мүмкін.

Дәмханадамын. Айналамдағы әйелдерді бақылап отырмын. Жүзге тарта реңді, өңсіз, жақсы және нашар киінген, боянған, боянбаған, көркем дауысы барлар, шиқылдағандары бар, толып жатыр.. Жай ғана дәмхана, құрбыларымен кофе ішіп отырғандар... Олар өте қарапайым... Табиғи болмыс... Берлинде әйелдердің қылымсуы сирек құбылыс. Кез келгеніне көз тоқтата қараймын. Фокусты өзгертіп елдің арасынан, мәнерінен, мінезінен асып түсіп, ары қарай алысқа қараймын. Сол сәтте ол келе қалды. Сұлу әйел. Оның сымбатын сезіне бастаймын. Қайталанбас құндылығын байқаймын. Мінезінің жұмсақтығын, көзқарасының тереңдігін. Әйелді осылай көрсең, мұнда отырған кез келгенін жақсы көріп қалуға болар еді. Неғұрлым аз тығылса, соғұрлым оларды сүю оңай.

Әйелдің жолы еркектігінен жеңіл: оған мақсат қойып, біреу болам деп асқақтау шарт емес, ол о баста жер бетіне бүтін болмыс иесі болып түскен. Толыққанды, сұлу болмыс. Еркек бір жасушалы тіршілік иесі. Тек бір қарағанға. Көргенімізге иілеміз, бірақ мүлде басқа қырын бағалаймыз. Еркек бәрібір сендік сұлулықтың құнын табады, ажыратады, түсінеді. Тек сұлулықты ештеңемен араластырмасын, боямасын. Әр сұлулықты танып-білер көкей табылар. Ақын, ханзада, мейлі, қалай айтсақта бәрібір. Тек сұлулықты жарқылдатып, дүрдитіп, бұрмалап, бүлдірудің қажеті жоқ. Жай ғана сұлу бол.

Александр Баранов

Аударған Шынар Әбілдә

Өмірдің мәні
Ой тамшылары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу