Ирина Хакамаданың Көшбасшы болуға ықпал ететін 10 ережесі

Oinet.kz 11-11-2019 910

көшбасшы.jpg

1. Жауапкершілікті өзіңнен баста. Көшбасшының басты қасиеті – жауапкершілікті өзіне ала білуі. Өз өміріңе, өзіңе, өз ісіңе, өзге адамдарға да тек сен жауаптысың. Жаңа заман келді. Бүгінгі таңда бас иетін абыройлы адамдар, зор тұлғалар жоқ. Сен өзіңе өзің Көшбасшысың!

2. Араласуды үйрен. Тыңдау мен естуді білмейміз. Көшбасшы үшін адамдар арасындағы қарым-қатынас өте маңызды: сүйкімді бола білу, майда тілді, жұмсақ мінезді, көркем сөйле және әрқашан үйренуден ұялма.

3. Турбуленттілік дәуірінде өмір сүруді үйрену. Институттар жұмыс істемейтін, сот жүйесі шіріген, жекеменшік жүйесі жолға қойылмаған дәуірде өмір сүру маңдайымызға жазылыпты. Бәрі тоқырап тұр. Немесе АҚШ-тағыдай — дамып-дамып, ақырында жаһандық дағдарысқа тап болды. Турбуленттілік режиміне бүкіл әлем тартылған.

4. Кәсіби түйсікті жетілдіру. Ішкі дауысыңды тыңдап, сараптама жасай біл. Микрокосмос пен макрокосмос теориялары бар. Олар әлемде не болып жатса, сол нәрсе сенің санаңда да болып жатыр дейді. Әлемде боп жатқан нәрсеге құлақ түріп, көңіл бөлсең, үдеріске ілесе білсең, онда бәрін дұрыс жасағаның. Түйсікпен жұмыс істеп үйрен. Бала арманды жүректе сақтап, түптің түбінде орындай алу өте бағалы қасиет. Өте күшті қуат. Бұл қуатпен көп жыл алға жылжуға болады.

5. Өз жетістігіңнің жеке ерекшеліктерін тізіп алу. Бірақ ақшаға әкеп тіреме. Ол идея, арман, мақсат, өзіңді жетілдіру болуы тиіс. Арманға қарай адымда.

6. Дара болуды үйрен — өз көжеңді өзің пісір. Өмір — қозғалыс. Өзіңе сүйенгің келсе, қозғалып жатқаныңды білуің керек. Өз көжеңді өзіңнің қалауыңмен пісір. Өз өміріңнің иесі бол. Бүгінгі таңда олай жасау басқа заманнан әлдеқайда оңай. Миллион мүмкіндік бар. Өз ережеңді құрастыр.

7. Кәсіп меңгер. Әр кәсіпті терең түсін. Кәсіп ең қиын шақта шыңыраудан алып шығатын сақтандырғыш, тұғыр. Үнемі жаңаны білуге құмарта бер. Үздіксіз ізденісте бол. Жаңа ақпаратты жина.

8. Тұлғаларға жалтақтама. Сен өзіңе өзің тұлғасың. Бұл біздің заманның және бір ерекшелігі әрі феномені. Бүкіл тұлғалар қазір әлеуметтік желіде бар. Әрбірінен үйрен. Бастысы – құлағың түрік болсын. Қимылдауға дайын бол.

9. Соққыға шыдайтын бол. Әр сәтсіздіктен жылап, жүйкеңді жұқартпа. Сабырлы бол. Жетістікке жеткенше талай сүрінесің, сүрінген сайын жылай берсең, нең қалады? Жылаған сайын қателікті көбейтесің. Күйзеліс – қуатыңды сарқып тауысу. Құлауға қорықпа. Бәрібір қайтып тұрасың.

10. Торығудан да қорықпа. Ақылды адамның бәрі басынан небір қиындық пен күйзелісті өткергендер. Ақымақтар ғана бәріне риза болып, құтыдағы гүл құсап өмір сүреді. Осы ереженің бәрін басымнан өткердім. Бөлісуге дайынмын. Сен де дайын болатын күн туады.

Аударған Шынар Әбілдә

Кішкентай ханзаданың айтқандары
Әйелдің сиқыры
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу