Өткеннен арылудың алғышарты

Oinet.kz 11-11-2019 1298

өткен өмір.jpg

Кейде өткен өмір есік қақпай жетіп келуі мүмкін. Күтпейсің, ойламайсың, іздемейсің... Саған солай көрінеді. Алайда бір күні... Сол туралы түс көресің... Алғашқы кездесу, алғашқы махаббат... Екеуің бірге қыдырып жүресің, жақсы көресің. Оянсаң, түсің. Айнаға қарайсың. Отыздан асқан сұлусың. Қасыңды күйеуің, ар жақта балалар.

Бірақ түсің маза таптырмайды. Баяғыда ұмытылды деген дүние жан-дүниеңді сілкіп алады. Ал екеуміздің тағдырымыз қосылғанда не болар еді? Санаң сол сұраққа жауап іздеп әлекке түседі. Сол кезде былай демегенде, мынадай қылық жасамағанда...

Немесе бұрын ажырасқан шығарсың. Күйеуің болды. Сен оны сүйдің. Сүйіп тұрып бәрін бүлдіргеніңді сезбедің. Күмән, күдік, қызғаныш, уыста ұстау. Немесе жұмыстан қолың тимеді, уақытың болмады. Балаларың да бар болар. Олардың көзіне қараған сайын соны көресің. Ұмыту мүмкін емес. Саған «кәдесыйларын» қалдырып кеткен. Сызып тастай алмайсың. Ұмытпайсың да. Өкініш қалады. Сондай жақсы еді. Жақсы көргендей ең.

Қазіргі заман әйелдері күйеуін 15-16 жасында кездестіруі өте сирек жағдай. Өмірінің соңына дейін бір күйеумен қала бермейді. өте ыңғайлы болар еді. Әсіресе, әйелдің өзі үшін. Алайда күйеуге шыққанша бірнеше рет ғашық болып үлгересің. Он шақты жігітпен дос боласың. Жүріп көресің. Біреумен аз ғана уақыт. Бірімен ұзақ уақыт. Сосын күйеуге шығасың. Кейде азаматтық некеде тұрасың. Мұның бәрін ұмыта алмайсың. Жібере салу да оңай емес. Тығылып та қала алмайсың.

Көшенің қақ ортасында тұрсың. Әлдеқайдан сол әуен ойнайды. Сен оны жатқа білесің. Кезінде сол әнге тосынсый жасалған еді. Бірақ күйеуің емес. Жылағың келеді. Өшті дегенің бас көтереді. Тіріледі. Енді ұяласың, кінәлі сезінесің. Соның бәрін неге есте сақтап жүрмін дейсің.

Қыз балаға тұрмысқа шыққанша қырық үйден тыйым деген нені білдіреді? Дискриминация ма? Патриархат па? Бұл сол қызға арналған қорған. Кейін түсіне бөтен еркектің кірмеуі үшін. Күдік пен күмәнға желінбеу үшін. Естеліктер мазаламау үшін. Әуендер мен әндер жүрегін жараламас үшін. Тыныш өмір сүруі үшін. Өз күйеуін шын сүюі үшін. Талай қырғыннан аман қалған, жырым-жырым жүрекпен емес, бүтін жүрекпен сүю үшін.

Осындай адалдығы бар бірнеше отбасыны білем. Мектепте танысып, көп жыл кездесіп, отбасы құрып, бір-бірінің өмірінде бірінші болған, өмір-бақи адал боп өткен. Басқа отбасылардан мұндай құрмет пен ілтипатты көрген емеспін. Бұл отбасылардың бәрі көп балалы. Ең кемі төрт бала. Үйі айнадай, әйелі еріне бағынады, шын сүйеді, ері – табыскер. Бәрі ғаламның заңына сай. Сондай табиғи шынайылық. Әрине, бұлардікі жолы болғыштық болар. Немесе өткен өмірден келе жатқан игі карманың әсері.

Қалғандарына өзінің өмірін күресіннен өзіне шығаруға тура келеді. Жанын тазалауға күш жұмсайды. Еркектер әйелден гөрі басқа. Олар тез ұмытады. Басқа тақырыпқа тез көшеді. Қарым-қатынастан да тез шығып кете салады.

Ал әйелдер үшін бәрі басқаша. Әйелге жүрек таңдауы – ең мықты магнит. Оны жұлып тастау үшін жүрегіңнің бір бөлшегін қосып жұлып тастауға тура келеді.

Егер қарым-қатынаста кез келген сұйықтықпен алмасу болса, сүйіс болса да – бұл магнит күшейе береді. Төсек болса – магниттің тартылыс күші үдей береді.

Бірнеше қарым-қатынастан соң ешбір еркекке сенбейсің. Сыйламайсың. Жақсы көретін жүрек қалмайды. Жүрегіңнен жұлынған магниттердің бос орны ғана қалады. Бос орындардың бәрі қансырап тұрады. Баяғыда айырылысып кетсең де жараның беті жазылмайды. Сол жараның бәрінен әйелдің қуаты сыртқа ағып кетеді. Кезінде қымбат, керек болған адамның соңынан ағып кете береді.

Қызыңа айтып беруге тұратын әңгіме осы. Бала күнінен айтып отыр. Сен оны асығыстықтан сақтап қалуың ықтимал. Он екіде бір гүлің ашылмай күйеуге шығудың маңызы осыда. Қызыңа қамқор болғың келсе, осы шындықты айт. Болашағын ойла. Өзіңді сақтай алмаған, қорғай алмағаныңды білсін.

Өзіңе келсек? Жараны қалай жазамыз – мүмкін бе? Магниттің орнын қалай жазамыз? Тәп-тәуір нәтиже беретін бірнеше тәсілді айтып өтемін. Керегін аларсың.

Осының алдында айта кетейін. Өткен өмірді ұмыту мүмкін емес. Естелік те көмескіленеді. Жүректі ауыртпайтын болады. Бірақ ол адамды, оған қатысты бүкіл естелікті өшіре алмайсың. Тарихты қайта жазуға болмайды. Өзіңді асығыстық пен төзімсіздік үшін кінәлау бекершілік. Сақтап қалуға болар еді деп те күн кешу ақымақтық. Өткен байланыстардан өзіңді тазарта отырып, жүрек жеңілдік сезінеді, бұрын болмаған жеңілдіктің түбіне бойлайсың.

Реніш хаттар

Егер түсіңе кіріп, мазаласа, әлі де дұрыстап қоштаспағаның. Айтылмай қалған бірдеңенің қалғаны. Өз күшіңмен сезімді жауып тастағаның. Сағыну, жүрек дерті, қайғы, ашу... Сағыну мен қайғыны жасыра алмасақ – көп адам айырылысқан соң апталап жылайды – ашудың жайы қиындау. Түріміз сол қалпы. Оны жоғалтып алудан қорқамыз. Бірақ содан ашу ұшып кетпейді.

Алғашқы махаббатым ұзақ мазалаған. Мектептегі. Бірнеше жыл кездесіп жүрдік, арасында ұрсып қалатынбыз. Он сегіз жасымызда үйленеміз дестік. Ол үйленді. Басқа қызға. Мен сол жылдар бойы қаншама уайым шектім, кейде жалғыз, кейде бірге. Анам үйреткендей, ішімдегіні білдірмедім. Айғайламадым. Ұрыспадым. Далаға шығып кетіп, жылап келетінмін. Көп нәрсе өтті. Бір сезімнің шығуы қиын болды. Ашу. Маған қайта-қайта осылай жасалынуы ашуға тиді. Менің жанымды ауыртқаны. Ал мен сыр алдырмауға тырыстым. Көп жыл өтседе сол естеліктер мазалады. Содан бірнеше жыл өтті. Хат жазысып отырғанбыз, хал сұрасып, сол кезде жаздым: «Бәрібір сен оңбағансың». Қаншама жыл айта алмағаным, ашуымды бір ауыз сөзге сыйдырдым. Бітті. Жіберді. Қаншама қуатымды сорып қойған ашу ақыры шықты. Соны дауыстап айтуға шамам жетті.

Ол кезде реніш хаттар туралы ештеңе білмеген едім. Қазір мұндайды адамның өзіне емес, қағазға айтқан дұрыс екенін білемін. Қағаз бәріне көнеді. Бірақ мұны айту, жазу, жүректен өткізу керектігі маңызды.

Бір әйелдің күйеуі жиырма жылдан кейін құрбысына кетіп қалыпты. Концерт қоймайды. Барын киімін жинап, шығарып салады. Өз қайғысына өзі ғана қайғырады. Қырықтан асқанда жалғыз қалу қорқынышты. Бір жыл бойы күйеуін жүректен шығара алмады. Күтіп жүрді. Дертін емдегенде ол ашуын бұғаттап тастағаны анық болды. Бұл ашу балаларына берілді, анасының жағына шығып, әкесінен бас тартты. Ауыр жұмыс. Ашуын толық шығаруға шамасы келмеді. Бірақ қазір қайтадан күйеуге шықты. Жаңа күйеуі оны қатты сүйеді. Бірінші күйеуімен мұндай бақытты болмағанын мойындады. Себебі, күйеуге шықпас бұрын жүрегін тазалады.

Сезімді жүректен өткізу үшін реттеу деген тәсіл қолданылады. Жүректен өткізу үшін бірнеше рет жұмыс жасауға тура келеді. Оның өзі қымбат. Ондай мүмкіндік әр адамда бола бермейді. Үйде жасайтын тәсіл – хат жазу. Бір-екі сағат оңашаланып, хат жаз. Қағаз, қалам. Компьютер жарамайды. Айырылысқан адамға хат жазасың. Кәдімгі хат емес. Сценарий бойынша. Осы сценарий бойынша сезімнің бәрін көрсетілген тәртіп бойынша жазу керек. Әр тарауда сол көңіл күйді тауысқанша, жазатын нәрсе қалмай қалғанша жазасың. Сонда келесіге өт деген белгіні іштей сезесің.

Қымбатты Мырқымбай!

Мен саған мына қылықтарың үшін ашуландым…

Мен саған мынау үшін ренжідім…

Сен былай жасаған кезде маған қиын болды…

Сен былай жасаған кезде қатты қорықтым…

Саған мына кезде көңілім қалды…

Сен былай жасағанда өкпеледім…

Осылай болғаны өкінішті…

Мен саған мыналар үшін ризамын…

Сенің алдыңда мына қылықтарым үшін кешірім өтінемін…

Мен сені босатамын.

Бұл хатқа жәй нәрсе деп қарама. Тіпті санаңда ақымақтық деп ойласаңда, хатты шынайы түрде жаз. Бірінші рет жазғанда мұндай хат көп уақыт алуы мүмкін. Бәрін еске түсіру оңай емес. Жылап қаларың сөзсіз. Егер жылау дегеннің не екенін ұмытып қалмасаң. Көз жасымен де кешірім беріледі. Адамның жан-жүрегі тазаланады. Терең тыныста. Ол да қайғыны жеңуге керемет көмектеседі. Сосын жаз. Мазалаған, маза бермеген күйдің бәрін жіпке тіз. Хатты жазып болған соң ерекше күйге бөленесің. Жаныңды жегідей жеген құрттан босап қаласың. Өте бір жағымды тыныштыққа түсесің. Сол тыныштықты әсерлі нәрсемен толтыру керек. Шынайы, бүгінгі қуанышпен толтыр. Мәселен, өзіңе қатты ұнайтын нәрсе алып бер.

Мұндай хат жазған соң тұз қосылған ванна қабылда. Таза су іш. Киім ауыстыр. Тағы бір жақсы әрекет ол – дұға жасау. Аллаға сыйынып, қазір жасаған ісіңе қолдау беруін сұра. Сол адамды жіберіп, еркін өмір, жаңа өмір бастауға көмек сұра.

Хатты не істейміз? Ең басты нәрсені жасадың. Хат жазылды. Оны ешкімге жіберу керек емес. Өртей сал. Тастай сал. Болмаса жерге көміп таста. Қалауың білсін. Кейде бір хат жазу жеткіліксіз болатын кездер бар. Біраз уақыттан соң тағы бір беймаза күй басуы мүмкін. Хат жазуды қайтала.

Ең бастысы өткенді өзгерте алмайсың. Соны есте сақта. Қазір қандай болсаң, соның бәрі өмірлік тәжірибенің арқасында. Бір жағынан өмір сүру қиындаса, екінші жағынан бұрынғыға қарағанда әлдеқайда төзімді, сабырлы бола бастадың. Әр адам өз қателігіне қарап сабақ алады. Өзгереді. Өседі.

Сондықтан өткен өміріңе алғыс айта біл. Сол тәжірибе көп нәрсеге үйретті. Мінезіңді шыңдады. Мықты етті. Дегенмен, бүгінмен өмір сүру маңызды әрі қызықты. Бүгініңді ғана өмір деп бағалай аласың.

«Байланысты өртеу» медитациясы

Өткенді босатудың тағы бір тәсілі. Медитацияның мәні өте қарапайым. Ешкім бөгет жасамайтын уақыт тап. Көзіңді жұм. Ұмыта алмай жүрген жігітті елестет. Тура қарсы алдыңда тұрғандай елестет. Бір уақта екеуіңнің денеңді жіппен матап, байлап жатқандай жаса. Денеңнің әр жерінен жіп шығып, оған байланып жатқандай. Әр түрлі жіптер, жуандығы да әр түрлі. Бір жерінде көп жіп, бір жерінде аз. Мәселен, егер төсек қатынасы болса, онда төменгі чакралар тұсында жіптер көп болуы ықтимал. Ол адамды қатты сүйсең, жүрек тұсында жіптер көбейеді. Сосын осы елестеткеніңе сырттай қара. Бағалама, талдама. Ойша Жаратқаннан көмек сұра. Әлгі жігітке қоштасуға дайынмын де. Сосын ойша өз жағыңнан жіптің бәрін өрте. Кеспе, олар қайта өсіп кетуі мүмкін. Одан да өрте. Бір-бірлеп өрте, бәрін бір-ақ өрте, қалағаныңды жаса.

Медитация біткенде бір-біріңе қарсы тұрып, араларыңда жіп қалмауы тиіс. Көп әйел осындай сәтте жігіттің күлгенін көрдім дейді. Яғни, ол да жеңілдік сезінеді.

Ойша қоштасып, бақыт тілеп, алғыс айтып, кері бұрылып, кетіп қалу керек. Өз өміріңе. Өзіңнің бүгініңе.

Медитациядан соң ванна қабылда. Су іш, киім ауыстыр. Егер көптен үй жинамасаң, бәрін тазалап шық. Оны еске салатын дүниенің бәрін тастай сал. Он жыл бұрын кетіп қалған күйеуін ұмыта алмаған әйел болды. Сөйтсек, ол той көйлегін сақтап жүріпті. Күн сайын күйеуін еске салып тұрған. Көйлекпен қоштасқан соң өмірлік қуат пайда болды. Басқа еркекпен танысты.

Әр түрлі медитация жасауға болады. Қазір неше түрлісі бар. Бұғатталған сезімдерді ашып, еркіне жіберуге, қоштасуға бағытталған. Сезімдер бұғатталмаса, жүрек сыздамайтын болады. Еш уайымсыз еске ала бересің. Алғыспен еске түсіресің.

Өткенді өзгерте алмайсың. Бұл тәжірибе. Сені өзгерткен тәжірибе. Өмірді қиындатқан болар, сол арқылы рухани өсірді. Төзімнің не екенін білдің, сезімнің не екенін түсіндің. Бәріне алғыс айт.

Ольга Валяева

Аударған Шынар Әбілдә

Шаш – әйелдің құпия қаруы
Ерекше баланы тәрбиелеу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу