Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Жуырда біреу маған «балаларыңыз қандай әйбәт, тек тұңғышыңыз сәтсіздеу шығыпты» деді. Дәл осы жерінде боқтағым кеп кетті. Бірақ боқтықтың бәрін басқа сөздерге трансформациялап жіберейін. Боқтық сияқты өткір болмаса да, септігі тиер. Ол адам бұл сөздерін балам жанымда тұрғанда айтты. Балам оның айтқанын естіді ме, жоқ па, білмей қалдым. Ол бәрін түсінеді, бәрін сезінеді. Бұндай сорақылықты әйел заты айтты, оның үстіне өзі де ана. Одан ауыр сөз естимін деп күтпеп едім. Бірақ бәрінен қиыны менің сасқалақтап қалғаным болды. Мен баламды қорғау үшін оған лайықты жауап қайыра алмадым. Шынымды айтсам, адам баласынан мұндайды күтпеген едім. Баламды сол сәтте қорғай алмай қалғаныма өкінемін.
Себебі, тұңғышым – ақжолтай бала, бірақ көп адам мұны түсіне бермейді. Ұлым ерекше бала. Өте ақылды, бойында көптеген ізгі қасиеттері бар. Дәл қазір жүрегіндегі бар сезімін айтып жеткізе алмасада, бұл оны сәтсіз туған, кемістігі бар деген сөз емес. Бұл ол өз бойындағы жақсы қасиеттерін ешқашан пайдаланбайды деген сөз емес. Иә, ол ерекше боп туды. Ерекшелік кімде жоқ? Мойындаймын, тап қазір онымен қатарластарымен сөйлескендей еркін сөйлесе алмаспыз. Оның өмірлік жолы басқа болғаны. Бірақ ол сіз бен біз секілді адам, қатарластары секілді бала. Ол тұла бойы тұңғышым, оның менің өмірімде, жүрегімде алар орны ерекше. Осы бала дүниеге келгелі өмірім басы бүтін өзгерді. Мен өзгердім. Ешкім оның әлеуетін өлшеп бере алмайды. Оның жүрегіндегі бар сезімді шамалай алмас. Оны тек мен сезем. Мен оған сенемін. Құдай оны жалғыз қалдырмайтынына сенемін.
Ерекше баласы бар аналардың атынан мұндай балаларды өз пайымыңызбен өлшемеуді сұраймын. Тіпті баланың қолы жоқ, аяғы жоқ болса да. Жүре алмаса, сөйлей алмаса, басқа балалардан өзгеше боп тұрса, егер оның хромосомы сіздікінен артық не кем болса, егер оның әлемі бөлек, ол әлем сізге түсініксіз болса, бұл оны жаман деп өлшеуге себеп бола алмайды. Адами тек пен түрдің сәтсіз шыққан данасы деп қарастырмаңыз. Мұндай бала адам емесз, ол ештеңе түсінбейді, одан да тумағаны дұрыс еді десеңіз, ата-анасының сезімталдығы жоқ, мұндай балаға жаныңыз ашыса, жай ғана үндемей өтіп кетіңіз.
Мұндай баласы бар ата-аналарға аутистердің бәрі шетінен ғұлама деп дәмелендірмеңіз. Бұл өтірік. Ертең адам боп кетеді демеңіз, ол туғанда адам боп туған. Ата-анасына барып тұрған қаһармансыңдар деудің де қажеті жоқ. Бос сөздің бәрі айтылған жерінде қалады. Жыныңа тиеді. Себебі, ерінбегеннің бәрі мүсіркегіш. Ерекше боп туған балаға кәдімгі балаға қарағандай қарау екінің бірінің қолынан келмейді. Мен тек осындай адамдарды құрметтеймін.
Аяныштан өзіңді адамның қоры сезінесің. Бұл намысқа тиеді. Көз тіріңде әулие көретіндер азғындатады. Ерекше баласы бар ата-аналарға екеуінің қақ ортасынан өзін жоғалтып алмау керек. Сен кімсің? Балаңның құрбанымысың? Әлде оның жалғыз тірегімісің? Балаңды құтқаратын қаһармансың ба? Бала үшін басқа дүниеден баз кешкен әулие әйелмісің?
Мен қарапайым анамын. Балам ерекше боп туды деп қайғыра алмаймын. Өзімді жағдайдың құрбаны болдым деп сезінбеймін. «О, Құдай, не үшін жазаладың, қай қылығыма бердің, не жаздым?» демеймін. Қалай бар, солай бар.
Мен қаһарман да, әулие де емеспін. Мен баламды жақсы көрем. Осы күйінше жақсы көрем. Бүгінге дейін жасағанымнан артықты жасап бере алмаспын.
Қазіргі заманда аяқ-қолы бүтін, ақылдан кенде емес, білімі бар білгіштер жатып алып компьютер ойынға тоймай жатқанда, ерекше боп туғандарды адам тізімінен шығарып тастау ертерек емес пе екен? Кей кезде ерекше боп туғандардың қоғамға пайдасы әлдеқайда салмақты боп жатады.
Мен қаһарман емеспін, қай қылығыма бола мен батыр болуым керек? Менің балам ерекше боп туды, мен оны сонда да жақсы көрем, оған ержетуге көмектесем. Көмектесуде тұрған не ерлік бар? Қандай ерлік ол?
Өз балаңды жақсы көру? Бұл әр ананынң табиғи болмысында бар қасиет. Қаһармандық деуге келмес. Мен құрбандық емеспін. Ешқашан олай ойлаған емеспін. Әрине, тұңғышым басқа балаларыма қарағанда көбірек көңіл бөлуді талап етеді. Себебі, басқа балаға өткізген амал-тәсілдер оған өтпейді. Үнемі тілін табу үшін жаңа амал іздеп жүремін.
Ол біреуді ұнатып, соны сөзбен айтып жеткізе алмаған кезде, оның сезімін қабылдамай, жанын жаралап кеткенде жүрегім ауырады. «Сәтсіз туған» деп қаралағанда да жүрегім қан жылайды.
Менің балам сәтсіздік емес. Ақауы бар зат емес. Абайсызда дүние есігін ашқан қателік емес. Дәл басқа адамдар секілді адам баласы. Бауырлары жүйкені қалай жұқартса, ол да жұқартады, алайда өзге балам қалай қуантса, ол да соншалықты қуаныш сыйлайды.
Мен үшін ол кәдімгі бала. Бірақ оған басқа қарым-қатынас қажет. Бар ынта-ықыласыммен оған кәдімгі балаға қарағандай қарауға тырысамын. Ерекшелігі үшін жеңілдік жасамаймын. Оған мұң шақпаймын. Осалдығымды көрсетпеймін. Оны өзгертуге тырыспаймын. Байлап ұстамау, құрметтеу, қабылдау, сену, тапсырма беру. Менің әділетімді сезгенде ол құлпырады, жүрегі гүл ашады. Мұны көргенде оның дүниеге келгені бекерден бекер емесін түсінем.
Ерекше баланы өсіру – жай баланы өсіргендей. Сәл басқаша тәрбиелейсің, сол ғана.
Ольга Валяева
Аударған Шынар Әбілдә