Арқа сүйер ешкім жоқ

Oinet.kz 08-11-2019 1079

арқа сүйер.jpg

- Жасы қырықта, астмамен ауырады, үздіксіз үрей, бұлшықеттің үздігіп шаншуы, оны бірде-бір мануал терапевт жазып бере алмады, дәрісіз ұйықтамайды. Тұрмысқа шықпаған, қорқады. Онымен бір ай жұмыс жасадық, сосын екі айға қарады, ол емге келмейді, қашады, жоқ боп кетеді. Ақыры жарты жыл дегенде әрең түсіндік. Анасы төрт жасында мойнына шыққан сыздауықты емдеу үшін дәрігерге ертіп апарыпты. Дәрігер оны пышақпен кесіп алып тастауға тиіс болған. Анасы бөгет болған соң оны шығарып жібереді. Ол заманда ауырғанды басатын дәрі беріп әуреленбейтін. Кіп-кішкентай қыз. Жалғыз қалды. Анасы тастап шығып кетті. Жанында ешкім жоқ. Ешкім. Жүректе пышақтан кейінгі үрей ғана қалды.

- Бұндай қыздардың бәрі осы үреймен есейеді. Өмір сүреді. Бірі батылдау болады, олар өте қатал – міне, солар майданда күн кешкендей әркіммен алысып өтеді. Әлсіздері тығылып қалады. Дем алмай қалады. Қолға түсіп қалатын партизан құсап сыр алдырмайды. Алдыңғылары да, кейінгілері де түс көргендей өмір кешеді. Үнемі сол бір түс. Шатыр, қараңғы, қазір біреу-міреу тауып алатындай. Жүрек дүрс-дүрс. Ал кейбірінде үнемі соғыс. Соңғы шайқас. Ал ту сыртында ешкім жоқ.

- Үш жасар қыздың баспасы асқынып, таңдай бездерін кесіп алып тастайды. Анасы ауруханаға әкеп, дәрігердің қолына тапсырады. Қорқынышты ағайлар аппақ бөлмеге апарады. Наркозсыз,жағын керіп ашып, бірдеңесін жұлып тастады. Бұл шыңғырып жылады, анасын шақырды, аузы қанға бөкті. Есін әрең жинады. Бәрі біткен соң қолына балмұздақ ұстаған анасы келді. Мұндай отадан соң балмұздаққа рұқсат беретін. Қызына күліп қарады. Яғни, анасы бұған не жасайтынын алдын ала білді. Бұны әдейілеп тастап кетті. Ана адамдарға беріп кетті. Ол мені қорғамады. Ал енді күліп, балмұздақ бермекші...

Мен қызын дәрігерге табыстап кеткен ананы түсінемін. Оның басқа амалы болмады. Оның да сыртта жүрегі жарылардай азап шекті. Аурухананың ұзын дәлізін арлы-берлі кезді. Есіктің көзінде ұзақ күтті. Оны ішке кіргізбеді. Қызын қайта құшақтағанына қатты қуанды. Оған балмұздақ беріп, көңілін алдарқатуға ғана шамасы жетті.

Кішкентай кезімізде бізді жақсы көретін адамның бәрі біз үшін ұлы адамдар болады. Егер ол бізді құтқармаса, онда құтқарғысы келмегені. Балаға анасын ота бөлмесіне кіргізбейтінін түсіндіре алмайсыз. Неге отаны жасау керектігін түсіндіріп көріңіз. Бала ондай сөзді қабылдамайды. Ол тек басына күн туған сәтте шешесі тастап кеткенін ғана біледі.

Ары қарай да солай ойлай берсек болар еді. Себебі, өзіміз жақсы көрген адам құтқармаса, ол бізді жақсы көрмеді деп түсінеміз.

- Ол қыздың бас қайғысы жетіп артылады. Ол ешкімнің көмегін қабылдай алмайды. Тек өзім дейді. Бір қызығы – үйінде зіңгіттей жігіт қонақ боп отыр, ал қыз болса, көмек сұрамастан даңғарадай шкафты бір өзі қозғалтып, үй жинайды. Жігіт орнынан атып тұрып үлгермеді. Құдды үйде ешкім жоқ сияқты. Ылғи қалтасында электрошокер. Жігіті есіктің көзіне дейін шығарып салады. Бірақ ол бәрібір қалтасындағы электрошокерін саусақтарымен қысып ұстайды. Жалғыз келе жатқандай.

Ол қыздың әкесі өте мейірімді кісі еді. Қызын қатты жақсы көрді. Момын кісі еді. Жалақысы аз болатын. Бұйрық бере алмайтын. Зайыбының айтқанын істеп үйренген. Ал қызын аулада бір бұзық жүргізбей, мазасын алды. Ол үйден шығуға қорқушы еді. Бір күні шыдамай әкесіне шағымданады. Басында әкесі ештеңе істегісі келмеді. Сен онымен өзің сөйлессеңші деді. Бірақ қызы қалай сөйлесу керектігін білмеді. Сөйлесіп көріп еді, көзі көгеріп келді. Сол кезде әкесі бұны жетектеп апарып әлгі бұзықпен сөйлесті. Анау ыржақтап әкесінің өзін күлкі, келемеж қылып, доқ көрсетті. Сонда барып әкесінің қолынан түк келмейтінін түсінді. Ол ештеңе істей алмайды. «Саған ешкім ешқашан қамқор болмайды. Әкеңнің де шамасы келмейді» дегенді түсінді.

Өсе келе «жасағысы келмеді» мен «қолынан келмедінің» айырмасын түсіне бастаймыз. Екіншісі біріншісінен де азапты екенін сезінеміз. Егер біз жақсы көрген адам бізді қорғамаса, әлде де бір үміт бар сияқты боп тұрады. Бір күні қорғағысы кеп қалар деп өтеміз. Қолынан келмесе – онда үміт жоқ. Ол бізді жақсы көреді, бірақ бұл ештеңені өзгертпейді. Бұл жақсы көрудің бары не, жоғы не?! Оның жақсы көргені де, жақсы көрмегені де бірдей. Әлде оның бар болғаны да, жоқ болғаны да бәрібір ме?

Қалай болғанда да сен жалғызсың. Арқа сүйер ешкім жоқ. Ту сыртыңда жалғыздық.

Малка Лоренц

Аударған Шынар Әбілдә

Сен үшін бәрін ғалам жасайды
Ең ұлы нығмет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу