Химия — жас ұлғайған сайын өте өткір сезілетін құбылыс

Oinet.kz 08-11-2019 1195

химия.jpg

Бұл санды айтқым келмейді, бірақ айтуға тура кеп тұр – жасым 40 келді. Бір апта болды. Балалық бітті деген сөз. Айнаға қарасам, бір түрлі суреттер көретін сияқтымын. Әлде айна әдейі көрсете ме?

Біресе, сүйкімді жас қыз қасын керіп бояп жатады, біресе ашулы әйел асығыс кие салған көйлегін түзейді. Біресе, қыз күлкілі тістерін ақситып тазалайды кеп. Мен сан алуан түрлімін. Бір қызығы, әлі де қанша жасқа лайық екенімді өзім де білмеймін. Қырыққа келген келбетіммен не істеуге қақым барын түсіне алмай жүргенім.

Қақым барын қоя тұршы, ал қызық нәрсе жасағым келетіні рас. Бар жұмысты жабулы қазан күйінде қалдырып, қалаған ісіммен айналысқым келеді. Тіпті бір-екі рет қана қаласам да... Ал, не істедік?

Қалауым мынау: фитнеске барсам, әр түрлі концерттер мен көрмелерді араласам, сол жерлерге шырттай боп сәнденіп киініп шықсам деймін, түрлі кофеханаларда асықпай кофе сораптап, тіл үйірер дәміне сүйсініп, жаңа адамдармен танысып, түрлі салпыншақ, сырғалар сатып алып сүйсінсем, демалыс күндері басқа қалаға кетіп қалып, қажет кезде косметологқа барып, пәтеріме жөндеу жұмысын жасатып, қаладағы құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан халықтың көрінісінен ләззат алып, қайтадан қаланың сыртына кетіп, тығылып қалсам деймін.

Нені қалайтынымды айттым. Ал енді осы қырыққа келгенше неге қол жеткізгенімді айтайын. Бүгін өзіме не қызық екенін байқағанымды сипаттайын. Бұл оқиға мен үшін ғана қызық болды. Жаңа адаммен жолыққандағы алғашқы химияны сезетін болыппын.

Біраз жыл бұрын кездейсоқ адамдардың жүзінен өзімді көрем деп еш ойламаған едім. Миллион адамның арасынан жан дүниесі көрінетінін екшеп алам. Жанын, ойын оқимын. Жасы келген сайын адамның бүкіл ойы жүзінде жазылып тұрады. Не сезетінін, немен тыныстайтынын қанша тығып ұстаса да, бәрін жүзінен оқып қоюға болады.

Сосын – жасың келген сайын ұқсас ұқсасты қаттырақ тартады. Ұқсастықтары көп заттар болады. Ал адамдарда ұқсастық одан да көп. Бұрын ерлерге, әйелдерге деген талап күшті болса, қазір талап жоқ, тек ішкі түйсік рөл ойнайды. Түйсігіме қатты сенем.

Қалжырап қалғаныңда, ішкі түйсік адастыруы мүмкін. Сол кезде өміріңе қоқыс кіріп кетеді. Келмеуге тиісті келеді, сені пайдаланып кетуге ұмтылады. Ондай адамның қуаты аз, сен шаршаған кезде, зарядың кеміген тұста тартылады, тек бұл сен үшін уақытша құбылыс болса, олар үшін тұрақты күй. Сәл уақыттан кейін қалай келсе, солай кетіп қалады. Кездейсоқтық.

Жасы келген сайын адам басқа адамды иіскеп білетін болады. Біріне төзбейтінін сезсе, кейбірін өзіне тартады. Әрине, 40 кеп жақын тарту оңай емес, сенімсіздік бас көтереді, ырым-тыйым көбейген мезет, алайда жаңа адам келіп, ол саған ұнаса – оның қадіріне жетуге тырысасың.

Химия – жасың келген сайын өткір сезілетін құбылыс. Білімің мен көрген-түйгенің еселеніп, өзіңді жетік білген сайын еркін көсілесің...

Химия – бір сәттік сезім. Алдымен жаңа адамыңды көзіңмен іздеп табасың. Сосын ақыл саралайды. Сосын жаныңмен қабылдайсың. Осының бәріне бірнеше минут жеткілікті.

Бұрын қаншама қажетсіздер тартылған... Нақты талаптарға сай болсын деуші едік: жоғары білімі, әдемі, бай... және сондай сияқты сылтаулар... Ал қазір өзіңнің де біршама қалыптасқан сәтіңде өзгенің бойында кейбір сипаттың болмауы түк етпейтін болған.

Қазір қасиетінен гөрі адамның өзі маңызды. Жақсы адам. Өзім де күтпеген жерден осылай дегім кеп кетті. Жай ғана жақсы адам. Сен үшін жақсы. Бәрі үшін емес, суретке түсу үшін емес.

Шынымды айтсам, жылдар бойы тексерістен өткен тактиканың өзі жарамсыз боп қалуы мүмкін. Жақында көшеде сөйлесе кеткен кездейсоқ әйел мені Катюська дегені, тура атам сияқты.

Сол сәтте алпыс екі тамырым иіп кеткендей болды. Жаным жадырап сала берді. Оның сөзінен емес, естеліктерімнен. Сол апайды үйге әкеткім кеп кетті. Онымен қоштасқанда түсінгенім, ол апай жай ғана апай ғой, бірақ бір ғана ортақ сөз айтып еді – менің ішім жылып сала берді.

Айтпағым – міне, осы химия жылдар өте келе үдей береді. Бірақ ол үшін сен жетіле бер, бір орында тұрма, өзіңді ізде, түсінуге тырыс, жан дүниеңді қазбала, сонда осындай ерекше сыйға ие боласың – дәл осы химияны сезетін боласың.

Бұл бақыт қой! Өзіңді өзгенің бойынан тауып, сезіну деген.

Екатерина Кульбицкая

Аударған Шынар Әбілдә

Энди Руни қырықтан асқан әйелдер туралы
Сезімдердің таласы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу