Шаңырақ шайқалғанда еріңе/зайыбыңа қойылатын сұрақ

Oinet.kz 08-11-2019 1031

ер мен әйел.jpg

Некені бір ауыз сөзбен қалай құтқаруға болатыны туралы әпсана.

Бірде үлкен қызым Дженна былай деді: «Кішкентай кезімде сендер ұрысқанда ажырасып кететін шығар деп қорқатынмын. 12 жасқа толғанда, бұлай ит-ыржыңмен өмір сүргенше, ажырасып кеткендерің жақсы еді деп ойлағам!»

Содан соң қызым күлді де, «Сендердің татуласуға миларың жеткеніне қатты қуанамын» деді.

Жылдар бойы зайыбым Кери екеуміз тайталасып, шайқасып өмір сүрдік. Артыма қарасам, кереғар мінездермен қалай үйленгенімізге таң қалам. Бір шаңырақ астында уақыт оздырған сайын кереғарлық үдей берді. Байлық пен атақ өмірді жеңілдетпеді. Керісінше, түйткіл көбейе берді. Екеуміздің арамыздағы жағдайдың күрделенгені сонша, жаңадан шыққан кітабыма арналған турне мен үшін уақытша болса да одан құтылудың амалы болды. Екеуміздің әр нәрсеге бола жанжалдаса беретініміз сонша, екеуара бейбіт өмір сүру мүмкін еместей еді. Неғұрлым ауыр сөз айтып, жанға жара салуды әдетке айналдырдық. Өз жүрегіміздегі дертті бір-бірімізге көрсетпей, тас қамалдың артына тығылуды үйрендік. Ажырасудың алдында тұрғанбыз. Ажырасайық деп неше рет айттық та.

Шыдамның шегі үзілген тұс сол турне болды. Жаңа ғана телефонмен оңбай ұрсыстық. Кери телефон тұтқасын тастай салды. Ашуым бұрқ етті. Қолымнан түк келер емес. Жалғыздық. Бітті дедім. Енді шыдай алмаспын.

Сол сәтте Құдайға жалбарындым. Әлде Құдай өзі жүрегімнің есігін қақты ма? Сол ашумен бүкіл өкпе-назды айғайлап айттым. Бұны дұға деуге келмес, бірақ ол іштегі жанайқайым еді. Сол сәт жадымда мәңгілікке сақталып қалды. Атланта қаласы. Қонақүйдегі душтың астында тұрмын. Мен Құдайдың атын айғайлап айтып, бұл неке – сенің қателігің деп ұрыстым. Мен бұлай өмір сүре алмаймын дедім. Ажырасу өзіме де ауыр болғанмен, басқа амал таппаған едім. Бірге тұрудың қиындығы қинап болды. Ашумен қатар жаным белгісіздіктен қиналды. Неге Кери екеуміз бір шаңырақтың астына сыйыспадық? Түсіне алмадым. Жүрек түкпірінде оның жақсы адам екенін түсінетінмін. Мен де жақсы адаммын. Онда неге екеуміз қарым-қатынасымызды бір жолға сала алмай-ақ қойдық? Неге мен мінезі маған мүлде үйлеспейтін әйелге үйленгенмін? Неге ол өзгергісі келмейді?

Ақыры душтың астында айқайлап, айқайлап, дауысым қарлығып, душтың еденіне отырдым да, өксіп-өксіп жыладым. Сол сәттегі түнектен менің жаныма сәуле құйылғандай болды. Сен оны өзгерте алмайсың, Рик. Сен тек өзіңді өзгерте аласың. Сол сәтте дұға жасадым. О, Жаратқан, егер мен оны өзгерте алмасам, онда мені өзгерт. Түн жарымына дейін дұғада болдым. Келесі күні үйге қайтар жолда да дұға тіледім. Мені сүймейтін жаны тастай суық зайыбым күтіп тұрған өз үйімнің табалдырығына келгенде де дұға тіледім. Қазір кіріп барсам, ол, сірә, маған бұрылып та қарамас. Сол түні, төсекте қатар, бір-бірімізге өте жақын, әрі өте алыс жатқан сәтте мен не істеу қажет екенін түсіндім.

Келесі күні таңсәріде, төсектен тұрмай жатып Кериге сұрақ қойдым.

«Бүгінің жақсы өту үшін не істейін?»

Кери маған ашулана қарады да: «Не?» деді.

«Бүгінің жақсы өту үшін не істейін?»

«Ештеңе, – деп кесіп айтты ол. – Неге бұлай сұрадың?»

«Мен шын сұрап тұрмын, – дедім мен. – Сенің күнің жақсы өту үшін не істей алам?»

Ол маған сынай қарады. «Бір нәрсе істегің келсе, ендеше асүйді жуып, тазалап қой» деді.

Шамасы, зайыбым, мені ашуланар деп ойласа керек. Мен басымды изедім де: «Жақсы» дедім. Орнымнан тұрдым да, асүйді тазалауға кірістім.

Келесі күні тағы да сол сұрақты қойдым: «Осы күнің жақсы өту үшін не істейін?»

«Гаражды жина».

Уф дедім. Сол күні өзімнің де жұмыстарым бастан асып жатқан еді. Зайыбым бұл тапсырманы мені ашуландыру үшін әдейілеп айтқанын түсіндім. Әй, кетші, дей жаздап, өзімді әрең тыйдым. «Жақсы» дедім. Орнымнан тұрдым да, келесі екі сағат бойы гаражды жинап, реттеумен болдым. Кери не ойларын білмеді. Келесі күн келді.

«Осы күнің жақсы өту үшін не істейін?»

«Ештеңе! – деді ол. Сен ештеңе істей алмайсың. Өтінем, доғаршы бұл қылығыңды». Мен доғара алмайтынымды айттым. Себебі, өзіме сөз бергенмін. «Осы күнің жақсы өту үшін не істейін?» - «Мұны не үшін жасап жатырсың?» - «Себебі, сен мен үшін өте қымбат адамсың. Біздің некемізді де қастерлеймін».

Келесі күні сұрағымды қайталадым. Арғы күні де. Одан кейін де. Екінші аптаның ортасында мен күткен ғажап басталды. Менің сұрағымды естігенде Керидің көзі жасқа толып, жылап қалды.

Өз-өзіне келгенде зайыбым маған қарады да: «Болды, доғар, қоймашы бұл сұрақты маған. Бар мәселе сенде емес, менде. Менің мінезім мінез емес, оны білем. Осы уақытқа дейін неге ажырасып, мені тастап кетпегеніңе таң қалам» дегені.

Мен оның иегінен ұстап, төмен қарап тұрған басын өзіме қараттым. Көзіне тура қарадым. «Себебі, мен сені сүйем, - дедім мен. – Бұл күнің жақсы өту үшін не істейін, айтшы?»

«Бұл сұрақты саған мен қоюым керек». «Иә, сұрауың керек. Бірақ қазір емес. Қазір сен мен үшін қаншалықты қымбат екеніңді түсінуің маңызды». Ол басын кеудеме қойды. «Кешірші, осыншама уақыт ақымақтыққа бой алдырып келіппін, өзімнің тек жаман жағымды көрсетумен болыппын». «Мен сені сүйемін» - дедім мен. «Мен де сені сүйемін, – деді ол. – Сенің күнің жақсы өту үшін не істейін?» Кери маған зор мейіріммен қарады: «Бәлкім, бұл күнді бірге өткізерміз? Тек қана сен және мен». Мен жымидым. «Қандай ғажап болар еді, менің де бар қалауым сол».

Бір айдан аса уақыт сұрағымды қайталаумен болдым. Сосын қарым-қатынасымыз өзгерді. Ұрыс-керіс тыйылды. Сосын зайыбым менен «Не істеп берейін? Сен үшін ең жақсы әйел болу үшін не істейін?» деп сұрай бастады.

Арамыздағы алынбас тас қорған құлады. Біз әңгімелесіп үйрендік. Ашық, бүкпесіз. Өмір жайлы, өмірден не күтетініміз туралы. Бір-бірімізді бақытты ету үшін не істесек дегенді жиі-жиі сұрайтын болдық.

Көзді ашып-жұмғанша бүкіл жамандықтан құтыла салмадық. Одан кейін мүлде ұрыспадық деп те айтпаймын. Бірақ ұрысымыздың да табиғаты өзгерген сыңайлы. Сирек болсада ұрысатынбыз. Алайда сол тәжікелесулерге бұрынғы ашу жетіспей тұратын. Біз ұрысымызды оттегісіз қалдырыппыз. Екеуміз де қатты ренжітуге, жүрекке қанжар сұғуға ұмтылмадық.

Қазір Кери екеуміздің бірге тұрғанымызға отыз жыл болды. Зайыбымды сүйемін, ол маған қатты ұнайды. Оның қасында болу ұнайды. Ол маған керек. Ол мен үшін қымбат жан. Оны жан-тәніммен қалаймын. Екеуміздің ұқсамайтын мінездеріміз біздің ортақ күшімізге айналды. Қалғанына жүйке жұқарту бекер екенін түсіндік. Бір-бірімізге қамқор болуды үйрендік. Ең бастысы шын ықыласпен қамқорлық жасап келеміз. Отбасының оты өшпеу үшін оны үрлеп отыру керек. Сол сияқты ата-ана болу, жазушы болып қалыптасу үшін, тәніңді күтіп-баптау үшін де шын ықылас керек. Өмірде мәні бар дүниенің бәріне ынта-ықылас бөлгенің маңызды. Мен үшін солай. Өмірді сүйікті адамыңмен қол ұстасып өткізуден артық бақыт жоқ. Бұл керемет сый. Сосын отбасы адамның жаман әдеттерін тыюға, түзеуге көмектесетін тамаша орта. Жүрек жарасын жазатын дәру. Әр адамның бойында өзі ұната бермейтін бір кемшілігі бар ғой. Содан құтылуға тек отбасы себепші бола алады.

Уақыт өткен сайын біздің отбасылық тарихымыз неке туралы әлдеқайда маңызды сабақтың тақырыбына айналғанын сезініп жүрмін. «Осы күнің жақсы өту үшін не істейін?» деген сұрақты сүйіктісі бар әр адам қоя білу керек. Шын махаббат деген сол. Махаббат жайындағы романдар (өзім де бірнешеуін жаздым) әдетте «олар ұзақ та бақытты өмір сүрді» деген ішпыстырарлық болып аяқталады. Алайда ұзақ та бақытты деген сүйікті адамыңа иелік ету не соған беріліп кетуден тумайды. Шын өмірде махаббат тек біреуді қалау емес, жан жүрегіңмен сол адамға бақыт тілеу – кейде өзіңе зияны тиіп жатса да. Шын махаббат екінші адамды өзіңнің көлеңкең, я көшірмең ету емес. Махаббат әр адамның жеке мүмкіндігін ұлғайтуға беріледі – сүйіктіңе төзімді болу, қамқорлық жасап үйрену. Басқасының бәрі – өзімшілдіктен туған ақымақ қойылым.

Әрине, Кери екеуміздің басымыздан кешкен тәжірибе бәріне бақыт сыйлайды демеймін. Мен тіпті ажырасудың алдында тұрған адамдардың бәріне сол некені сақтап қалу керек деп ақыл айтудан да аулақпын. Бірақ сол күні осы сұрақты тудырған шабытыма мың алғыс айтамын. Шаңырағымды шайқалтпай, түтінін түзу шығарып отырғаныма, күн сайын құшағымда оянатын зайыбым ең адал досым болып қалғанына қуанамын. Ондаған жылдар өтсе де, кейде бір-бірімізге қарап отырып «Сен үшін не істейін» деген сұрақты қоятынымызға шаттанамын. Осы сұрақты есту үшін оның құшағында оянудың өзі неге тұрады!!!

Аударған Шынар Әбілдә

Түзу жолмен жүр
Энди Руни қырықтан асқан әйелдер туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу