Бауыржан Момышұлының «ауруы»

Oinet.kz 07-11-2019 1388

бауыржан Момышұлы.jpg

– «Баукеңмен танысқан сәт» деп қалдыңыз. Сол таныстық жайында айта кетсеңіз.

– 1959 жылы Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сарыағашқа Бауыржан Момышұлы келетін болды. Доцент Әлмембет Төлеуов: «Студенттермен кездесуге шақыру үшін сен барып рұқсатын ал», – деді. Мен «бармаймын, қорқамын, ұрсады» деп ем, «сен бармасаң, кім барады? Тілін тап», – деді.

Қасымда тарихшы Тілеуқұлов пен Сарыағаштағы аудан орталығынан қосылған бір жігіт бар. Баукең жеке үйде отыр екен. Сартылдатып машинка басып жатыр. Ойын бөлмейік деп тұрмыз. Бір уақытта ары-бері жүре бастады. Қоңырауды басып қалдым. Дүңк-дүңк етіп бері қарай келе жатыр. Қорқып тұрмыз. Есікті ашып, «қайдан келген адамсыңдар?» – деді. «Сізге келген едік. Студенттер өзіңізбен жүздескісі келіп жатыр», – дедік. Үйге кірдік. Үстел үсті жайнап тұр. Бір коньяк ашты. Өзіне және үшеумізге құйды. Негізі үшеуміз де ішпейміз, қорыққанымыздан көтеріп салдық. Содан Баукең: «Мен бармаймын. Сарттарыңды жақсы білемін. Ертең «шақырмап едік, бұл қайдан келді» деп айтудан тайынбайды. Сұраным хат әкеліңдер», – деді. Қағазды кешке дейін әкеліп бердік.

Ертесіне Баукеңді алып келсек, 750 адам сыятын зал лық толып, сыртқа радио қойып жатыр екен. Содан «тойды біз бастаймыз» деп, өзбектің шапаны мен тақиясын кигіздік. Ол кезде елуге толып жатыр еді. Екі сағат сөйледі. Сол сәтте бір студент: «қазақ тілі тірі қала ма, әлде жойыла ма?» – деп сұрақ қойды. Баукең ойланып қалды. «Әй, мына сарттарың өте қу келеді. Есік алдына айналдыра тал егеді. Соны жыл сайын отап алады. Сол секілді біздің тіліміздің де тамыры аман. Оны қанша қырыққанмен, өсе береді», – деді. Сол сөзі әлі күнге дейін есімде қалыпты.

Қайтып келе жатырмыз. Бір уақытта Баукең:

– Сен кімсің? – деді.

– Мекемтаспын, Түлкібастан келгенмін.

– Сарт болайын деп жүрмісің?..

– Жоқ, қазақ болайын десем, аспирантураға түсірмей жатыр.

– Кімнің баласысың?

– Мырзахметтің баласымын.

– Ұста ма?

– Иә, – дедім. Он минуттай үндемеді. Сосын шешіліп, әңгімесін бастады:

– 1928 жылдары сонда жұмыс істедім. Ол кезде Сайрам, Жуалы, Түлкібас бір аудан еді. Сонда әкем: «Сайрамға барсаң, Мырзахметтің үйіне түс», – деп айтты. Мен сенің үйіңде талай рет қонғанмын, – деді. Баукең бәрін анықтап айтып берді. Ал мен әкемді жақсы білмеймін. Екі жасымда айырылып қалғанмын. Қамауда жүріп, ауырып қайтыс болды. Сол себепті осылай өзгелердің айтуымен ғана әкемді елестетуші едім.

«Енді не істемек ойың бар?» – деді Баукең. «Өзбекстаннан Қазақстанға аспиратураға алмай жатыр» дедім. Үйіне келді де, телефонды алды: «Мәлік, сөйлеп тұрған менмін. Менің Мекемтас деген інім бар. ...Білсеңіз, ол аспирантураға түсу керек», – деп, телефон тұтқасын қоя салды. Ол кезде Мәлік Ғабдуллин қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры еді. Міне, Баукеңмен таныстығым осылай басталған.

Мекемтас Мырзахметұлы

Аузы дуалы Оразша батыр
Тура жолдан адасу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу