Аузы дуалы Оразша батыр
Бір күні дастарқан басында отырып теледидардан Болгариялық көріпкел Ванга әжей туралы беріліп жатқан хабардың соңғы жағын көріп қалдық. Көрген кісіні еріксіз өзіне баурап алатын қызықты хабар таусылған бойдан бәріміз шулап Болгариялық сәуегейдің керемет екенін айтып, оны жер-көкке тигізбей мақтай бастадық. Әңгіме қыза келгенде отырғандардың біреуі Франциялық сәуегей Настрадоумустың аузынан шыққан болжамдарының тоқсан пайызының айнымай дәл келгенін айтып аузының суы құрыды. Төрде отырған әкем қызықты әңгімені ықыластана тыңдап, сілтідей тынып қалғандарға қарап мырс етті де:
-Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық деген осы. Өз асылының қадіріне жетпей, біреудің қаңсығын төбесіне көтеретін қайран қазағым-ай. Атын да, затын да танымайтын Ванганың сәуегейлігіне естерің кетіп, ауыздарыңды ашып отырсыңдар. Рас, мен оның кереметіне таласым жоқ, сол айтқандай керемет болар. Бірақ, онан бұрын өмір сүріп, айтқаны айнымай дәл келген қазақтың қасиетті кісілерін неге дәріптемейсіңдер? Сендер өздерің осыдан бірнеше жүз жыл алдын осы заманға дейін болжам жасап кеткен Мөңке бидің сөздерін білесіңдер ме? Ал сол кісінің айтқан сәуегейлігінің жүз пайыз тура келіп жатқанын қайда қоясыңдар?
Мәселен, "ақырзаман боларда өзім аттас балық шығады, бармақтай тас тауды жығады. Тас-темірден молаң болар, алһамды білген молдаң болар. Дүдамалдау дінің болар, алашұбарлау тілің болар", - деп Мөңке бидің ғибратты сөздерін шұбырта жөнелген әкем, ол кісінің аузынан шыққан болжамдарының осы күні дәл келіп жатқанын тілге тиек етіп, талдап берген кезінде, бір-бірімізге сөз бермей гуілдеп отырған біздің аузымызға құм құйылып, үйді жығып кетердей гуілдеген екпініміз су сепкендей басылып қалды.
-Айтқаны қате кетпейтін, аузы дуалы, көзі ашық әулие деп есептеуге болатын қазақтың қаншама абыздары өткен. Бірақ, біздің бір үлкен кемшілігіміз өз арамыздан шыққан данышпандарымызды көп дәріптемей, шетелдік сәуегейлер туралы айтылған әңгімелерді тыңдағанда сүттей ұйып қаламыз. Өз елінің тарихын, әдет-ғұрпын, ел ішінен шыққан атақты адамдардың өмірбаянын, артына қалдырып кеткен асыл сөзін білмеу – бұл келешек ұрпақты мәңгүрттікке алып келеді. «Құдай болсаң, әуелі өзіңді жарылқа» деген сөз бар. Жаңағы бәрің жабыла шулап, төбелеріңе көтере мақтап жатқан Ванга кемпіріңді, көзі ашық әулие Настрадоумусты білген жақсы, бірақ, «өз-өзіңді құдайыңдай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деп бекер айтылмаған. Керек болса өзіміздің Тауелібайдан шыққан аузы дуалы, ықыласпен берген батасы қабыл болатын талай қасиетті адамдар болды ғой. Осыған байланысты мен сендерге өзім көзбен көрген мына бір оқиғаларды айтып берейін.
-Тауелібай еліне белгілі тұлға, елге пір болған Ерсейтпенбет әулиенің ұрпағы Әлқожа қожа мен елге беделді Оразша батырдың өздерінің ізін қуып келе жатқан сыйлас інісі Отарбай балқы Шермахан деген кісіге берген батасы туралы үлкендерден естіген әңгімемді паш етуді жөн көріп отырмын. Әлқожа қожаның үлкен баласы Пірмахан Оразша батырдың қызына үйленген. Құдай қосқан мың жылдық құдамыз деп қайқая бермей, бір-бірімен зілсіз әзілдесетін бұл кісілердің ортасындағы жарасымды әзіл-қалжыңдарын ел адамдары құмарта тыңдайтын.
Соғыстан көп жыл алдын ауылдағы алаша Сейілханның қызы Күлан Шермахан деген жігітке тұрмысқа шығады. Арада бірнеше жыл өткенмен жас жұбайлардың ортасында бала болмайды. Өздерімен замандас кісілер сәбилі болып жатқанда Шермаханның әйелі Күлан өзінің жастай қосылған күйеуіне перзент сыйлай алмағанына іштей қатты налитын. Ол кісінің күндіз-түні көзінің жасын төгіп, аллаға жалбарынып перзент сұраған тілегі орындалмай, балалы болармын деген үміті үзілуге қарайды. Көршінің үйіндегі тілі былдырлаған қара домалақ сәбиді көргенде Күланның көзіне еріксіз жас айналатын. Жасы жер ортадан асып бара жатқан құдай қосқан қосағының ұрпақсыз кетерін ойлағанда Күланның өзегін ащы өкініш өртейді. Кей күндері таң атқанша көз ілмей ауыр ойдан шақшадай басы шарадай болған ол кісі ойлана келе күйеуіне жас әйел алып беруге бел байлайды. Елді есеңгіретіп кеткен сұрапылдан кейінгі жылдарда ауылда күйеулері соғыста қайтыс болып, басына қара жамылып жесір қалған әйелдер көп болатын. Осы ойға бекінген Күлан өздерінің ауылдасы Құлман қожаның қызы Алмашпен сөйлесуге бекінеді. Бұл кісінің күйеуі қан майданға алғашқы боп аттанғандардың бірі еді. Көп ұзамай-ақ он екіден бір гүлі ашылмаған жас келіншектің күйеуінен қара қағаз келіп, ол ауылдағы жесір әйелдердің біріне айналады. Күлан бір күні көршісі Құлман қожаның үйіне келіп Алмашпен сөйлесе бастайды. Бір реті келген кезде ол әңгіменің төтесіне көшеді. Алғашқы кезде Күланның аузынан шыққан бұл әңгімені естігенде Алмаш шабына шоқ түскендей шошып кетеді. Бірақ, үздіксіз бір жерге тама берген судың тамшысы да тасты теседі дегендей, екеуінің арасында басталған әңгіме оң нәтижесін беріп, Құлман қожаның қызы Шермаханға тұрмысқа шығуға келісімін береді. Алмаштың келісімін алған Күлан уақытты көп созбастан екеуін қосуға асығады. Жас әйелді күйеуіне өз қолымен қосып арманы орындалған Күланның арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалады. Осыдан кейінде арада сынаптай сусып оншақты жыл өте шығады. Шермахан бұл әйелінен де перзент көре алмайды. Өзімен тонның ішкі бауындай араласып жүрген Шермахандай інісінің бір перзенттің тырнағына зар боп жүргені жанына қатты батқан Оразша батыр өзінің құдасы Әлқожаға келіп:
-Ай, қожеке, құдай саған да, маған да бала берді. Құдайға шүкір, екеуіміз баланың да, келіннің де, немеренің де қызығын көріп жатырмыз. Ал, мына ізімізді қуып келе жатқан Шермахан ініміз бір шикі өкпеге зар боп жүр ғой. Қазекеңнің «балалы үй-базар, баласыз үй қу мазар» деген сөзі дұрыс айтылған әңгіме. Жарылқайын десе құдайдың шапағатында шек жоқ қой. Бүгін екеуіміз сол ініміздің үйіне арнайы барып, тілек тілеп, бата берейік. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген емес пе? Мүмкін, біздің тілек-батамызды алла қабыл етіп, жақсы іске себепкер болармыз, - дейді.
Баладай елпілдеген қожекең де құдасының сөзін құп алып, елге сыйлы қос ақсақал қаздай тізіліп Шермаханның үйіне келеді. Есіктен кіріп келген қадірменді екі ағасын көрген Шерекеңнің төбесі көкке екі елі жетпей қалады. Ағаларын үйінің төріне отырғызған бойы, ол кісі әй-шайға қаратпай қорасындағы семіз қойын сойып тастайды. Екі ағасының қасына әңгімелесіп отыруға ауылдағы бірнеше ақсақалдарды шақырып келеді. Үйдегілер көкірегі қазыналы қариялардың құлақ құрышын қандыратын құнды әңгімелерімен тамақтың дайын болғанын да сезбей қалады. Бабына келіп, былқып піскен семіз қойдың еті желініп болған соң, Шерекең екі әйелімен келіп ақсақалдардан бата сұрайды. Төрде отырған қожекең екі қолын жайып бата бере бастайды. Екі көзін тарс жұмып, аллаға жалбарынып шын ниетімен тебіренген Әлқожа қожаның аузынан шыққан ыстық бата-тілегі Шермахан мен екі әйелінің алпыс екі тамырын қорғасындай балқытып, көздерінен жас боп төгіледі. Қожекеңнің батасының әсерлі болғандығы соншалық мығым денелі Шермаханның екі қолы жапырақтай қалтырап, аузы кемсеңдеп кетеді. Қожекең батасының соңында «құдай сендерге қошқардай қос ұл бергей» деп аяқтаған кезде, Оразша атам тамағын бір кенеп алып:
-Шырағым, Шермахан, айналайын келіндер. Қожекең құдайдан сендерге қошқардай қос ұл беруін тілесе, мен сол ұлдардың көйлек-көншегін жуатын бір қыз беруін тілеймін, - деп батасын бастап кетеді. Батырдың берген батасынан Алмаштың тұла бойы бордай үгітіліп, көзінен сорғалаған жасы омырауына тырс-тырс тамады. Екі абыздың берген батасынан отырғандардың да көңілдері босап, көздеріне жас айналады. Міне, осыдан кейін әуелі құдай, онан қала берді екі ақсақалдың тілегін алла қабыл етіп, Шермахан ақсақалдың екі ұл, бір қызды болғанын бүкіл ел біледі.
-1958 жылы Доман ағам ферма меңгерушісі, ал мен сол кісінің қарамағында шопыр болатынмын, - тағы бір әңгімені бастай жөнелді.
-Сол жылы көктем жақсы келді. Ақпан айының ортасында жерді тұтас жауып жатқан қар тегіс еріп, күн жылынып кетті. Күн шуағымен жылынған жер дүр көтеріліп, айналдырған бір жетінің ішінде іші өскен малдың аузы көкке толық ілінді. Көк шөптің де бір кереметі бар-ау, қыстан жүдеңкіреп шыққан арық-тұрық малдың өзі көкке тойғасын, кәдімгідей есін жинап алды. Көп ұзамай-ақ туым науқаны басталып кетті. Дөкең үйімен ауылдан 45-50 шақырым шамасында орналасқан Ыза құдығына көшіп барып, сол жерден қаракөл терілерін қабылдай бастады. Жарықтық, шымы тұтас Ызаның жері де өте құнарлы ғой. Ырғатылған раң, жалтырбас, арпақан сияқты шөптер қаулай өскен жер кілемнің түгіндей құлпырып көздің жауын алады. Жайқалып тұрған көгалды аяғыңмен басуға да аяйсың. Малдары қыстан шығынсыз шығып, көкке ерте тойған соң шопандардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Мен ұйқыдан ерте тұрып, Ыза құдығына айнала орналасқан шопан ауылдарын түгел аралап, қаракөл терілерін жинап келемін. Көбінесе, сойым пунктіне тірі қозылар көп келеді. Сондай кездері пункттегі сойымшылардың қозыларды союға үлгермей жатқанын көрген Паң жеңгем оларға жәрдемге келетін. Ол тілінен де, қолынан да іс келетін өткір кісі еді. Екі білегін сыбанып алып қозы сойғанында қолы-қолына жұқпайтын. Үй ішінің шаруасын тап-тұйнақтай етіп, Дөкең екеуіміздің қас-қабағымызға қарап, үйіндегі жылы-жұмсақты аузымызға тосқан жеңгемнің пейіліне риза боп, шаршағанымызды ұмытып та кететінбіз. Дөкең мен Паң жеңгемнің 1949 жылы туылған Раушанбек деген жалғыз ұлы бар еді. Осы ұлынан кейін жеңгем бала көтермей қалған. Ерлі-зайыпты екеуі Раушанбектің соңынан сәби ермегеніне қатты қынжылып, уайым ететін.
Сол жылы туым қорытындысының көрсеткіштері ойдағыдай болып, өсімге қозы қою жоспары да жақсы орындалды. Қолы қарап отырмайтын жеңгем жақын жердегі отарлардан сүтті қойлар алдыртып, сауылған сүттен айран, ірімшік жасайтын. Бір күндері Дөкең өз шаруаларымен аудан орталығына кетпек болды. Дастархан басында отырғанымызда Паң жеңгем қожайынына қарап:
-Дөке, Тамдыға барсаң қайнағаның үйіндегі Батыр атамды осы жаққа ала келсейші. Таза ауа, айран-сүт деген жасы келген кісіге мың да бір ем ғой. Аузы дуалы атама мен де қолымнан келгенше қызмет етсем деп ықылас етіп отырмын, - деді.
Жеңгемнің айтып отырған Батыр атасы бүкіл Тауелібай еліне ақыл-парасатымен, өткір тілімен кең танымал болған Оразша батыр болатын. Сол кездері Оразша батырдың жасы сексендерден асып кеткен еді. Аудандағы шаруаларын бітіргесін Дөкең Райымбай ағасының үйіне барып, Оразша батырды алып кетпек болды. Төсек тартып жатқан Оразша батыр машинаның кабинасына отырып, алыс жерге баруға жарамайды. Сол үшін машинаның қорабына қалың тақтайдан тапшан жасап, оның үстіне қалың етіп салынған жайлы төсекке Оразша атамды жатқызып, Ыза құдығына қарай бет алдық. Тілегі орындалып, атасы үйіне келген Паң жеңгемнің жүрегі жарыла қуанып, аяғы-аяғына жұқпай бар ықыласымен елге сыйлы қарт батырға қызмет етуге кірісті. Арада бір айдай уақыт өткенде Рекеңнен Оразша атамды Тамдыға жеткізіңдер деген хабар келді. Қайтадан машинаның үстіне тапшан, жайлы төсек салып, атаны төрт-бес кісі жабыла көтеріп, төсегіне жайғастырдық. Осы кезде жақындап келген Паң жеңгем шыдамастан:
-Ата, бір айдай бақтым-қақтым, қолдан келгенше жас баладай мәпелеп, күттім. Мен сізге істеген азғантай қызметімді міндет ете алмаймын. Бірақ, мен осы жерде құрдан-құр қала беремін бе, - деді. Машинаның үстіндегі жайлы төсекте жатқан Оразша батыр басын кілт көтеріп:
-Ойпырмай, Жауғаштының қызы, сен өзің қасқырсың-ау! Қасқырсың ғой! Сен неге құр қаласың? Құр қалмассың балам, құдай саған көп ұзамай бір перзент берер, - деп Паң жеңгемнің өткірлігіне риза боп, төгілте батасын берді. Сонда бір таңданарлығы Оразша атамның аузынан шыққан батасы адамның тұла бойын балқытып,көзіңе еріксіз жас айналғанын да байқамай қалады екенсің.
-Расында да, келесі жылы Доман ағамның отбасында Светлана деген қызы дүниеге келді. Мұның бәрі құдайдың қолындағы жұмыс қой. Дегенмен жаңағы кісілердің аузынан шыққан бата-тілектерінің айнымай дәл орындалғанына таңданбасқа да амалың жоқ, - деп әкем әңгімесін аяқтады.
Бұл әңгімеден шығар қорытынды, кейде теледидардан қарттар үйіндегі өз балалары әкеп тастаған көздері жәутеңдеген дәрменсіз ата-аналарды көргенде өзегіңді бір ащы өкініш өртеп жатқандай болады. Өз балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, үстінен құс ұшырмай үкілеп өсірген ата-ананың қартайған кезінде өз немересінің балдай тәтті былдырына зар болып, қарттар үйінің терезесінен жолға телміре қарап, жанын жегідей жеген ауыр ойлармен іштей арпалысып, қиналып жатқанын сол балалары сезер ме екен? "Өгізге туған күн бұзауға да туады" дейді халық даналығы. "Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді" деген сөз де бар емес пе? Қазіргі күнде қол-аяғы дірілдеп, қарға адым жер басуға күш-қуаты қалмаған ата-ананың осы жағдайы күн айналмай-ақ өз бастарына келерін сол балалары ойламай ма? Ал енді Паң әженің төсек тартып, жатып қалған Оразша батырды өзінің баласы мен келінінен арнайы сұратып өз үйіне алдыртуы мен ол кісіге жан-тәнімен қызмет етуі-бұл қазақ әйелінің бойындағы адамгершілік пен мейірім-шапағаттың биік шыңы емес пе? Өз ата-аналарынан безіп, қатігездік көрсеткен кейбіреулердің іс-әрекетін көргенде Паң әженің мынадай асыл ісіне еріксіз таңданып қаласың.
Құрманғали Адамқұлов