Баха фестиваль деген кім?
Қылмыс әлемінде "Баха-Фестиваль" деген лақап атпен танымал Бақыткелді Баясов кім? Қай жердің тумасы? Баха-Фестиваль жайлы жұрт нені біледі, нені білмейді?
1990 жылдардың басында Қазақстанда алматылық Баха-Фестивальдің (Бақыткелді) дәурені жүрді. Бұл жігіт көпшіліктің есінде аса қатыгездігімен қалды. Өзімен санаспағандардың тақиясын теріс айналдырып жіберетін батырлығы жайлы да аңыз көп. Ол алматылық бауырларын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстады. Алайда бұл тірлігі ресейлік "шіренушілерге" ұнамады. Ешкімнің алдында тізерлемеген Баха-Фестиваль небір мықтысымақтарды орнына қойды. Ол 1993 жылы жанындағы төрт көмекшісімен бірге көз жұмды. Қазақстандағы рэкеттерге жасалған ең бірінші қастандық та осы Бахаға бағытталды.
Баха-Фестиваль 1963 жылы Алматы облысындағы қазіргі Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Кіндігі қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың жырларына арқау болған әйгілі Қарасаздың топырағында кесілген. Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Ол кезде Қарасаз "Энгельс совхозы" деп аталатын. Сол Энгельстен бала Бақыткелді ата-анасымен 3-4 жасында көшіп, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына келіп тұрақтайды.
Бақыткелді 17 жасында мектепті тәмамдап, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетіне (Нархоз) оқуға түсті. 1-курсында әскер қатарына шақырылып, борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанды. 1981 жылы алғашқы лекпен Ауғанстандағы соғысқа қатысады.
Бақыткелдінің батыр болып қалыптасуына соғыстың ықпалы зор болды. Қылмыс әлемінің серкесіне айналуына да сол Ауғанстанда көрген тағдыры әсер етсе керек. Өзгелер бейбіт өмір сүріп жатқан кезде ол Ауғанстанда қан кешіп жүрді. Мұның бәрі Бақыттың санасына әсер еткен.
Ауғанстаннан келе салып, Бақыткелді қайтадан оқуына қабылданды. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты оқуын бітіре алмай, баспаханада жұмыс істеп көреді. Сөйтіп жүргенде Одақ ыдырап, жатжұрттықтар елімізде тайраңдай бастады. Сол тұста қазақтың жүректі жігіттері саясат сахнасына көтерілді.
Бақыткелдінің ағасы Амангелді Баясов інісі жайлы сұхбат бергенде: «Көп азаматтарға көмек қолын созды. Күштілердің бәрі Бақыттан ығатын-ды. Оның жаны әділдікті қалайтын, тәртіпті жақсы көретін, айтқанын орындайтын, орындатқызатын. Мұның бәрі өнер. Бір ғана мысал, Бақыткелді Өскемендегі шешендер мен қазақтар арасындағы түйткілді мәселелерді шешті. Осы оқиғадан кейін оның абыройы қатты өсті» депті.
Рас. Сол тұста Бақыткелдінің абыройы қатты асқақтады. Грозныйдан қылмыс әлемінің жігіттері келіп Бақытқа: "Алматы бай қала екен. Осы қаладан бізге жұмыс істейтін бір аудан бер", – деп өтініш айтады. Олар өте үлкен дайындықпен келіпті-міс. "Жоқ" деп айтса, атыс болып, көп адамның өміріне қауіп төнеді. "Иә" дейін десе, "Қазақстандағы барлық мәселені өзіміз шешеміз" деген қағидасына қарсы болады. Бақыткелді әлгі жігіттерге: "Жарайды, Алматыдан бір аудан алыңдар. Бірақ бізге Грозныйдан дәл сондай аудан бересіңдер", – депті. Осы сөзден кейін астамсыған жатжұрттықтар не дерлерін білмей сасып қалады.
Бақыткелдінің осы бір сөзі қанатты сөзге айналып кетті!
Бақыткелді 1993 жылы 7 қазанда Алматыдағы Жандосов көшесінің бойында орналасқан №12 емханада көз жұмды. Қастандық Кеңсай жақтағы Асқар деген досының үйінде жасалған. Амал не, ауыр жараланған Бақыткелді 11 қазан күні, яғни 30 жасқа толған туған күнінде жер қойнына тапсырылды.
Баха-Фестиваль қайтыс боларынан бір жыл бұрын достарына мешіт салу туралы ойын айтқан. Сол ойын іске асыру үшін Алмаарасанға барар жолдан жер де алады. Бірақ, бұл мешіт салынып бітпей жатып, Бақыткелді қаза тапты. Кейіннен бауырлары бірігіп, аталған мешіт бой түзеді. Қазір Бақыткелді Қаматайұлы Райымбектегі атындағы мешіт өзі ойлағандай рухани орталыққа айналып, жұмыс істеп тұр
Серік Әметовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан