Ең балажан адам

Oinet.kz 07-11-2019 1610

балалық.jpg

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) балаларға тым мейірімді еді. Сахабалардан Абдуллаһ ибни Омар (р.а.) немерелері Хасан мен Хұсейн үшін пайғамбарымыздың «дүниедегі екі райханым (хош иісті гүл) менің» дегенін, Әнәс ибн Малик РасулАлланың оларды бауырына басып, иіскеп, оларға дұға оқитындығын айтқан.

Усама ибн Зәйд (р.а.) болса «РасулАлла мені бір тізесіне, Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеуімізді де бауырына бірдей қысып «Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай, сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!» деп пайғамбар сүйіспеншілігінің тек қана өз немерелеріне ғана емес, басқаларға да дәл сондай екендігін айтқан.

   «Кішкентайларымызға мейірімділік танытпаған бізден емес» (Әбу Дауыт, Әдеп, 58) деп хадисінде айтқан пайғамбарымыз, реті келгенде бұл жайлы ата-аналарға да жұмсақ тілмен ескертіп отырған.

   Әр түрлі сахабалардың айтуына қарағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларды өте қатты жақсы көріпті. Оларды құшақтап, көтеріп, мойнына отырғызып, бауырына басып, сүйіп, түйемен келе жатса, түйесіне мінгізіп, алдына алып ойнатып, балалармен бірге өзі де ойнап, бірдеңе бүлдіріп, үстін былғап қойса да еш ұрысып, қабақ шытпаған екен.

   Бұл жайында кейбір сахабалардың айтқандары:

   Абдуллаһ ибн Бүср РасулАлланы тамаққа шақырғанда, тамақтан кейін әдеттегідей сол үй-ішіне аман-есендік тілеп, дұға оқығандығын әрі «мына бала бір ғасыр өмір сүреді» деп басынан сипағандығын айтқан.

  Абдуллаһ ибн Жафер (р.а.): «Расуллаһ сапардан қайтқанда немерелері Хасан мен Хұсейн алдынан жүгіріп шығатын. Ол бірінші жеткенін алдына, екінші жеткенін артына мінгестіріп Мәдинаға алып кіретін».

  Махмұд ибн Рәби бес жастарында Пайғамбарымыздың бір тостағаннан аузына су толтырып үстіне бүріккендігін айтады. Бұл Расулалланың балалармен ойнауының, кейде оларды ойнатуының бір көрінісі.

  Ялла ибн Мүррә РасулАлланың бірде қонаққа бара жатып, жолда балалармен ойнап жүрген немересі Хұсейннің де ала кетпек болғандығын, бірақ Хусейннің атасын көргенде қашып, РасулАлланың оның артынан бала секілді қорбаңдап жүгіріп, қуғанын айтқан. (Ибн Мажә, Мұқаддима, 11).

  Хазірет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немерелерінің бірін сүйіп жатқанда, оны көрген Акра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін» дегенде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оған: «Сен басқаға мейірбандық көрсетпесең, саған да Алла мейірбандық көрсетпейді» — деп жауап бергені айтылады. (Әбу Һурайрадан)

   Сол секілді Мәдиналық біреудің: «Менің бір балам бар. Балиғатқа толды. Сонда да әлі бір рет те иіскеп, сүйіп көрген емеспін» дегенде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оған: «Алла тағала жүрегіңнен сүйіспеншілікті алып тастаса, мен не істейін (менің кінәм не?)» деп жауап бергенін айтқан.

   Сонымен қатар, әз Пайғамбар (с.ғ.с) балаларына жақсы қарайтын ата-аналарды да мақтап, жақсы-жақсы сөздер айтатын.

   Бір күні баласын жоғалтып, тұтқындардың арасынан кез-келген баланы бауырына басып іздеп жүрген әйелді көрсетіп, пайғамбарымыз (с.ғ.с):   

   «Біліп қойыңдар, Алланың құлдарына деген мархабаты, сүйіспеншілігі, мына әйелдің өз баласына деген махаббатынан да асып түседі» деген.

    Жаратушының пенделеріне деген махаббатын анық айқындаған бұл хадис Бұхари мен Мүслимнен алынған.

Жеті көрші
Баха фестиваль деген кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу