Толыққанды өмір ешкімде жоқ

Oinet.kz 07-11-2019 1055

толыққанды өмір.png

Сенің өмірің толыққанды кемелдікке тұнып тұруы шарт емес. Адам әркез игілікпен өмір сүруі тиіс емес. Әрқашан сенікі дұрыс не өзіңе жүз пайыз сенімді болуың да қажет емес. Үнемі бақытты әрі көңілді болу да міндет емес.

Елден ерекше болудың еш қажеті жоқ, себебі сен өзің – қазыналы кереметсің. Құшақ жетпес ғажап әлемде сен кез келген көтеріліп, басылатын тәжірибе толқынындағы ашық жаратылыссың. Сен – бүкіл тірі жаратылыс қозғалысқа түсіп, кез келген шек пен шекара құлап, жойылып, құпиясы ашылатын әлемнің үздіксіз өзгеріп тұратын өрмегіндегі тыныштықтың үнісің.

«Бәрі кетті» және «Ақырында тек мен қалдым» деген идеялардың соңында қалатын құбылыссың. Ненің мазмұнында бәрі бар? Бәріне рұқсат ететін не? Күмән тудырса да неге күмәнданбауға тиіссің? Бұл сөздерді кім оқып отыр? Нені түсінгісі келеді?

Бұл «кемел сана» емес, «кемел өмір» емес, «мінсіз сымбат» емес. «Тамаша әсер», «ғажап сәт» емес. Алайда осының бәрін толық қамтитын нәрсе. Соны қамтитын өзің екенін түсіну маңызды. Бұл фәнидегі барлық қайғы мен көңіл қалудың өзегінде келесі ой жатқан болар: «Мен осы сәтті қадағалағым келеді. Бірақ қолымнан келер емес!» - бір жағынан бұл құлдық ұру, осалдық. Екінші жағынан жеңіліс, жеңілдік, жеке индивид болудан құтылудың абсолютті еркіндігі. Бұл сәт қалай бар, тура сондай. Бәлкім, жұрттың бәрін қадағалау тек сенің міндетің болмаған да шығар. Сенің ықтиярыңда еркіндік жоқ. Таңдау деген тотальды елес қана. Дәл қазір істей алатын миллион нәрсе бар – өзіңді сауықтыру, өзгені емдеу. Ғаламшарды сауықтыру. Құшақтау, құшақтасу. Құшақ деген киелі парадокс. Мен сені жақсы көрем! Жоқ, тоқта! Тоқташы! Сен кім едің, мен білмеймін ғой. Мен өзімнің де кім екенімді білмеймін.

Сенің кім екеніңнен өзімді бөліп қарастыратын тәсілім жоқ. Адам болмысы түп негізінде қатты ұқсас екенін жоққа шығара алмаймын. Дегенмен, мен сен емеспін. Оны жасыра алмаймын.

Санам кездесіп, сол кездесуге қатты қуанамын. Шын мәнінде жолығатын «екеу» болмайды. Ешқашан. Абсолютті түрде «мен» - «сен», «мен» - «басқа» деген ұғым жоқ.

Дегенмен, бала сияқты, дүние есігін енді ашқан сәби болғым келеді. Мен бұл өмірдің сарапшысы болғым келмейді. Сондықтан саған айтарым: мен шынында да сені жақсы көрем. Мен сені жақсы көрем. Пәк жүрек осы бұрыстықтың бәріне мәз. Ештеңе күтпестен жай отыру. Басына күн туған біреудің жанында жай ғана отыр, тығырықтан шығаратын жол іздеп әуреленбе, өз тәжірибеңмен бөлісіп басты қатырма;

жай тыңда, қазіргі сәтті түзеп жіберуге тырыспа, «сарапшы» не бәрін артық білетін «ақылгөй ұстаздың» рөлін ойнама;

алдыңда отырған адамға пейіліңді беріп, ашық сөйлессең де жеткілікті.

Сонда тәжірибе жүзінде дәл қазір істеуге тиісті дүниені істеген боласың – жан дүниені емдеудің бірден-бір тәсілі сол.

Өмірдің мәні осынау білместікте, өмірлік ұғымдар, рөлдерімізден тыс бар болуымыз, қорғансыздығымызда, рұқсат етілмегендікте – дәл қазір өзіміз бетпе-бет келген нәрсенің бәрінде мән бар.

Бәлкім, қалағаныңа қол жеткізгенде бұл аздық ететінін түсінерсің.

Бәлкім, қолдағы барды жоғалтқанда барып соның ешқашан сендік болмағанын байыптарсың.

Бәлкім, үмітіңді тұтас өшіргенде өмірдегі бар мүмкіндікке жолың ашылар.

Бәлкім, зор қайғыны бастан кешкенде ғана теңдесі жоқ үлкен қуанышқа кенелерсің.

Бәлкім, «құлап» бара жатып, құлау мүмкін емесін түсінерсің.

Қайсар бол! Мақсатың тұрақты бола бермейді. Ол үнемі өзгеріп тұрады. Егер адасып қалсаң, өзіңді осы сәттен тауып аласың.

Джефф Фостер

Аударған @shinarabelda

Абай Құнанбайұлы. Өсиеттері
Тиянақты мақсат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу