Аюп пайғамбар қиссасы

Oinet.kz 06-11-2019 2651

Пайғамбар.jpg

Аюп пайғамбар өте сабырлы болыпты. Ұлық Алла періштелерге:

- Аюп - менің ең сабырлы құлым! - деп мақтайды. Оны естіген Ібілістің жыны келеді. Ол Аюптың сабырын түгеспек болады. Оны жоқтықпен, байлықпен, мансаппен азғырады. Шайтанның бұл айласы Аюпқа әсер етпепті. Тіпті әйелін арбап, отбасы мен достарының арасына да от салады. Аюп сонда да сыр бермепті. Ібіліс күніне мың түрлі бәле шақырса да, Аюп тағат жасап, отыра береді. Ібіліс оған:

– Аюп, балаң өлді! – дейді.

– Құдай өзі берді, өзі алды. Ешкім мәңгі тірі жүрмейді. Өзекті жанға бір өлім, – дейді.

– Малыңды жұт алды.

– «Мал бір жұттық» деген. Алла бергенін алса да, енді берерін алмасын.

– Енді не ішіп-жейсің?

– Аштан өлгеннің моласы жоқ. Малға таласып өлгеннің моласы көп.

– Ел-жұрт сен туралы өсек айтып жатыр.

– Жақсыға сөз ереді.

– Патша сені өлтіремін деді. Қаш.

– Ажал – ақымақ үшін алтау, ақылды үшін біреу.

– Бүйте берсең, жалғыз қаласың.

– Қабірде барлық адам жалғыз жатады, – дейді.

Төзімі таусылған Ібіліс оның бетінен шапалақпен тартып жібереді. Сайтанның қолы тиген жерге жара шығыпты. Оған шыбын үймелеп, құрттар қаптайды. Жара жайылып, бүкіл денесін ірің басады. Ел-жұрты «Аюп алапес болды» деп шошиды. Ібіліс оларға:

– Алапес – жұқпалы ауру. Оны жыраққа шығарып тастаңдар, – деп ақыл айтады. Шаһар жұрты бірауыздан келісіп, оны елден қуады. Жан жары Рахима ғана оған адал болып, қасында қалады. Ауруы онан сайын меңдеп, құрттар Аюптың етін жеп тауысуға айналады. Бірақ оның жүрегі мен тілі бір сәт тоқтамастан Аллаға мақтау айтып, Жаратушыны ұлықтап жата беріпті. Денесінен түскен құрт болса, оны жерден алып:

– Алла саған менің етімді ризық етіпті. Несібеңнен айрылма, – деп құртты жарасына қайта салады екен. Аюптың сабырлылығын көріп, сайтандар түңіледі. Олар Ібіліске келіп:

– Біз Аюпты жеңе алмадық. Сыры неде? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Оның тілі мен жүрегі Алланы еске алып, рухы нұрланып тұр. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне сал. Алланың есімінен қуат алу тоқтағанда, сабыры сынады, – деп ақыл береді.

Сайтандар солай істейді. Бір құртты тіліне, бір құртты жүрегіне салады. Сол кезде ғана Аюп Аллаға арыз қылады:

– Уа, Ұлық Алла! Саған зікір айтып, есімдеріңнен қуат алатын едім. Мына екі құрт түбіме жетеді. Уа, Алла, пәрмен өзіңнен болсын, – дейді. Сонда Алла:

– Әй, Аюп, сынақ сағаты бітті. Өкшеңмен жерді теп, – дейді.

Аюп жерді тепкенде, жер жарылып, су шығыпты. Су сарқырап, арыққа айналыпты. Алла:

– Суға шомыл, – деп әмір береді. Аюп қырық күн суға шомылғанда, жарасы жазылып, тәні ширайды. Құрттар тегіс қырылып, екі құрт ғана тірі қалады. Аюп:

– Уа, Алла, мына екеуі өлмеді ғой, – дейді. Алла:

– Тіл мен жүрекке түскен құрттар ғой. Оларға менің көркем есімдерімнің шарапаты жұқты. Олардың мәртебесі – бір бөлек. Зікірдің шарапатынан оларды саған жәрдемші етемін. Бірі бал арасына айналады. Екіншісі сүлік болып суда қалсын. Бал арасының уы да, балы да шипа. Сүлік аурудың арам қанын сорады, – дейді.

Сол мезетте құрттардың бірі сүлікке, бірі бал арасына айналады. Бал арасы пейіштің бұлағынан шыққандықтан, қасиетті жәндіктердің біріне айналған екен. Құран Кәрімнің бір (Нахл) сүресі бал арасының атымен аталады. «Сабыр түбі сары алтын» деген осыдан қалыпты деседі.

«ӘЛДИДЕН ЭПОСҚА ДЕЙІН» кітабынан

Бауырым, күйзеліс сені қажытып жүрсе...
Күйеуіңізді сыйлайсыз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу