Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріледі
Билік өкілдері әйелдердің зейнет жасына қатысты ұсынысты қарауға уәде бергенмен, төмендету ойларында жоқ екенін ашық білдірді. Енді 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасын керісінше ұлғайтып, жарты жылдан қосылып отырады, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір бүкіл әлемде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту процесі жүріп жатыр. Себебі халықтың тұрмысы жақсарып, тиісінше адамның өмір сүру ұзақтығы артып келеді.
Елімізде 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталған болатын.Өткен жылы әйелдердің зейнет жасы 58,5, ал биыл 59 жасты құрады.
Ал келесі жылдан бастап олар 59,5 жасында зейнетке шығады.
2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жасында;
2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жасында;
2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жасында;
2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жасында;
2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жасында;
2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жасында;
2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жасында.
Алайда, кейбір әйелдердің зейнет жасы өзгермейді. Олардың ішінде көпбалалы аналар және Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер бар. Мәселен, бес және одан көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген аналар 53 жаста зейнетке шыға алады. Ал Семей ядролық полигонынының жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарда бес жылдан артық тұрған әйелдерге 45 жаста, ерлерге 50 жаста зейнетке шығуға рұқсат бар.
2019 жылдың 1 қаңтарынан:
базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 16 037 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 36 108 теңге;
базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге.
Ал ерлер қауымы үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.