Шымкентте «Shymkent Marathon 2019» бұқаралық жүгіру марафоны өтті
Бүгін Шымкент қаласында «Shymkent Marathon 2019» бұқаралық жүгіру марафоны өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насхаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға қала әкімі Ерлан Айтаханов, әкімдік қызметкерлері мен кәсіпқой спортшылар және қала тұрғындары жалпы саны 3 мыңнан астам адам қатысты.
Марафонда ең алыс қашықтық - 42 шақырым. Дегенмен, өзінің мүмкіндігін жаңадан сынап көрушілер үшін 21, 10 және 5 шақырым жарыс жолы сақталды.
Қонаев даңғылынан Бəйдібек би даңғылы бойымен Наурыз алаңына дейінгі бірінші қашықтықты қала әкімімен бірге барлық жастағы мыңнан астам қатысушы оңай жүгіріп өтті.
Спорттық шарада сөз алған қала басшысы марафонға қатысушыларға алғыс айтып, шымкенттіктерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«Елбасы өз жолдауында 2020 жылға дейін халықтың 30 пайыздан астамын бұқаралық спортқа тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Дене шынықтыру мен спортты дамыту - салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұлт денсаулығын жақсартуға, өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуге тікелей әсер етеді. Бүгінгі марафонға шымкенттіктерден бөлек Ұлыбритания, Түркия, Мажарстан, Ресей, Өзбекстаннан да спортшылар қатысып жатқанын айта кету керек. Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрген қала тұрғындары мен жастарға алғыс айтамын»,-деді қала әкімі құттықтау сөзінде.
Мұнан соң қала басшысы жарыстың ең жас және ең ересек қатысушылары мен жеңімпаздарын марапаттады.
Дәстүрлі шара Наурыз алаңындағы концертпен аяқталды.