Отандық журналист «Томиристі» қазақша көрсетуді талап етті
Отандық журналист Ернар Алмабек өзінің FACEBOOK желісінде күні кеше тұсаукесері өткен «Томирис» фильмінің барлық жерде орыс тілінде беріліп жатқанын айтып, қазақша нұсқасын талап етті, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі.
«Біз үнемі қазақша сеанстарды көбейтіңдер деп шулаймыз, "Қазақфильмнің" сылтауы бітпейді. Нарық дейді, қазақтар киноға бармайды, қазақ тіліндегі киноны ешкім көрмейді, біз шетелдерге өзімізді таныту керекпіз, елімізде көп ұлт тұрады, кинотеатрлардың қалауы, статистика бойынша солай дейді, тағысын тағы... Неше жылдан бері жалғасып келе жатқан дау? Қашан тоқтар екен? Кеше "Томиристің" Алматыдағы тұсаукесерінде де осы мәселе көтерілді. Премьера кезінде (Алматыда да, Елордада да) фильм орысша көрсетілді. Фильмді жарнамалау толықтай дерлік орыс тілінде, орыс тілді БАҚ арқылы жүрді», деп жазады Ернар Алмабек.
Журналист барлық жерде орыс тілінде көрсетіліп жатқан бұл фильмнің қазақша нұсқаларын шығаруды сұрады. Енді ғана кинотеатрлардан көрсетіп бастаған «Томиристің» қазақшасы шығады деп үміттенеміз.