Тойды түнгі он екіден асыра тойлауға шектеу қойылды
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында наурыз айынан бастап той туралы жаңа ереже бекітілген. Ережеге сәйкес той түнгі 0:00-ден әрі жалғаспауы керек. Егер олай болған жағдайда той иесі де, тойхана иесі де айыппұл төлейді.
Бұл аудандағы тойлар осы уақытқа дейін түнгі онда, тіпті он бірде басталып, таңға дейін жалғасып жүрген.
"Алғашында адамдар үйренісе алмай жүрді. Уақыт өте келе көбісі ерте келуді әдетке айналдырды. Қазір бәрі тамаша. Қонақтар уақытында келетін болды. Той кешкі сегіздерде басталып он екіге дейін жалғасады. Тура он екіде тойды аяқтауға жарты сағат қалғаны хабарланып, ескерту айтылады. Он екі жарымға дейін қуаныш иелері мерекелік кешті аяқтай алмаса, мейрамхананың қожайыны мен тойды жасап жатқандарға айыппұл салынатынын естідік", - деді Құлан ауылының азаматы.
Мұндай ережені жергілікті билік қылмыстың алдын алу мақсатында барған және бұл бастаманы "Ақсақалдар кеңесі" де қолдаған.