Шымкентте мыңға жуық оқушы моншада білім алуда
Шымкент қаласында оқушылар бұрынғы монша ғимаратында оқып жатыр. Ашулы ата-аналар болса, қаншама тазалап әрлесе де, моншаның аты "монша" деп ашынды. Бұл туралы Oinet.kz тілшісі хабарлайды Nur.kz. порталына сілтеме жасап.
"Нұрсәт" шағынауданына қарасты №80 мектеп гимназиясында мыңға жуық балалар ескі монша орнында білім алғанына налыған ата-аналар басшылыққа дейін барамыз дейді.
"Мен мәселен, осы мектептің тура түбінде тұрамын. Мекенжайым бойынша балаларым осы мектепте білім алуы қажет. Мақұл, бала саны артып кетті делік, неге мектеп басшылығы биыл бірінші сыныпқа бала қабылдайды? Онсыз да орын жетпей жатыр екен? Неге менің балам монша болған жерде білім алуы керек? Білім басқармасындағылар ол ғимарат қайта жөнделді деп отыр. Баспалдақтары, едендегі кафель сол күйі...
Жасым қырықтан асқан адаммын. Біздің кезімізде моншада оқу деген болмаған. Тіпті ауылды жерлерде жуынатын орын болған жерде білім алу деген жоқ шығар. Түсінбейтінім, неге құзырлы органдар балаларға бұл орында білім алуына рұқсат берген?", - дейді аталған мектепте баласы оқитын тұрғын Әлия Пернебекқызы.
Ал Шымкент қалалық білім басқармасындағылар болса, мұндай шешімге амалдың жоқтығынан барғанын айтады. Себебі білім ұясы орналасқан мөлтекауданда бала саны көп. Ал бос ғимарат жоқ. Аталған шағынауданда табылған бос нысан тек осы бұрынғы монша болыпты.
Қалалық білім басқармасының материалды техникалық базаны дамыту бөлімінің басшысы Серік Бабақұловтың айтуынша, бұл ғимараттың аумағы 2000 шаршы метр. Ғимарат иесімен нысанды жалға алу үшін оқу жылының соңына дейін келісімшарт жасалып та қойыпты.
"№80 мектеп негізінде о баста 1200 балаға лайықталып салынған. Қазіргі таңда онда 4350 оқушы үш ауысымда білім алады. Биыл төртінші жыл біз қосымша ғимарат жалға алып отырмыз. Мыңнан астам бастауыш сыныбының балалары сол қосымша нысанда оқып келеді. Биыл да солай. Біз бұған дейін кезінде бизнес орталығы болған нысанды жалға алып келгенбіз. Оның иесі ғимаратын өзге біреуге сатып жібергендіктен, биыл басқа ғимарат іздеуге тура келді. Табылғаны осы болды.
Онда бір жарым жылдан бері қоғамдық жуыну орны ретінде қызмет көретілмеген. Бұл ғимаратты біз жалға алмас бұрын оның иесі білім беру талаптарына сәйкес оны толықтай жөндеуден өткізді. Бізде бұл нысанда білім беруге болады деген санитарлық эпидемиологиялық мекемесіндегілердің рұқсаты да бар", - дейді басқарманың бөлім басшысы.
Алайда өздері кезінде талай рет жуынып жүрген орында енді оқушылар оқиды дегенді естіген көп ата-ана балаларымызды жібермейміз деп ашынған.
"Түсінбейтінім, неге үш айдан (жазғы демалыс: автор) бері ата-аналарға ескертілмеді? Тым болмағанда өзіміз іздеп табар едік ғимаратты, ақыры бос ғимарат таппапты. Балалардан обал емес пе? Қанша жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, моншаның аты монша, таза емес қой. Ата-аналардың осыған ғой ашуланып отырғаны. Басқа ғимарат болса үндемес едік, монша дегені енді...", - дейді ашынған ана Әлия Пернебекқызы.
Білім басқармасы мен мектеп басшылығы ата-аналарға жағдайды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ келетінін жеткізді. Дегенмен ата-аналар егер мәселеміз шешілмесе, Білім министрлігіне дейін хат жазамыз деп бекініп отыр.