Қажылыққа барамыз деген қазақстандықтар 60 миллион теңгесін алаяқтарға ұстатып жіберген
Мекке мен Мәдинаға қажылыққа апарамыз деген екі астаналық 37 адамды алдап кетті. Олар Мекке мен Мәдина қаласына барғысы келгендердің 60 миллион теңгесін алып, өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Астана қаласының прокуратурасының мәліметінше, олар "Instagram" әлеуметтік желісіне Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыру жөнінде жарнама жариялаған.
“Қылмыскерлердің уәдесіне сенген қажылыққа барушы 37 азамат оларға жалпы көлемде 60 миллион теңге ақша қаражатын тапсырған. Алған міндеттемелерін орындамай, жәбірленушілерден алынған ақша қаражаттарын өз қалауынша жұмсаған. Сот үкімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылды”, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


