Спортқа басшы тағайындалғалы жатыр - Әкім мен министрдің таңдауы бір адамға түсе ме?

Oinet.kz 06-11-2024 457

Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерден кейін спорт саласында тың өзгерістер жасалатыны бұған дейін айтылған. Өзгерістер федерация басшылары мен бас бапкерлер құрамының жаңаруымен басталды. 

Screenshot_2.jpg

Ауыс-түйістер өңірлердегі дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшыларына да ойысатынын тамыздың соңында Туризм және спорт миинистрлігінің алқа отырысында министр Ермек Маржықбаев айтқан. «Рейтинг» газетінде біз сол кезде Париж олимпиадасында ешқандай жүлдеге қол жеткізе алмаған Түркістан облыстық спорт және шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың отставкіге кетуі мүмкін екендігін жазып едік. Болжамымыз дәл келді. Спорт басқармасының тізгінін табаны күректей төрт жыл бойы ұстап келген Жолдықараев көп ұзамай қызметімен қош айтысты. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек, таяу күндері басқармаға жаңа басшы тағайындалғалы жатыр. 

Туризм және спорт министрлігінің таратқан ақпаратына қарағанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, енді өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау тәртібі өзгереді. Бұдан былай басқарма басшылығына ұсынылған үміткерлер Туризм және спорт министрлігінің жанынан құрылған комиссияның келісімін алуы керек. Ал комиссияға жаңа  министр Ербол Мырзабосынов жетекшілік етеді. 

- Комиссияның жұмысы барысында өңірлік спорт басқармалары басшылығына ұсынылған кандидаттар нақты талаптар бойынша бағаланады. Үміткерлердің саладағы тәжірибесі мен дамыту жоспары болуы, сондай-ақ спорт ғылымының негізі мен менеджментін меңгергені ескеріледі,- делінген министрліктің өткен аптада таратқан ресми ақпаратында.  

Басқарманың басшысы болуға лайықты кандидатты  облыс әкімдіктері де, министрліктің өзі де ұсына алады.  Тек осы комиссияның оң қорытындысын алған үміткер өңірдегі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалады. Бұл деген сөз өңір әкімдері комиссия ұсынған кандидатураны қаласа да, қаламаса да басқарма басшысының креслосына апарып отырғызады деген сөз. Басқа ешқандай амалы жоқ.

Кейбір ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, аталаған комиссия қазіргі уақытта Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған кандидатураларды қарап жатқан көрінеді. Ол бойынша қандай шешімнің қабылданғаны әлі белгісіз. Бірақ осы ақпаратқа қарағанда, Қанат Жолдықаревтың орнын басатын кадр жуық арада Түрістанға келіп қалуы керек. Ол жергілікті жерден бе әлде елордадан жіберіле ме, бұл жағын уақтысында көре жатармыз. Дегенмен бейресми ақпараттарға қарағанда, ұсынылған кандидат бұрын облыстың спортына басшылық жасаған, есімі елге белгілі азамат көрінеді. Не де болса, әліптің артын бағып көрейік. 

Жалпы спорт басқармаларының басшысы лайық кандидаттарды елордадан іріктеу үрдісі қаншалықты дұрыс тәжірибе? Соңғы жылдары елімізде билікті орталықсыздандыру саясатының жүргізілгені белгілі. Осы саясатқа сәйкес  орталықтағы министрліктер қолдарындағы өкілеттіктерінің біразын жергілікті атқарушы органдарға берді.

Спорт саласындағы «тың әдіс» осы үрдіске қайша келіп тұрғанын мойындау керек. Қазіргі уақытта облыстағы спорт басқармасы, спорт мекемелері жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Мұндай жағдайда басқарманың басшысын министрліктің қалауымен тағайындау қисынға келе ме? Рас, басқарманың басшысы болуға лайықты кандидатты облыстық әкімдіктер ұсына алады. Бірақ министрліктен құрылған комиссияның әкімдіктің емес, министрдің ұсынған кандидатурасына бүйрегі бұрмасына кім кепіл?!  Егер осы үрдіс жалғаса берсе, ертең білім басқармасының басшысын Оқу ағарту министрлігінің жанынан құрылған комиссия тағайындауы мүмкін. Денсаулық сақтау басқармасының басшысын Денсаулық сақтау министрлігі, энергетика басқармасының басшысын Энергетика министрлігі іріктеп  беретін шығар, бәлкім. «Тың тәсілдің»  ақыры осылай жалғасып кетсе ше? Өйткені басшысын елордадан іріктеп беретіндей спорт басқармасының өзге басқармалардан не айырмашылығы бар? Барлық басқармалардың басшыларын министрліктің өзі таңдап, талғап, кесіп, пішіп беретін дәстүр басталса ақыры не болады? 

Осы тұста  еске түсіре кетейік, Париж Түркістан облысының екінші Олимпиадасы болатын. 2021 жылы Токио Олимпиадасында  бір қолаға қол жеткізген едік.  Бұл жолғы додада Түркістан жүлдесіз қалды. Алға қойған арман-мақсаттар көп болатын. Тіпті спортшыларымыз осы Олимпиадада алтын алып, елдің мерейін көтеріп тастайтындай көрінген еді. Алайда спорт саласында жүрген басшылар көпшіліктің үміт отын су сепкендей басты.  Соңғы жылдары Түркістан облысының спорты қателіктердан сабақ алып, халықтың үмітін ақтаудың орнына сыбайлас жемқорлықпен, қазына қаржысын оңды-солды шашумен көзге түсті десек артық айтқанымыз емес шығар. 2021 жылдың соңында жас спортшылардың тамағына деп бөлінген қаражатты жымқырғаны үшін    облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сол кездегі басшысы бастаған қылмыстық топ сот алдында тиісті жазасын алды. Биыл басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның нәтижелері біраз шындықтың бетін ашты. Осы тексеру  басқарманың  кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қайта қарау арқылы, қаржыны негізінен  балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытуға жұмсау туралы Президент Тоқаевтың тапсырмасына атүсті қарайтынын көрсетіп берді. Соңғы 6 жылда облыста жоғары жетістіктер спортына 80,5 млрд теңге, ал бұқаралық спорт түрлеріне 2,3 миллиард теңге ( немесе  барлық соманың небәрі 2,8 пайызы) бөлінген. Ақшаның көбі футболдың төңірегінен ұзамаған. Оның өзі де ақылға қонымсыз. Күдікті, күмәнді жәйттар көп. Соңғы 3 жылда футболға бөлінген 9,3 млрд теңгенің 4,6 млрд теңгесі «Тұран» футбол клубына қаралған. Бөлінген қаражаттар тиімсіз игерілген. Мысалы өткен  жылғы маусымда бірінші лигада өнер көрсеткен «Тұран» Түркияда 114 млн теңгеге оқу-жаттығу жиынын өткізген, ал премьер-лигада ойнаған «Мақтаарал» сол маусымда 3-есе аз, яғни 36 млн теңге жұмсаған. 2023 жылы «Тұранның» премьер-лигаға шығуына 1,5 млрд теңге бюджет қаражаты жаратылған, ал «Мақтаарал» футбол клубына  осындай мақсатқа жету үшін 2021 жылы 6 есе аз қаражат (225 млн) жұмсаған. Бұдан басқа, футбол клубының басшылығы 2021-2023 жылдар аралығында 2,9 млрд теңгеден астам қаржыға негізсіз жоғары жалақы белгілеген. Мысалы, 21 ойыншы ай сайын 2-3,6 млн теңге,  4 қызметкер 1,4-тен 7,6 млн теңгеге дейін, клуб директоры 1,8 млн теңге мөлшерінде жалақы алып отырған.

Ақша көп жерде  қитұрқылықтардың да қатар жүретіні белгілі ғой. Спорттың тізгінін ұстаған басшылар ақшаны игерудің мынандай «тың тәсілдерін» ойлап тапқан. Олар командаға өз елінде шеттетіле бастаған шетелдік ойыншылар шақырады да оларға жоғары сомадағы жалақы белгілейды. Көп өтпей ол ойыншының командаға «пайдасы» жоқтығы «анықталып» келісімшартты  мерзімінен бұрын тоқтатады. Осыдан кейін оған қомақты мөлшерде өтемақы төлейді. Мысалы, «Тұранға» бас жаттықтырушы Ресейден шақырылады. Оған 5,3 млн теңге жалақы белгілейді. Ал ол тек 4 ойын дайындап, кейіннен келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған. Осыдан кейін оған келісімшартқа сәйкес өтемақы ретінде 15,9 млн теңге төленген. Әзербайжаннан келген азаматқа 7,6 млн теңге жалақы белгіленіп, ол тек 2 ойынға қатысқан. Кейінірек келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылғаны үшін оған 30 млн теңге берілген. Бұл талдау барысында анықталған бір-екі дерек ғана. Сонымен қатар, «COVID-19» пандемиясы кезеңінде жалпы сомасы 669 млн теңгеге 197 жалған оқу-жаттығу жиындары «өткен». 

Облыста спорттық инфрақұрылымның жағдайы да мәз емес. 3 футбол клубының өз стадионы болғанымен, ол УЕФА талаптарына жауап бере алмайды. Облыста стадионы жоқ аудандар да кездеседі. 2020 жылы пайдалануға берілген, құны 16,7 миллиард теңгені құрайтын  «Түркістан-Арена» стадионы былтырдан бері жөндеуден өтіп жатыр. Себебі оның да талапқа сәйкес келмейтін жерлері көп.  

Жалпы Түркістанның спорт саласы соңғы уақытта бас иесіз қалып кеткендей көрінеді. Себебі басқарманың ресми сайтынан Жолдықараевтың да, оның орынбасарларының да аты-жөндері алынып тасталған. Дәл қазір облыстың спорт басқармасына кімнің басшылық жасап отырғаны жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмайтын сияқты.   Жақын арада үлкен өзгеріс болады. Дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып келетін кадр осы келеңсіздіктерді жойып, облыс спортын өрге сүрей алады ма?  Бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне қалдырдық. 

«Қандай ақымақтық жасағанын түсінбей ме?»: Бірыңғай уақыт белдеуі қаншалықты тиімді?
Алмасбек Садырбай ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу