Мегаполистегі құлазыған ауыл... Джип мінген шенеуніктер

Oinet.kz 24-01-2019 3792

Неге Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында мәселе көп? Жыл сайын аудан әкімінің есеп беру науқанында жол, су, жарық, газ, қоғамдық көлік мәселелері үздіксіз көтеріледі. Бірақ, шешілмейді. Тіпті, шешілу туралы шешім шыға қалған күнде де, шешу процесі өте жай жүреді. Неге билік аудандағы қордаланып қалған мәселелері реттеуге құлықсыз? Бұл сұраққа біз бүгін Абай ауданы әкімінің халыққа есеп беру жиынында жауап таптық. 

Сонымен, жиында «Жаңақұрылыс-2» ауылының тұрғыны айта-айта жауыр болған, «тізесі шыққан» жолға қатысты қиындықтарды айтты. Мұнда жүру мүмкін емес. Жол лай батпақ болып кеткен. Және тиісті деңгейде маршрут жоқ. Қоғамдық көлікке сыймаған тұрғындар қымбатқа такси ұстауға мәжбүр. Бұл онсыз да аз жалақыларын айды айға жалғап әзер жеткізіп жүрген жұрттың қалтасына өте ауыр тиеді. Жалпы, жиында 10-нан аса адам осы мәселелер төңірегінде сұрақ қойды. Аталған сұраққа мегаполис әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жауап берді. Ол ең бірінші сұрақ қоюға таласып, ұлардай шулап жатқан тұрғындарды тәртіпке шақырды:

– Сәл тәртіп сақтайықшы. Сіздердің айқайлай бергендеріңізден ешқандай пайда шықпайды. Әр нәрсе өз ретімен жөнделетін болады, - деген әкім Абай ауданына қарасты біраз ауылға қатысты келеңсіз жайттарға тоқталды: 

– Сіздер уақтысында ол үйлеріңізді соққан кезде... Сіздерден мынау, Оңтүстік Қазақстан облысының... Қай аудан? Сайрам? Вот, сол кезде сіздерге жерді берді. Ол жерде не су жоқ, не жарық жоқ, не жол жоқ. Сіздер сонда бардыңыздар да, үйлеріңізді соғып алдыңыздар. Дұрыс па? Енді қазір үйді соғып аласыздар да, кейін әкімшілікке келіп жылайсыздар. «Маған свет жүргізіп бер, маған су кіргізіп бер» деп. Негізі, заң бойынша, үй соғу үшін ол жерге бірінші жол жүргізу керек. Су жүргізу керек. Свет жүргізу керек. Содан кейін ғана үй соғылу керек. Ал, сіздер мың, оң мың адам үй соғып алып келесіздер. Әрине, біз оған «жоқ» деп айтпаймыз. Біз сіздерге жолдарыңызды жасап береміз. Суды да кіргізіп береміз. Газды да кіргізіп береміз. Бірақ, мен былтыр да келген кезде сіздерге айтқам, басқа ауылдарға да айтам, қаланың көлемі – 117 мың гектар. Біздің еліміздегі ең үлкен қала. Қала облыстан бөлініп, өзінің бюджетін енді-енді қарастырып жатыр. Бұрын облысқа бөлінген қаржы аудандарға кетіп қалушы еді. Біз барып облыстан сұраушы едік. Енді қазір өзімізде бюджет бар. Былтыр қаланың бюджеті – 150 млрд. теңге болса, келесі жылы – 170 млрд қойдық. 20 млрд көбейді (Шамасы, қала әкімі «биыл» деп айтқысы келген болу керек, шатасып «келесі жылы» деп айтуы мүмкін - автор). Келесі жылы бұдан да көп болады. Сондықтан, біз Абай ауданының, сіздер тұратын ауылдардың мәселелерінің бәрін білеміз. Өте қиын жағдайда. Көп көшелер, ауылдар. Бірақ, соның бәрін «жасамаймыз» деп айтып жатқан жоқпыз ғой. Жасаймыз. Бірақ, бізге уақыт керек. Биыл жасап беретін нәрселерді биыл жасап береміз. Мен түсініп тұрмын, қиналып жүргендеріңізді. Бірақ, сәл сабыр сақтаңыздар. 

Ауыл тұрғыны: Бізге автобус мәселесін шешіп беріңіз...

Қала әкімі: Автобус мәселесін биыл 100 пайызға шешіп бере аламын. 

(Жалынды сөзден соң залда ду қол шапалақ)

Қала әкімі: Біз биыл жаңадан 1000 автобус сатып алайын деп жатырмыз. Сонымен қатар, біз бұрын қалада болмаған өзіміздің муниципалды паркімізді ашып жатырмыз. Соның арқасында, біз барлық аудандағы, барлық елдімекендегі автобус мәселесін шешіп береміз. Мен осы есепті кездесулерге байланысты жиналыс өткізетін боламын. Еншімізді алып шыққанымызға енді жарты жыл болып жатыр. Енді мәселелер тез-тез шешілетін болады. Мен сіздерге өзімнің сөзімді беремін. Сұрақ қойған ағай, апайлар, бәрі шешілетін мәселе. Шешіп беремін. Мен сіздерге сөз беремін, - деп қайта-қайта уәде берді. 

Есепті кездесу біткен соң, әкімнен бастап басқарма басшылары, түрлі мекеме басшылары, шенеуніктер үлкен-үлкен қымбат Джиптеріне мініп, проблемасы көп, жөнді қоғамдық көлігі жоқ, «Құдайдың өзі ұмыт қалдырған» ауылдан кеткенше асықты. 

Абылай ЕСІМБАЙ, 

«Рейтинг» газеті  

Шымкенттің әкімі сұраншақ тұрғындарға ренішін жеткізді (видео)
Әбдірахымовтың мектеп жайлы не үшін өтірік айтқаны белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу