Әбдірахымовтың мектеп жайлы не үшін өтірік айтқаны белгілі болды
Жұрт Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қай сөзіне сенерін білмей қалды. Біресе, «жылатамын» деді, біресе «жылатпаймын» деді. Әкім қайбір жолы Астанада өткен брифингте Шымкентке келгендерді қайтарда қимай жылайтындай дәрежеге жеткізетінін айтқан еді. Жаңа жылдың алдында қаршадай қызды құшақтап түскен суреті, «жылатпаймын» деген сөзі, тәп-тәуір-ақ пиар болды. Бірақ әзірге Шымкенттің келбетіне тәнті болып, қайтқысы келмей жылағанды көрген ешкім жоқ. Жұрт сол баяғыша коммуналдық қызметтердің қорлығынан, тұрмыстың тауқыметінен, күйкі тірліктен жылайды. Ал Әбдірахымов жылаған жұртты қаншалықты жұбатып жүр?..Жұбатқанын қайдам, анаған-мынаған арыз айтып, жылай берген, сұрай берген тұрғындардың өзіне ұрсып тастап, енді бірде көпе-көрнеу көзбояушылық жасап, ашық түрде алдауға кіріскені ме деген де ой қалыптаса бастады елде.
Өткен бейсенбіде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың халыққа берген есебіне Ғабидолла Әбдірахымов арнайы барып қатысты. Аудан әкімінің жасаған баяндамасынан кейін тұрғындар бір-бірімен жарысып, елдімекендердегі проблемаларды жаппай айта бастады. Жекеменшік трансформатордың кернеуі әлсіз, жол нашар, ауыз су жоқ, автобус уақтылы жүрмейді... Қазақта «жылағанның көзі жаман, сұрағанның аузы жаман» деген сөз бар. Әбдірахымов коммуналдық саладағы проблемаларды қаттырақ, ащылау айтқан тұрғындарды жақтырмай қалды.
Әкім сол жерде жеріне құжатын туралай алмаған бір әйелдің мәселесін шешу үшін қалалық жер қатынастары басқармасының басшысына дереу тапсырма берді:
-Реши ее вопрос в течение одного месяца,-деді.
-Біз ешқайда қашып жатқанымыз жоқ, егер шешпейтін болсақ, сіздердің алдарыңызға келмес едік, -деп жіберді әкім әңгіме арасында. Мықты болса, Әбдірахымов елдің алдына келіп, есеп бермей көрсін?! Әкімдердің жылына бір рет елдің алдына шығып, атқарған жұмысы туралы есеп беруі Президенттің жарлығымен бекітілгенін басқа емес, уақытында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Әбдірахымовтың білмеуі мүмкін емес қой. Білсе, мұнысы не сөз?
Елді ақымақ қылудың көкесі әлі алда екен. Әбдірахымов арыз-шағым айтқан тұрғындарды жұбатып, сабасына түсіру үшін былай деді:
-2015 жылы бірінші рет әкім болып келген кезде мен осы ауылға келген едім. Сол кезде осы мектеп жоқ еді. Сіздер өтініш айттыңыздар, «осы жерге мектеп соғып беріңіздер» деп. Екі жыл ішінде айтқан сөзімді жасап бердім. Жерді алдық, ақшаны қойдық, мектепті салдық,-деді әкім (біз Әбдірахымовтың жиында айтқан сөздерін, түзетусіз, өзгеріссіз беріп отырмыз). Алайда кейіннен белгілі болғандай, Төлеген Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты Әбдірахымов айтқандай, 2017 жылы емес, ол әкім болардан екі жыл бұрын 2013 жылы салынған болып шықты. Біз осы жөнінде жаңаталаптық тұрғындармен де сөйлескенбіз. Олардың айтуынша, мектеп салынған кезде Жаңаталап тіпті әлі Сайрам ауданының аумағында болған.
Шамасы, бұл жерде қала әкімі шатасқан. Рас, Жаңаталапта 2017 жылы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген екен. Бірақ ол Әбдірахымов айтқандай «осы мектеп» емес. Ол №128 жалпы орта мектебі деп аталады. Әрине, миллионға жуық халқы, 130-ға жуық мектебі бар Шымкенттің әкімі жаңылысқан шығар, ал оның қасында отырған Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановты не қара басты десеңізші. Әкімді шайтан шатастырды ма? Әлде оны «подставить» еткен Пармановтың өзі емес пе деген де ой келеді? Әбдірахымовтың жаңылыс сөйлегенін ол да білмегені ме, білсе бастығы сөзден қателескен сәтте бірден сыбырлап болса да айтып түсіндірмей ме? Бәлкім Бұхарбай Парманов үшін өзіне қызмет сеніп тапсырған басшысының елдің алдында оңбай сүрінгені бәрібір болар. Қалай десек те Әбдірахымовтың осы өтірігі ел арасында тез тарап кетті. Арзан дүниелерді жарнамалап, өзіне абырой жинап жүрген Әбдірахымов ойламаған жерде жалп ете қалды.
Бұрынғы әкімдерді сынап тастады
-Мына жерде бұқаралық ақпарат құралдары отыр. Либо специально солардың алдында сонша айқайлап жатырсыздар ма? Көзге көрініп қалайын деп жатырсыздар ма? Сәл де болса ұяттылықты сақтайық та. Сонша айқайлайсыздар. Как будто біз сіздерге сөз бермей жатқандай,-деді әкім орысша-қазақша араластыра. Бұдан кейін Әбдірахымов ескі әдетіне басып, өзінің атқарып жүрген тірлігін мақтауға көшті:
-Бұрынғы әкімдер бір айда бір-ақ рет қабылдайтын болса, мен әр аптада қабылдап жатырмын. Бұрын қабылдауға кіру үшін орг.отделге, приемный хабарласып жүрсеңіздер, қазір интернетке кіресіздер де, жазылып келе бересіздер. Оның бәрі не үшін жасалып отыр?! Ол өздеріңіз секілді азаматтардың мәселесін шешу үшін жасалып жатқан нәрсе. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Әрине, Абай ауданы мен үшін қиын аудан. Бұрын кәдімгі ауыл болған. Қазір де ауыл на самом деле. Просто қалаға өткен соң біраз мәселелер енді-енді шешілуді бастап жатыр. Пәленбай жылдан бері шешілмеген нәрсені сіздер бір күнде шешіп бер дейсіздер. Қазір жаңадан әкім келді, жаңадан басқарма басшылары келді. Осы жерде айтылып жатқан нәрсенің бәрі шешілетін нәрсе. Просто сәл уақыт беріңіздерші. Сәл уақыт беріңіздерші. Оның бәрін шешіп беремін,-деді ашуға булыққан, бірақ онысын халыққа білдіргісі келмеген Әбдірахымов.
Түгі жоқ «ауыл»
Бұрын «ауыл болған» Абай ауданына қарасты «Жаңақұрылыс-2» елдімекенінде коммуналдық қызмет дегеніңіз атымен жоқ көрінеді. Ауыл тұрғынының айтуынша, елдімекендегі жолмен жүру мүмкін емес. Барлық жер лай-батпақ. Ауыз су мен свет жоқ. Газдың жоқ екені айтпаса да белгілі. Бұған қала әкімі былай деп жауап қайтарды.
– Сіздер уақтысында ол үйлеріңізді соққан кезде... Сіздерден мынау, Оңтүстік Қазақстан облысының... Қай аудан? Сайрам? Вот, сол кезде сіздерге жерді берді. Ол жерде не су жоқ, не жарық жоқ, не жол жоқ. Сіздер сонда бардыңыздар да, үйлеріңізді соғып алдыңыздар. Дұрыс па? Енді қазір үйді соғып аласыздар да, кейін әкімшілікке келіп жылайсыздар. «Маған свет жүргізіп бер, маған су кіргізіп бер» деп. Негізі, заң бойынша, үй соғу үшін ол жерге бірінші жол жүргізу керек. Су жүргізу керек. Свет жүргізу керек. Содан кейін ғана үй соғылу керек.
Әкімнің осы сөздерінен кейін біраз жұрттың жағасын ұстағаны анық. Егер жаңылыспасақ, Шымкентте соңғы рет жер телімі 2004-2005 жылдары берілген. Содан бергі аралықтағы халық берілген жердің бәрін игерді, дәлірегі үй салды. Игере алмай жатқан әкімдік. Коммуналдық қызмет жаңа мөлтекаудандардың бәріне тегіс тартылмаған. Ал осыдан 4-5 жыл бұрын Шымкентке Сайрам ауданынан өткен жерлерді сол кездегі ауыл әкімдері алыпсатарлармен ауыз жаласып, заңсыз жекешелендірген. Кейін гектарлап алған жерлерін 8 соттықтан бөлшектеп, сатқан. Оны сатып алған, баспана салған халықтың не жазығы бар еді? Әлде олар қысыр сиырдың уызынан дәметіп, Әбдірахымовтың «Шымкентситиі қашан бітеді» деп, үйсіз-күйсіз көшеде жүре беруі тиіс пе еді? Олардың «Шымкентситиден» баспана сатып алатындай шамасы бар деймісіз. Қайта олардың ешкімге жалтақтамай әлеуметтік мәселесін өздері шешіп, инфрақұрылым болмаса да бар қиындыққа шыдап жүргеніне рахмет айту қажет шығар. 2013 жылы бір ғана Сайрам ауданынан Шымкентке қырыққа жуық елді мекен өтті. Қала халқы бір ғана Сайрам ауданының есебінен 110 мыңға көбейді. Қайта Шымкенттің мегаполис мәртебесіне жетіп, республикалық маңызы бар қала атануы осы шаш етектен проблемасы бар елдімекендердің арқасы екенін Әбдірахымов білмейтін сияқты.
Жалпы байқасаңыздар, Шымкенттің әкімі қызметіне келгелі үш жылдан астам уақыт ішінде Әбдірахымов шалғайдағы осындай ауылдарды аралап, проблемаларымен танысқанын осы уақытқа дейін көрген де, естіген де емеспіз. Әбдірахымов Шымкенттің әкімі ме, әлде тек «Шымситидің» әкімі ме?
P.S. Айтпақшы, осы мақала дайындалып жатқан кезде әлдебір ұйым Әбдірахымовты «ең әдемі әкім» деген номинацияға лайық деп тауыпты. Шымкенттіктер Әбдірахымовтың әдемі түріне су құйып іше ме?
«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
"Рейтинг" газеті