ОҚМУ шет елдерде де танымалдыққа ие
Білім беру жүйесінде негізгі мәселе сапа екені белгілі. Кез-келген мектеп бітіруші түлек жоғары, сапалы, халықаралық стандарттарға сай білім беретін оқу орнын таңдауға тырысады. Бүгінгі білім кеңістігі жан-жақтылықты, тәжірибе алмасуды, халықаралық серіктестікті талап етеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті уақыт жылжыған сайын өзге жоғары оқу орындарымен байланысты нығайтып келеді. Әсіресе, шетелдің жетекші білім ордалары ОҚМУ-дың тұрақты серіктестеріне айналған.
Бүгінгі таңда университетте алыс және жақын шетелдің 22 елінің (Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания, Қытай, Түркия, Польша, Латвия, Литва, Австрия, Чехия, Эстония, Малайзия, Болгария, Ресей, Украина, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан) 140 жоғары оқу орнымен, ұйымдарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен екі жақты келісім-шарттар мен меморандумдар жасалуда. Өзара байланысты нығайту мақсатында университетте Халықаралық байланыстар орталығы ашылған. Орталықтың негізгі міндеттері: ОҚМУ- дың сапа саласында мақсаты мен саясатын жүзеге асыру, шетелдік серіктестермен жұмыс жүргізу, келісім шарт жасау, контракт, жобаларды келісу және бағдарламаларды бекіту, Халықаралық алмасу бағдарламалары бойынша оқытушылар, студенттер және мамандарды алмасуды жетілдіру, білім туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы шетелдік әріптестермен келісімдер дайындау, студенттер, магистранттар, PhD докторанттар, оқытушылар мен университет қызметкерлері үшін түрлі халықаралық алмасу бағдарламалары туралы ақпарат тарату.
Сапалы мамандарды даярлап отырған ОҚМУ-дың ТМД көлемінде өзіндік орны, беделі бар. Бұған Мәскеуде өткен салтанатты жиында көпшілік куә болды. Нақтырақ айта түссек, жақында университет басшысы, академик Жұмахан Мырхалықов Қазақстан ректорлары делегациясының құрамында Мәскеу қаласына барып қайтты. Еуразия жоғары оқу орындары ассоциациясының толық мүшесі ретінде ОҚМУ ректоры М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен алқалы жиынға қатысты. Жиында Ресей Федерациясы, Қазақстан, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан мен Қырғызстанның 33 жетекші жоғары оқу орнының ректорлары бас қосты. Әйгілі Әуезовті әспеттейтін ОҚМУ атынан Ж.Мырхалықов білім беру және зерттеу қызметінде жоғары оқу орындары арасында тығыз ынтымақтастық орнататын Еуразиялық желілік университет құру туралы меморандумға қол қойды. Алқалы жиын шеңберінде жоғары оқу орындарын саралау және білім саласын тәуелсіз бағалуды одан әрі жүргізу үшін, Еуразия жоғары оқу орындарының ассоциациясының рейтингілік агенттіктерін құру туралы меморандум қабылданды. Сонымен қатар, Жұмахан Үшкемпірұлы Мәскеу қаласының жетекші жоғары оқу орындарында (МГИМО, РУДН) қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жүрген М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттарымен кездесті. Магистранттар өздерінің оқу мен зерттеу жұмыстарындағы тамаша жетістіктерімен бөлісті. Ғылым күнінің мерекеленуіне орай қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жүрген барлық магистранттарды ректор сыйақыға ұсынды.
Әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алу әрбір жастың арманы. Алайда өз елімізде оқып жүріп-ақ шетелдік диплом алуға ОҚМУ жол ашып отыр. Бүгінде студенттерге танымал Германиядағы Гамбург қолданбалы ғылымдар университетімен, Франциядағы Анже қаласындағы ауылшаруашылық ғылымдар жоғары мектебімен, Ресей Халықтар достығы университетімен, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық унверситетімен қос диплом бағдарламалары бойынша білім беріліп жатыр.
Университет бүгінде халықаралық беделді желілердің мүшесі болып табылады. Халықаралық желілердің қатарына жоғары оқу орындары дизайнының ассоциациясын, Еуропалық химиялық-тақырыптық желі, Жоғары оқу орындарының Еуропалық ассоциациясын жатқызуға болады. Академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру бағдарламасының енгізілуі білім берудің жаңа үлгісіне айналды.
ОҚМУ-дың беделді Мәскеу энергетикалық институтымен де ғылыми байланысы бар. Аталған оқу орнында өткен айда «Аллам циклі және оның негізіндегі пилоттық электрстансасы» академиялық коллоквиумының онлайн-трансляциясы өтті. Коллоквиумға Родней Джон Аллам (Нобель сыйлығының иегері – 2007 жыл, «Жаһандық энергия» сыйлығының иегері – 2012 жыл) қатысты. Коллоквиумды «Жаһандық энергия» халықаралық сыйлығының қолдауымен «МЭИ» ұлттық зерттеу университеті трансляциялады және оған М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бас ғимаратының 342 дәрісханасы да қамтылды. Коллоквиумға қашықтықтан қатысуға университеттің оқытушылары, ғалымдары және білім алушылары шақырылды.
Соңғы жылдары ОҚМУ-дың Германия елімен әріптестік байланысы күшейіп келеді. Таяуда Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы доктор Ренате Шимкорайттың басшылығымен Қазақстанда жұмыс жасайтын неміс компания өкілдері республикадағы үздік үштікке кіретін білім ошағына ресми іс сапармен келген болатын. Іс-сапардың мақсаты - М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығымен және қызметімен танысу, ОҚМУ мен Германия Федеративтік Республикасының ЖОО арасындағы білім және ғылым саласы бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды. Кездесу барысында доктор Ренате Шимкорайт ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмахан Үшкемпірұлымен, «Заңтану және халықаралық қатынастар» факультетінің педагог-оқытушылармен және студенттерімен жүздесті. Кездесу барысында оқуға тусуге виза алу, Германияда іске асып жатқан жобалар және Академиялық алмасу, DAAD бағдарламасы, басқа да оқу бағдарламалары жайында сұрақтар қаралды.
2010 жылдан бастап университетте ОҚМУ және Германиядағы Гамбург жоғары қолданбалы ғылымдар мектебі біріккен магистрлік мынадай бағдарламаларды жүзеге асырып келеді: баламалы энергетика нысандарын жобалау, құру және пайдалану мен тамақ өнеркәсібі саласында мамандар дайындау бойынша «Жаңартылатын энергетикалық жүйелер –Қоршаған ортаны қорғау техникасы» және «Азық-түлік туралы ғылым – Азық-түлік өнімдерінің технологиясы». Қазіргі таңда университет магистранттары Германияда білім алып, танымал неміс концерндерінде кәсіби тәжірибеден өтуде. Унилевер – тамақ өнімдерін өндіру бойынша әлемдегі ірі концерн және Рейн-Вестфаль электр энергетикасы қоғамы (RWE AG) – Еуропадағы энергия өнімін жеткізуші. Мұнда білім алған мамандардың зәрулігі күмән тудырмайды. Айта кетейік, DAAD Германия академиялық ауысу қызметі- студенттермен ғылыми жұмыскерлердің халықаралық аумастығың қолдайтың ең ірі ұйым.
XXI ғасыр - білімділер дәуірі. Жаңа, білімді ұрпақ - елдің үміті, болашағы. Ел тізгінін қолға алар жастарға сапалы да жан-жақты білім беруде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универитеті заман талабына сай үздік білім ордасы. ОҚМУ – Қазақстан білім кеңістігіндегі бренд, оның басты қасиеті мен бәскелестіктегі артықшылығы жоғары ғылыми және материалдық әлеует, сонымен қатар жоғары оқу орнының 71 жылдық даңқты тарихында қалыптасқан дәстүрлер болып табылады. Сондықтан университет Тәуелсіз Қазақстанның гүлденіп, өркендеуіне сүбелі үлес қоса отырып, жаңа көкжиектермен табыстарға қарышты қадам басып келеді.
А. Асанқызы,
«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл