Алматыда 7 жасар қызды өлтірген өгей шеше белгілі қоғам белсендісі болып шықты
Әлеуметтік желілерде Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікті әйел белгілі қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек екендігі туралы ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұдан бұрын 10 шілдеде Алматыда жеті жасар қыздың аса қатыгездікпен өлтірілгені хабарланған болатын. Оны өгей шешесі дәретханаға барып үлгермей, жуынатын бөлмені ластағаны үшін өлтірген.
Олардың айтуынша, әйел қызды соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін басын қабырғаға ұрған. Қатты соққыдан миына қан құйылып қайтыс болған. Қызды бағып-қаққан әжесі мен көршілері енді ұлын да жазалауды сұрап отыр.
"Карина үлкен дәретін жіберіп қойған. Содан кейін ол әйел қызды ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрған. Басы тесіліп, есінен танған. Сөйтіп, жерге бүкіл салмақпен құлаған. Сосын әкесіне "Меніңше, өлтіріп қойдым" деп қоңырау шалған. Осыған дейін 4 ай бойы тоқтамай ұрып жүргенін кейіннен білдім", - дейді Каринаның туысқан әпкесі Екатерина Закураева.
Қайғылы оқиға осыдан 3 күн бұрын Си-Синхая көшесіндегі үйде болған. Каринаның әкесі бұл жерге қыркүйек айында көшіп келген. Ал қазіргі әйелімен бірге соның үйінде 6 ай тұрып, 7 жасар қызын наурызда әкеледі. Көршілері өгей шешесімен қоса, туған әкесінің де қызды ұрып жүргенін көріпті.
"Менің балконымнан олардың терезесі көрінетін. Әкесі кішкентай қызға белбеумен ұмтылды. Содан кейін Балжан деген әйел жеткіншектің мойнынан ұстап, бөлмеге лақтырып жіберді. Байқұс қыз ұшып кетті. Кейін мен кішкентай Каринаны ауладан көрдім. Жақындап, үңіліп қарасам, қабағы жарылып, қолдары кесілген, мойнында ересек адамның алақанының ізі тұрды. Өзінен не болды деп сұрасам "Ауладағы бала қылқындырды" деп айтады", - дейді көршісі Ольга Берникова.
Туыстарының айтуынша, Каринаның әкесі ішімдік ішеді. Қыз бірінші әйелінен. 10 айлығына жеткенде туған шешесі қашып кетіпті. Содан бері хабар жоқ. Анасыз қалған нәрестені әжесі қолына алып, 7 жасына дейін баққан. Алайда осыдан 4 ай бұрын әкесі инспекторлармен келіп, қызын алып кетті дейді.
"Өгей шешесі 4 ай бойы ұрып жүрген. Ал әкесі оған мүлде мән бермеген. Өзі де ұрыпты. Олар менен немеремді тығып жүрді. Мен полицейлерге арыз жазғанмын. Бірақ ешкім қабылдамады. Прокуратураға да бардым. Түк шықпады", - дейді Каринаның әжесі Елена Закураева.
Сөйтсе қыздың әкесі Елена Закураеваның туған баласы да емес екен. Оны да 2 айлығынан асырап алыпты. Қазір ол жалдамалы жұмысшы. Нақтырақ сантехник, электрик.
"Аулада жұмыс істеп жүрген кезде ол маған хабарласып, "Қызды өлтіріп қойған сияқтымын" деді. Үйге келіп, дәрігерлерді шақырдық. Негізі азаматтық некедегі әйелім қызымды жиі ұратын. Мен жұмысқа кеткен кезде қызым үлкен дәретін жіберіп қойса ұратын. Бірнеше рет қызым екеуіміз далада да түнегенбіз. Өзінен "Не үшін ұрасың?" деп сұрасам "Енді тиіспеймін" деп айтатын", - дейді Каринаның әкесі Бәкен Закураев.
Полицейлер 1976 жылы туған әйелді ұстады. Оған қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалды.
"Алматы полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын хабарлайды. Күдікті - 1976 жылы туған Т.есімді азаматша ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бүгін сол өгей ананың есімі белгілі болды. “НеМолчиKz” қоры басшысының айтуынша, ол – Балжан Тұрлыбек. Қайтыс болған қыздың әкесі қарапайым аула сыпырушы болып жұмыс істейді, әйелінен бірнеше жас кіші екені мәлім болды.
"Жуынатын бөлмеде ұрып-соғып, өлімші етіп сабаған. Қыздың аяғы мен қолының сүйектері сынған, басы жарылған, денесінің бәрі көгерген, азаппен көз жұмған. Көршілер баланың көмек сұрап жылайтынын айтып, бірнеше рет полицияға жүгінген, соңғы рет мамыр айында тәртіп сақшылары шақырылды, бірақ Бостандық ауданының учаскелік полиция қызметкері ештеңе істемеген. Қызды құтқаруға болар еді", - деп жазды Дина Таңсәрі.
“НеМолчиKz” қоры басшысының дерегінше, қыздың анасы небәрі жеті айлық кезінде кетіп қалған, бүлдіршінді әжесі тәрбиелеген.
Алматы қалалық полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігімен тергеліп жатқанын хабарлады.
«Күдікті – 1976 жылы туған Т. есімді азаматша ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің даспасөз қызметі.