Ұлыбританияда патшайым Елизавета II бейнесіне ұқсас бұлт пен кемпірқосақ байқалды (видео)
Ұлыбритания тұрғындары Британдық Букингем сарайының үстінен патшайым Елизавета II-ге ұқсас бұлтты және король резиденцияларының үстіндегі қос кемпірқосақты байқады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Daily Mail порталына сілтеме жасап.
Әдеттегі қалпағындағы патшайымның бейнесіне ұқсайтын бұлттың суретін ағылшынның Телфорд қаласында тұратын Лиан Бетелл әлеуметтік желіде жариялады.
"Мүмкін бұл жоғарыдан келген белгі шығар, кім біледі",- деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Елизавета II қайтыс болғаннан кейін Букингем сарайы мен Виндзор сарайының үстінде екі кемпірқосақ пайда болған. Көпшілік патшайымбізді тастап кеткенін осылайша жеткізді деп топшылады.
Таңертеңнен бастап Букингем сарайының алдында жүздеген аза тұтушылар жиналған. Көпшілік резиденцияның қақпасына гүл шоқтарын әкелуді жалғастыруда. Билік Шотландиядағы Эдинбургтегі король резиденциясы Холируд сарайында жиынға дайындалуда. Елизавета II қайтыс болған Балморал сарайына да адамдар жинала бастаған. Шотландия билігі олар үшін жақын маңдағы Браемар және Баллатер ауылдарынан корольдік резиденцияға жеткізетін арнайы автобустар бөлген.
Патшайым Елизавета II-мен қоштасу үшін Шотландияға жүздеген мың адам келеді деп күтілуде. Оның денесі пойызбен Эдинбургке жеткізіледі. Табытты әйгілі Эдинбург сарайынан Холируд сарайына апаратын бірқатар көшелер бойымен апарады. Содан кейін мәйіт Лондонға корольдік пойызбен аттанады, жол бойында әр перронға құрметті қарауыл тігілмек.
Еске салсақ, Елизавета II-нің қайтыс болғаны 8 қыркүйек күні жарияланған болатын. Оның үлкен ұлы Чарльз Ұлыбританияның жаңа королі атанды.