Семейде ер адам өртке оранған пәтердегі 4 баланы құтқарып қалды
Семей қаласының тұрғыны жанып жатқан тоғызыншы қабаттағы пәтерден төрт баланы құтқарып алды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Semeynews.kz порталына сілтеме жасап.
Абай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 5 қыркүйек күні сағат 15:55-те Қарағайлы шағын ауданындағы үйдің 9-қабатында пәтер жанып жатыр деген хабарлама келіп түскен. Өрт сөндірушілер тез арада оқиға орнына шыққан.
Белгілі болғандай, бөлмеде жеке заттар жанып жатқан. Оның аумағы екі шаршы метрді қамтыған. Ведомство қызыл жалын өрт сөндірушілер келгенге дейін ауыздықталғанын хабарлады.
Өрт кезінде пәтердің ішінде 4 бала болғаны анықталды. Оларды көршісі құтқарып алған. Ер адам жанып жатқан пәтерге балкон арқылы кіргенін жеткізді. Содан кейін 1986 жылғы азамат балаларды эвакуациялық люк арқылы 8-қабатқа түсірген. Өрттің ортасында қалған балалар ауруханаға жеткізілген.