«Басы жұлынып кете жаздаған»: Жол апатынан қайтыс болған қыздың ісі түлкібұлаңға салынған

Oinet.kz 23-07-2022 1887

Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны қызын көлікпен қағып өлтірген күдіктінің бостандықта жүргенін айтады. Сөздерінше, ол 4 айы бойы комада төсек тартып жатқан жасөспірімнің жағдайын да сұрамаған. Ал полицейлер жүргізушіні тергеуден кейін жібере салған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Айбат" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Screenshot_6.jpg

Қайғылы оқиға жасөспірімнің анасының көз алдында болған. 16 жастағы қыз жаяу жүргіншілер жолағымен жолдан өтіп бара жатқанда, зулаған көлік қағып, 55 метрге ұшырып жіберген. Салдарынан Қымбат Яқсанова 8 айдан кейін көз жұмған. 

"Соққының қатты болғаны сонша, қызымның басы жұлынып кете жаздады. Мойын омыртқасы зақымдалып, ашық бас жарақатын алды. Иығынан жарақат алып, белі сынған, аяғы екіге бөлініп қалды. Қызымды өлімші күйде тастап кетті",- дейді марқұмның анасы Нигар Шалқарбай.

Жүргізуші зардап шеккен қыздың жағдайын сұрап келмеген. Тек тергеу кезінде ғана төбе көрсетіпті. Алайда полицейлер күдіктіні жібере салған. 

"Қазір жұмысын істеп, бостандықта жүр. Танысы бар, ақшамен жауып отыр. Қазір кімге ақша болса, сол заң болады. Неге істі қозғамайды? Неге шындықты шығармайды?",- деді әкесі Өтемұрат Мұханов. 

Ал қылмыстық істің жабылуына күдіктінің жыл басында рақымшылыққа ілінуі себеп болған. 

"Ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататындықтан, іс Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 35-бабы, 1-бөлігі, 3-тармағына сәйкес тоқтатылды",- деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. 

Жасөспірім оқиғадан 8 айдан кейін, мамырда көз жұмғандықтан, полицейлер істі қайта қараған. Сот-медициналық сараптама тағайындалыпты. Алайда сарапта жүргізілгелі 2 айдан астам уақыт өткен. Әділдік іздеген Мұхановтар отбасы 34 жастағы күдікті жазасыз қала ма деп қорқады. 

«AMANAT»: Облыстық «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы Сайрамнан басталды
Ақтауда жол апатынан үш адам ауруханаға жеткізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу