«Аң деп адам атып өлтірді»: СҚО-да орын алған жантүршігерлік оқиғаның ақ-қарасы ашылмай отыр

Oinet.kz 21-07-2022 912

Солтүстік Қазақстанда жидек теруге барған әйел аңшының оғынан қайтыс болған. Елді елең еткізген оқиға СҚО-дағы Жамбыл ауданында орналасқан Бауман станциясында болды. Құзырлы органдар күдікті ретінде Сергей Лосеняны бірден қамауға алды. Қазір қылмыстық іс тергелуде. Ал марқұмның туған-туыстары Алтынай Мұздақбаеваны ауылдың учаскелік инспекторы атқанына сенімді. Олар нағыз қылмыскер жауаптан сытылып кетеме де алаңдайды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Screenshot_5.jpg

«ЖАЗЫҚСЫЗ АДАМ ТҮРМЕДЕ ЖАТЫР...»

51 жасында қайтыс болған Алтынай Мұздақбаеваның туған-туыстары жазықты адам бостандықта жүргеніне ешқандай күмән келтірмейді. Олар қылмыскердің жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін екенін айтып, шағымданып отыр. Айтуынша тергеу айқын көрініп тұрған фактілерге көз жұма қарап отыр. Ал түрмеде жатқан күдікті Сергей Лосеняның еш жазығы жоқ.

Оқиға 11 шілде күні болған еді. Далада жалғыз өзі жидек теріп жүрген әйелді аңшылар аң деп ойлап қалған-мыс. Мылтықтан атылған оқ Алтынай Мұздақбаеваның оң жақ иығына тиген.

Әсет Байжиенов жаралы күйінде егістік алқабында жатқан Алтынай Мұздақбаеваны алғашқылардың бірі болып тауып алған. Ауыл тұрғындарының айтуынша оқ тигеннен кейін марқұм ең жақын құрбысына телефон шалып, жағдайды баяндаған. Бірақ өзінің қайда екенін айтып үлгермепті. Жағымсыз хабар ел ішінде тез тарап, ауыл тұрғындары бірден Алтынай Мұздақбаеваны іздеуге кіріседі.

«Алқап жанындағы дөңде көлік тұрды. Рөлінде Лосеня отыр. Түрінен шошығаны айқын көрініп тұр. Учаскелік инспектор Қабай да болды сол жерде. Алтынай оң жақ иығын ұстап отыр. Қатты қиналған болса керек. Жаныма учаскелік полицей келіп, «әйелді көлігіңе отырғызып, ауруханаға апар» деді. Мен қорқып кетіп, бас тарттым. Бетінің бәрі қан. Полицей маған 2 телефон ұсынды. Мен қолыма алмадым. Өзім үшін қорықтым», - дейді Бауман ауылының тұрғыны Әсет Байжиенов.

ДЕР КЕЗІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТІЛМЕГЕН

Кісі өлімі бойынша басты күдікті Сергей Лосеня мен ауылдың учаскелік инспекторы жаралы адамды көргенде неліктен полиция шақырмады? Дәл сол сәтте екеуі де қылмыс орнында болған. Бұл фактінің күдік туғызары анық. Ал марқұмның туыстарының өзегін өкініш өртейді. Айтуларынша Алтынайға дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, аман алып қалуға болатын еді. Зәбірленушінің көп қан жоғалтқаны да анық. Сол күні полция қызметкері мен күдіктіні көргендер екеуінің де мас болғанын айтып отыр.

«Учаскелік инспектор Алтеев Қабай Абайұлы әкеме «шулатпай қоя сал» деген өтініш жасады. Бәрін тып-тыныш қана, өзара шешейік дейді. Анам енді жоқ, оны қалай ғана тып-тыныш шешесің? Жаралы адамға бірден көмек көрсетуіне болатын еді. Бірақ олай жасамады. Атып, арттарынан барлық ізді жасыруға кетті. Қару-жарақ, оқ-дәрілерді тығып тастаған. Содан кейін ғана жараланып жатқан адамның жанына келген», - дейді марқұмның баласы Алтынбек Сайлауов.

Ауыл фельдшері марқұмды аман алып қалуға тырысқан. Ол Мұздақбаеваны көлікпен аудандық ауруханаға апарғанда жанында болған. Алайда көп қан жоғалтып, жолда жан тапсырыпты. Қайғылы оқиғаның ізін суытпай, құқық қорғау органдары бірден жалғыз күдікті ретінде танылған 65 жастағы тұрғын Сергей Лосеняны ұстады. Басында ер адам оны атпағанын мәлімдеген, бірақ тергеудің екінші күнінде ол барлық кінәні өз мойнына алған. Бауман тұрғындары мен марқұмның туыстары бұған сенбейді.

Ольга Федорченко күдіктімен 10 жыл бірге тұрған. Әйелдің айтуынша, соңғы 7 жылда жолдасының көру қабілеті нашарлаған. Сондықтан көпшілік оның аңшылыққа барғанына сенбейді. Соңғы кездері Сергей Лосеня жалғыз тұрған. Екі баласы облыс орталығында. Ауыл тұрғындарының айтуынша құқық қорғау органдары үшін ол өте «ыңғайлы» күдіктіге айналды. Адам өлімінен кейін ауылға бірден аудан прокуроры келген. Аталған кездесуден кейін ауыл тұрғындары Лосеняның түрмеден шығып, нағыз күдікті қамауға алынатынына сенімді болған. Бірақ олай болмай шықты.

«Олар өз іздерін жасырып үлгерді. Қару атылған жер де белгілі. Қаладан Сергейдің балалары келді. Ауданннан криминалистер келуі керек еді, бірақ олар болмады. Бізге ештеңе айтпай отыр. «Кінәні мойнына алды» дейді. Қалайша алады? Неге олай істеп отырғанын біз білмейміз», - дейді Ольга Федорченко.

МЫЛТЫҚ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ

Қылмыс құралы, яғни мылтық әлі күнге іздестірілуде. Күдікті бірнеше рет тергеу экспериментіне әкелінді. Ол қаруды көлге лақтырғанын айтқан. Судан оны бірнеше күн іздеген сүңгуірлер ештеңе таппады. Ал қайтыс болған әйелдің күйеуі Ғалымжан Мұздақбаев бас прокуратураның тәуелсіз тергеу жүргізгенін талап етіп отыр.

«Біздің талап ететініміз – тек қана әділдік. Лосеня оны өлтірген жоқ. Оны учаскелік инспектор атқан. Астанадан адамдар шақыртылсын. Жамбыл ауданының полициясында әділдік жоқ. Бір аптадан бері ешқандай нәтиже жоқ. Күніміз жылаумен өтіп жатыр. Олар екеу болған. Лосеня жай ғана жүргізуші. Ол үнемі көлік жүргізетін. Енді бәрін соның мойнына артып отыр. Өйткені полиция басшылығының барлығы инспектор үшін жауап беруге міндетті болады», - дейді Ғалымжан Мұздақбаев.

«Алтынай Мұздақбаеваның қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тиісті мәліметтердің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін ҚР ҚІЖК 24-бабының талаптарын қамтамасыз етуде барлық шаралар қабылдануда. Барлық дәлел, куәгерлердің барлық айғағы сотқа дейінгі тергеу, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша тексеріледі. Іске қатысы бар барлық адамның іс-әрекетіне бағала беріледі», - дейді СҚО Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов.

Сотқа дейінгі тергеу абайсызда адам өлтіру фактісі бойынша жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғыны кінәлі деп танылса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқушылардың жазғы демалысы қысқарады - Оқу-ағарту министрлігі
Дендросаябақтағы өрттен ағаштарға зақым келген жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу