«Еңбекақыны көтергісі келмейді»: Қарағанды облысында шахтерлер ереуілге шықты
Қарағанды облысының Шет ауданындағы "Нова цинк" ЖШС "Ақжал" кенішінің кеншілері жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілге шықты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Патриот" телеграм-арнасына сілтеме жасап.
"Жалақы көп жылдар бойы бұрынғы деңгейде қалып отыр. ЖШС басшылығы еңбекақыны көтергісі келмейді. Жұмысшылардың бәрінде отбасы, балалар, несиесі бар, ақша жетпейді", – дейді жұмысшылар.
Жұмысшылар бұдан бөлек тозған жабдықтарға, жеке қорғаныс құралдарының жетіспеуіне де шағымданды.
Шет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Қарсембаев кеншілермен әңгімелескен. Олардан жұмыс орнына баруды сұрап, кәсіпорын басшылығымен келіссөз жүргізуге уәде берді. Сондай-ақ келіссөздерге аудан прокуроры Елдос Жаппар қатысып отыр.
Әкімдік 20 шілде күні кешке ереуіл аяқталғанын хабарлады.
"Келіссөз жүргізілді, ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімдер бар. Қалған мәселелер 3 тамызға дейін шешіледі", – деп хабарлады әкімдік.